Қоғам

Тағылымды мерекенің тартуы

Written by Aray2005

Әз Наурызда Тараз қаласында «Жастар» аллеясы ашылды

Тотыдай түрленіп, күн сайын жаңғырған Тараз қаласы тұрғындарының есінде биылғы Наурыз тойы ұзақ сақталатын секілді. Расында Самарқанның көк тасы жібіп, күн мен түн теңелетін көктем мерекесі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен осымен екінші жыл қатарынан тоғыз күн тойланып, мерекенің думаны ауыл-аймақты зор шаттыққа кенелтті. Ұлыстың ұлы күні игі істердің бастауына айналды. Бұған дейін Тараз қаласындағы орталық «Достық» алаңында тойланып келген Наурыз тойы биыл жаңғырған «Жастар» аллеясын дүбірге бөледі. Дәл осы күні қала тұрғындары мен қонақтары мерекемен бірге «Балқарағай» емдеу-сауықтыру орталығы, «Жастар» аллеясы сынды бірқатар нысандардың ашылу салтанатының куәгері атанды.

Әуелі Т.Рысқұлов атындағы орталық саябақтан «Балқарағай» емдеу-сауықтыру орталығы ашылды. Өңірдегі тұңғыш фитобардың ашылуына көпшілікпен бірге облыс әкімі Асқар Мырзахметов те қатысты. Алдағы уақытта орталықта тұтынушыларға арналып емдік өсімдіктерден дайындалған тағамдар мен сусындар, денсаулықты жақсартатын диеталық өнімдердің түр-түрі ұсынылады. Өңір тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен фитобар ашу жобасын облыс басшысының идеясымен жеке кәсіпкер Қадырхан Абдуллаев қолға алған.
«Балқарағай» емдеу-сауықтыру орталығының ашылу салтанатына қатысқан қонақтар мұндағы емдік сусындардың дәмін татты. Ал сала мамандары жиналған көпшілікке емдік сусындардың денсаулыққа тигізер пайдасы турасында әңгімеледі.
– Фитобардың мәзірі негізінен шөптен жасалған тағамдар мен салаттардан тұрады. Мұндай орынның ашылуының өзіндік себептері де бар. Өкінішке қарай, қазір әртүрлі аурулар бойынша диспансерлік есепте тұратын өңір тұрғындарының қарасы қалың. Оларды емдеу кезінде дәрі-дәрмектермен бірге, шипалы шөптерді де қолдануға болады. Ал «Балқарағай» емдеу-сауықтыру орталығына келген тұтынушыларға емдік шараларды арнайы мамандар тағайындайды. Сондай-ақ мұнда ем алушыларға терапевт, педиатр сынды білікті мамандар кеңес береді, –
деді фитобардың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жаманқұлов.
Фитобардағы емдік шараларда тек сертификатталған және тәжірибелі мамандар әзірлеген шипалы шөптер ғана қолданылады. Сонымен бірге «Балқарағайға» емдік шөптерді отандық нарықтағы дәрі-дәрмек өндірісінің жетекшісі саналатын «Зерде-Фито» фармацевтикалық компаниясы жеткізіп береді.
– Емдеу шараларына қолдану мақсатында бізге әкелінген әрбір шөп түріне зертханалық талдау жүргізіледі. Талдау оң нәтиже көрсеткен жағдайда ғана шикізат қайта өңдеуге жіберіледі. Дәрілік шөптер дайын болғаннан кейін де мамандар олардың құрамын, маркасын, атауын тексеріп барып сатылымға шығарады, – дейді «Зерде-Фито» компаниясы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Мақсат Жұматаев.
Айта кету керек, фитобар қызметін тұтынушыларға осындағы арнайы ақпараттық киоскілер арқылы емдік шөптердің таралу аймағы, қасиеттері, олардың қандай дертке дауа бола алатындығы туралы мәліметтермен танысу мүмкіндігі берілген. Ал әрбір үстелде қойылған планшеттерден тұтынушылар фитобардың электронды мәзірін қарап, тапсырыс беріп, тапсырыстың сомасын да біле алады .
Мұндағы емдеу шараларында 100-ден астам шөп түрі пайдаланылады. «Балқарағай» емдеу-сауықтыру орталығында 30-35 адам жұмыс атқарады. Білікті мамандар тәулігіне 150-200 адамға қызмет көрсете алады.

