Мәдениет

Тағылымға толы тоғыз күн

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы Наурыз тойының әсері тіптен бөлек. Облыс басшысының ұйғарымымен ұлық мереке Жамбыл жерінде тұңғыш рет тоғыз күн қатарынан тойлануда. Сонымен қатар, әр күнге ат қойылып, айдар тағылуы да әз Наурыздың мән-маңызын арттыра түскендей. Сонымен тағылымға толы күндердің тынысы қандай болды?

«Көрісу»

Биыл Наурыз мейрамын әулиеаталық әлеумет 14 наурызда, дәл осы «Көрісу» күнінен бастап кетті. «Баласағұн» орталық концерт залының алдына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақышта киінген жұрт бір-бірімен төс түйістіре қауышып, қол алыса көрісіп, Тәңірден құт тіледі.
Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен сахналық қойылым мерекелік шараның шымылдығын ашты. Облыстық драма театрларының әртістері сақ дәуіріндегі Тұмар ханшайымның жауды жеңіп келген ұлы Спаргаписпен қауышқан сәтін шебер сахналады. «Бүгінгі күнді «Көрісу» күні деп жариялаймын. Ана мен бала, азамат жарымен табыссын. Табысыңдар, қауышыңдар халқым! Бұл Әлім-Сақтан қалған дәстүр деңдер!» деп ханшайым өзі бастап қалың жамағатпен құшақ айқастыра көрісті. Күн мен түннің теңелгеніндей бай мен жарлы демей, барша жұртшылық бір-бірімен емен-жарқын көрісіп, «Ұлыс оң болсын!» деп тілектерін жаудырды.
Көрісуге жиылған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Еркінбек Солтыбаев:
–Қыстан аман шыққан ел жақсы пейіл, ізгі амал, ақ ниетті тілекпен қарсы алатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз құтты болсын, ағайын! Міне, биыл біздің Жамбыл өңірі әз Наурызды айдың 14-ші күнінен көрісу салтымен бастады. Тоғыз күнге созылатын мерекеміз игі істерге негізделіп отыр. Көп ұлтты еліміздің ынтымағы ыдырамай, өркениет биігіне бірлікпен жетейік! – деп ақ тілегін жеткізді.
Көпті көрген абыз ақсақал Нұрмахан Тілегенов ел мен жерге ырыс, тыныштық тілеп, батасын берді.
Алқалы жиында Жамбыл өңірін мекендеген өзге ұлт өкілдерінің этномәдени орталықтары өз өнерлерін көрсетіп, мейрам облыстық филармония өнерпаздарының концертімен жалғасты.

«Мейірім»

15 наурызға белгіленген «Мейірім» күнінің де шарапаты мол болды. Осы күні Тараз қаласының «Шалғай Қарасу» аумағында орналасқан №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығындағы мерекелік шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Думан кезінде 300-ден астам адамға ақ дастархан жайылды. Ұлттық нақышта ән шырқап, би билеген, жырдан шашу шашып, ағынан жарылып ақ батасын берген өнерпаздар мен ақ жаулықты әжелер шараны шаттыққа бөлеп, келушілердің көңіліне қуаныш ұялатты. Меймандар жеті дәмнен дайындалған Наурыз көжеден дәм татып, жыл басында бір-біріне ізгі тілектерін айтты.
Айта кетсек, іргесі 1964 жылы қаланған №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында бүгінде 3-18 жас аралығындағы 92 бала тәрбиеленуде. Оларға 8 бағытта әлеуметтік-медициналық қызмет көрсететін мекеменің 154 қызметкері де мерекелік шараға бір кісідей атсалысты.
Мәуелі мейірімге толы бұл күндегі шаралар аудандарда да жалғасын тапты. Мәселен, Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылындағы қайырымдылық дүкенінде аудандық «Жастар ресурстық орталығы», жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және орталық мешіт қызметкерлерінің қолдауымен «Қайырымдылық – адамгершілік белгісі!» атты игі шара ұйымдастырылды. Шара барысында аз қамтылған және көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен 10 отбасыға азық-түліктер берілсе, аудандық мешітке түскен қой еті 7 отбасына таратылды.
Ал, бұл күні Талас ауданының әкімдігі мен бөлім басшылары аудандық перзентханаға арнайы ат басын бұрып, нәрестелі болған аналарды құттықтады. Сонымен қатар, бүгінде 96 бала тәрбиеленіп жатқан «Үміт» мектеп-интернатының бүлдіршіндеріне сыйлықтар үлестірді.