Жастар жылына теңдессіз тарту

Ұлыстың ұлы күнінде «Жастар» аллеясында «Ұлы дала ұландары» стеласы, «Білім» алаңы, «Jastar» қабілет орталығы, «Кітап» ескерткіші және «Сахна» алаңшасы сынды нысандар халық игілігіне берілді.
Бұрын тараздықтар арасында «Махаббат» аллеясы аталып келген нысанды жаңғыртып, «Жастар» аллеясына айналдыру ісі облыс әкімі жанындағы қала құрылысы кеңесінде мұқият қарастырылған. Мұндағы әрбір нысанға жергілікті мердігер компаниялар өз үлестерін қосты. Аллея аумағындағы тал-дарақтар күзеліп, ретке келтіріліп, жарықтандыру желілері орнатылды. Саябақ аумағына «wi-fi» желісімен қамтамасыз етілген заманауи орындықтар да қойылды. «Жастар» аллеясының бір бөлігі «Махаббат» бұрышы аталып, мұнда да қала көркін ашатын композициялар сап түзеді.
Аумағы 6 гектар болатын аллеяда жастардың бір мезгіл тыныстап, бой жазуына, емін-еркін әңгіме-дүкен құруына бар жағдай жасалған.

«Ұлы дала ұландары» стеласы

«Жастар» аллеясында алғашқылардың бірі болып «Ұлы дала ұландары» стеласының алқызыл лентасы қиылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Асқар Мырзахметов, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық ардагерлер кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қала тұрғындары қатысты.
Жиында жас ақын Нұржан Қадірәлі өлең оқып, мереке күні жамбылдық жастарға жасалған теңдессіз тартуы үшін өңір басшысына ризашылығын білдірді.
«Ұлы дала ұландары» аталатын стеланың биіктігі 15, ені 3,5 метрді құрайды. Оның бір жақ бетіне қазақ батырының, ал енді келесі бетіне қазақ аруының бейнесі бедерленген. Батыр мен арудың бейнесі образды түрде кескінделген. Стела маңындағы тақтайшада бұл нысанның елі мен жерін шексіз сүйген жастарға арналып қойылғанын айшықтайтын сөздер қашалып жазылған.

«Білім алаңы» білгірлер алаңына айналады

«Жастар» аллеясының оқу орындарының ғимараттары орналасқан ортаңғы бөлігінен «Білім алаңы» аталатын нысан бой көтерді.
Амфитеатр үлгісінде салынып, биік колонналардың қоршауында тұрған алаңшаның жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар көрермендер үшін 600 орындық орналасқан. Биік бағаналардың маңдайшасында білім-ғылым туралы афоризмдер латын қарпіне негізделген қазақ тілінде жазылған. Ал амфитеатрдың орындықтарымен жоғары қарай Мұхаммед Хайдар Дулати ескерткішіне көтерілетін баспалдақтардың жақтауларына көне шаһарымыздың атын әлемге танытқан әл-Таразилардың мүсіндерін қою жоспарланған. Бүгінгі күнге тарихшылармен жүргізілген арнайы зерттеу, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде қазақтың арғы-бергі тарихында «әл-Тарази» атанған 48 тұлғаның болғаны анықталған.
«Білім алаңы» Тараз қаласында әр жыл сайын аталып өтілетін «Білім күні» салтанат құратын алаңға айналмақ. Сондай-ақ алаңда ара-тұра Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды ақын-жазушылардың оқуларын дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарда бар. Мұнан бөлек «Білім алаңында» интеллектуалды бәйгелер мен пікірсайыстар да өтетін болады.
Ұлыстың ұлы күнінде ұйымдастырылған нысанның ашылу салтанатында Тараздан шыққан ғұламалар жайлы театрландырылған қойылым көрсетіліп, білім саласында облысымыздың атын шығарып жүрген оқушылар сап түзеді.

«Jastar» қабілет орталығы

Келесі сәтте «Жастар» аллеясында Наурыз-думанға жиналған көпшілік «Jastar» қабілет орталығының ашылу салтанатына қатысты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бір топ қонақтарға жаңа нысан жұмысын «Табыс жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ІT маманы Нұрсұлтан Тұрысбек таныстырды. Ол алдымен ғимараттың кіреберісінде орналасқан көрнекіліктер мен стендтерге тоқталып өтті. Маман мұндағы дүниежүзінің картасы, Тараз қаласының архитектуралық әсем жерлері, сол жақ қабырғаларындағы «Цифрлық Қазақстан» стендтері туралы баяндады. Ал нысандағы LED экран арқылы жастарға қолдау көрсету мақсатында қолға алынған жобалар, мемлекеттік бағдарламалар туралы бейнероликтер көрсетілді. Сондай-ақ ғимарат сөрелерінде тұрған түрлі саладағы кітаптардың да таныстырылымы өтті.
«Табыс жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен бой көтерген орталықта жастардың алаңсыз ізденуіне барлық жағдай жасалған.
– «Jastar» қабілет орталығының жобалық құны 47 миллион теңгені құрайды. Ал нысанның жалпы аумағы 288 шаршы метр. Орталықта 16 адамға арналған «Коворкинг» залы мен 40 адамға арналған асхана жұмыс істейді. «Коворкинг» залында 8 ноутбук қойылған. Кешен толығымен «Wi-fi» желісімен қамтамасыз етілген. Студенттер кітап сөрелерінен қажетті оқулықтарын алып, курстық жұмыстарын, рефераттарын жаза алады. Жастар жылына орай жастарды қолдау мақсатында бой көтерген орталық олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға үлкен әсерін тигізеді деп күтілуде», –
дейді Н.Тұрысбек.
Нысанның ашылу салтанатында Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Ақнұр Алпысбай сөз алып, Жастар жылында жамбылдық өрендерге заманауи орталық ашып берген облыс басшылығына өз алғысын білдірді.