«Тағзым»

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейтін текті халықтың Ұлыстың ұлы күнінде осындай ниетке қадам басуының астарында ұлт мүддесі үшін жанын қиып, Отан үшін кеудесін оққа тосқан бабалар рухын асқақтату мен өскелең ұрпаққа егер тәлімді тәрбие тағылымы жатыр.
Бұл күні Тараз қаласындағы «Даңқ» мемориалы маңына жиналған жастар шоғырының қарасы әдеттегіден қалың болды. Бабаларымыздың тағылымды ісі мен өнегесін өмірлік парыз санайтын кейінгі буын өкілдері игі шарада тұлғалар рухына тағзым етіп, ерлігіне бас иді. Шұғыла шашқан шуақты күнге шүкірлік айтып, «Даңқ» мемориалына гүл шоқтарын қойды.
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының аға инспекторы Гүлжан Байтанаева айтулы мерекенің осындай ізгілікті істерден бастау алуының жастар үшін тәрбиелік мәні зор екенін айтады.
– Бүгінгі шараға белсенді жастармен бірге студенттер қауымы да кеңінен тартылды. Жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, туған жерге, өскен елге деген айрықша құрметті қалыптастыру мемлекеттік жастар саясатының басты бағытының бірі. Біз осы шара арқылы өскелең ұрпаққа бабалар ерлігін насихаттап, олардың өмірлік ұстанымын дәріптеуді мақсат тұттық, – дейді Гүлжан Қалиқызы.
Негізінен, бабалар рухына тәу ету ерлік иесін есте сақтаумен қатар, елдіктің ерен белгісі, өнегенің үлкен үлгісі. Бұл – перзент үшін парыз, қоғам үшін қажеттілік.
Бір айта кетерлігі, ұрпақ үшін тәрбие мен танымның тіні саналатын нақ осындай патриоттық шара шаһардағы «Мәңгілік алау», Б.Момышұлы, А.Сухамбаев, Ы.Сүлейменов ескерткіштері мен «Жеңіс» стеласында да бір мезетте өтті. Сондай-ақ, тағылымды шаралар тізбегі барлық ауданда да көрініс тапты.

«Алас»

Ұлыстың ұлы күнінде ат шаптырып, той тойлап қана қоймай, есті ұрпаққа өнеге болатын игі шараларды өткізу де дәстүрге айналып келеді. Осы орайда, 17 наурыз – «Алас» күні аясында қоғам өкілдері мен мемлекеттік қызметшілердің, жастардың қатысуымен облысымызда жалпыхалықтық сенбілік өтті.
Облыс орталығындағы сенбілікке барлығы 8 900 адам қатысып, 6 100 түп ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл іске 60-тан аса техника жұмылдырылып, 12 шақырым арық тазаланды және 430 тонна қоқыс шығарылды. Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің аумағында 180 түп көшет бой көтеріп, өнегелі істің басы-қасында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі болды. Асқар Исабекұлы алдағы уақытта бұл көшеттерге жан-жақты күтім жасалатынын жеткізді.
Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, еңбек ардагерлері жиналған көпшілікті Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесімен құттықтап, тазалық жұмыстары жүйелі түрде жалғасын тапса деген тілектерін айтты.
Елді мекендерді көгеріштендіру, санитарлық тазалық жұмыстары аудан орталықтарында, ауылдық округтерде де жалғасын тапты. Мәселен, Байзақ ауданында өткен сенбілікке барлығы 4 784 адам қатысты. Оның барысында 120 түп ағаш көшеті отырғызылып, 19,4 шақырым арық-атыз тазартылды. Сондай-ақ, 7 ескерткіштің аумақтары тазаланып, тас-тұғырдың кем-кетіктері қалпына келтірілді.
Сарысу ауданында да «Алас» күніне орай аудан әкімінің қатысуымен «Сарысу — саялы мекенім» акциясы аясында сенбілік өтті. «Еңбек ерлері» аллеясындағы акция барысында сөз алған аудан әкімі Балабек Нарбаев шараның маңыздылығына тоқталып, аудан жұртшылығын Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесімен құттықтады.
–Бүгін Жаңатас қаласының тұрғындары, аға буын өкілдері мен жастары жұдырықтай жұмылып, игі бастаманы қолға алып отыр. «Әуелі Тәңірі жерге береді» деген халық даналығын ескерсек, табиғатқа құрметпен қарап, аялай білу баршамыздың азаматтық борышымыз. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, маңайдың бәрін тазартып, жас өскін — тал егу, бұлақ көздерін ашып, ағаштарды суару — өмірдің қайнар көзі. Демек, осындай сенбілік шаралары бүгінгімен тоқтамай, алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретініне сенімім мол, – деді Балабек Жанбакұлы.
Сенбілікте қала көшелері күл-қоқыстан тазартылып, 1 мыңға жуық сәндік ағаштар отырғызылды.

«Наурыз шашу»

«Наурыз шашу» күніне арналған мерекелік шаралар Тараз қалалық мәдениет үйінен бастау алды. Бұл күні көпшілікке «Ұлттық мереке – ұрпаққа өнеге!» атты концерттік бағдарлама ұсынылды.
Шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қатысып, жиналғандарды әз Наурыз мерекесімен құттықтады.
Одан кейін «Дулати жастары» халықтық студенттер театры Ұлыстың Ұлы күнінің шығу тарихынан сыр шертер қойылымды сахналады. Сондай-ақ, «Ардагерлер» хор тобы, «Асыл аналар» , «Жас дәурен», «Бозторғай», «АРТ-Мерей» ансамбльдері мен Нұрай Ғаниқызы, Нұрбол Дүйсенқұл, Сымбат Шахаева, Ақтөре Асқар, Аяжан Орынбасар сынды өңірдің өнерпаздары әннен шашу шашты.
Мерекелік бағдарламаға қала тұрғындары мен қонақтары ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Осы күні ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Ы.Сүлейменов көшесінің бойында жәрмеңке өтті. Жәрмеңкеде жалпы құны 74,5 миллион теңгені құрайтын 139,9 тонна ауылшаруашылық тауарлары ұсынылып, олар нарықтық бағасынан 10-20 пайыз төмен сатылды.

«Ынтымақ»

Тараз қаласындағы «Достық» үйінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Достық фестивалі» өтті.
Береке-бірліктің байрағын биіктеткен шарада түрлі этнос өкілдерінің салт-дәстүрлері көрсетіліп, ұлттық әндер шырқалды. Сондай-ақ, өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелері сумалак ұлттық тағамын көпшілікке ұсынды.
Сондай-ақ, осы күні «Баласағұн» орталық концерт залында облыстық «TARAZ аруы-2018» байқауы өтті. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен сұлулар сынына 16-23 жас аралығындағы 11 ару қатысып, бірнеше аталым бойынша бақтарын сынады.
Сайыс қорытындысында қазылар алқасының шешімімен «TARAZ аруы-2018» байқауының тәжін Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Диана Рыстаева иеленді. Ал, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Айгерім Әкімжан «І вице-ару», Жамбыл медициналық колледжінің білімгері Айгерім Сейдуалиева «ІІ вице-ару», Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті атынан қатысқан Әсем Смағзанова «ІІІ вице-ару» атанды. Бұдан бөлек, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің намысын қорғаған Зарина Шамаева «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды.
«Ынтымақ» күні аясында Тараз қаласындағы 11 аумақтық округте де игілікті шаралар көрініс тапты. Мұнда әрбір округ басшылығы аумаққа қарасты мейрамханаларда наурыз көже таратып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізді. Сондай-ақ, мерекелік кешке жиналғандарға жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұсынылып, көп балалы аналар мен тазалық жұмыстарына белсене атсалысқан кварталдық комитет төрағалары марапатталды.