«Кітап» стеласы кемелдікке шақырады

Мереке қарсаңында «Жастар» аллеясында пайдалануға берілген келесі орын – «Кітап» стеласы. Стелада алып «Кітап» ескерткіші орналасқан. Ал нысандағы шағын тақтайшаға: «Кітап – білім бұлағы» деген аталы сөз айшықталып жазылған. Стеланың екі жағына шағын кітаптар тізбегі қойылған.
Ашылған кітап кейпіндегі ескерткіштің қос парақ пішініндегі беттеріне қазақ даласынан шыққан даналардың, ғалымдардың, ұлт қайраткерлерінің білім, ғылым турасындағы орамды ойлары мен тағылымды сөздері қашалып жазылған.

Сахна мен салтанат

Мұнан соң көпшілік «Жастар» аллеясындағы алып сахнаға қарай ағылды. Ашық аспан астындағы сахнаның ұзындығы 20 метр, жалпақтығы 9 метр. Сахнаның артқы жақтауына гранит тастан ойылған сегізбұрышты композиция нысанға тартымдылық сыйлайды. Сол жақтауға орналасқан көлемді LED экран сахнаның сәнін келтіріп тұр. Бұл экранда күндізгі уақытта түрлі жарнамалар мен әлеуметтік роликтер көрсетіледі. Қас қарая бұл сахна автокинотеатрға айналады. Мереке аясында сахнада алғаш рет Ұлыстың ұлы күніне арналған концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты сәтте сахна төрінен табылған облыс әкімі Асқар Мырзахметов Жамбыл жұртшылығын меркемен құттықтады.
– Әз Наурыз елдің тыныштығы мен татулығын нығайтатын мереке. Міне, осының барлығын ескере келе, біз өткен жылдан бастап әрбір күнге атау беріп, наурызды 9 күн қатарынан атап өтіп, мерекелеуді жөн санадық. Мысалы, «Мейірім күні» тұрмысы нашар отбасыларға, жеке азаматтарға қамқорлық көрсетілді. «Алас күні» тазару мен тазалыққа мән берілді. «Тағзым күні» аға ұрпақтың ерлігі мен еңбегіне құрмет көрсетілді. Осы сынды әрбір күннің мағынасы бар.
Дәл осы кеудені шаттық кернейтін мерекеде біз жамбылдық жастарға арналған арнайы аллеяны ашуды жөн көрдік. Бүгін «Жастар» аллеясында бірқатар нысандардың ашылуының куәсі болып отырмыз, – деген облыс әкімі Асқар Исабекұлы «Жастар» аллеясының құрылыс жұмыстарында уақытпен санаспай тер төккен мамандарға алғысын білдірді
Сондай-ақ көпшілікті облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік те құттықтады.
«Жастар» аллеясының ашылуына орай Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» бөлімін айшықтайтын театрландырылған көрініс қойылды. 700-ге жуық өнерпаздың қатысуы­мен «Көктем» хореографиялық компози­ция­сы және домбырашылар, қобызшылар, дауыл­паз­шылардың қатысуымен күй орындау шеберліктерін көрсететін композициялар ұсынылды. Сондай-ақ мереке құрметіне Қазақстанның эстрада жұлдыздары Бағдат Сәмединова, Әділ мен Дана, Алишер Каримов, Серікбол Сайлаубек және Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншілері әсем әннен шашу шашты.
Бұл күні Ы.Сүлейменов көшесі, Абай даңғылы, Төле би даңғылы мен Желтоқсан көшелерінің қиылыстарында қазақы ауыл пайда болды. Абай даңғылының бойына тігілген тоғыз киіз үйде көпшілікке арналып ақ дастарқан жайылды. Сонымен қатар Ы.Сүлейменов көшесінің бойында орналасқан шатырлар мен ашық аспан астында жайылған дастарқаннан барша қала тұрғындары мен қонақтары дәм татып, мәре-сәре болып жатты. Мұнда барлығы шамамен 5 мың адамға наурыз көже үлестірілді. Ал Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта ұлттық спорт ойындарынан жарыс ұйымдастырылып, мереке маңызы айшықтала түсті.

Дайындаған
А.Өзбекова, Ш.Күзекбаев

ПІКІР