«Шаттық»

Кеше өткен «Шаттық» күнінде де шырайлы шаралар кеңінен ұйымдастырылды. Солардың бірі — Тараз қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйытқы болуымен өткен «Наурыз FEST» кешенді шарасы. Мұнда шаһардағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен жас мамандар ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты көрініс қоюдан өз өнерлерін ортаға салды. Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысты.
Байқау нәтижесінде Жамбыл политехникалық жоғары колледжі бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды «Тараз – болашақ» колледжі еншілесе, үшінші орынға М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті лайық деп танылды. Сондай-ақ, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, мазмұнын ашуға бағытталған көріністерді қойған бірқатар командалар «Ұлттық дәстүрді ұлықтаушылар» номинациясымен марапатталды.
– Байқауға қатысушылар үлкен дайындықпен келгені көрініп-ақ тұр. Десе де, ұлтымыздың салт-дәстүріне қатысты қойылымдарды тамашалауда маған «Ұйқыашар» көрінісі ерекше ой салды. Өйткені, «Ұйқыашардан» басқа салт-дәстүр, жөн-жоралғылармен көбіміз күнделікті тұрмыста кездесіп жүргендіктен, қыз ұзатып, келін түсірудің не екенін білеміз. Жалпы, бүгінгі сайысты тамашалаған жастар Ұлыстың ұлы күні түнде қыздар «Ұйқыашар» дәмін дайындап, жігіттерге, ал ұлдар қыз балаға «Селтеткізер» сыйлық ұсынатынынан хабардар болды деп ойлаймын. Негізінен, бұл дәстүр 21-нен 22-не қараған түні көпшілік кірпік қақпай таңды күтетін болғандықтан, қыздардың жігіттер қалғып кетпесі үшін дайындайтын «Ұйқыашар» атты ас мәзірі атауынан туындаған дейді, — «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шарапат Сүйімқұл.
Бұдан бөлек, мерекелік шарада қазақтың салт-дәстүрлерінен викториналық ойындар жүргізіліп, асық ату, қол күресі, кір тасын көтеру, арқан тарту секілді спорттық ойындар өткізілді. Сайысты тамашалауға келген көрермендер мерекелік дастарханнан дәм татып, наурыз көжеден ауыз тиді.
Осы күні облыстық перинаталдық орталықта «Бір сәби – бір ағаш» атты акция ұйымдастырылып, дүниеге келген перзенттердің туыстары аталған мекеме ауласына тал көшеттерін екті. Жаңа босанған аналарға арнайы сертификаттар тапсырылды. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент саябағында «Күлімде Наурыз, күлімде» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Ал, «Қарасу» шағын ауданындағы №24-25 жатақхана тұрғындары үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы «Наурыз – бірлік пен жаңғырудың мерекесі» және «Қамқор» қайырымдылық акциясына ұйытқы болды. Онда М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі тарапынан тайқазанға күріш басылып, көпшілікке мерекелік дастархан жайылды. Ұйғыр ұлтына тән бірқатар мейрамханалар қазақтың ұлтық тағамы — бауырсақ пісіруден «Ең дәмді бауырсақ» атты жарысқа түсіп, үздіктер марапатталды. Мереке аясында көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынылды.

Түйін

Ал, бүгін облысымызда «Үйлесім күні» аясында жастар «Селтеткізер, «Ұйқыашар» дәстүрлерін жаңғыртып, жұртшылықтың шаттығын еселеуде. Сонымен қатар, саябақтарда түрлі фестивальдер, «Әз Наурыз думан» атты және де басқа мәдени-көпшілік шаралар өткізілуде.
Ертең «Ұлыс күні» шеңберінде өтетін шаралардың да ауқымы үлкен, маңызы терең. Думан аясында көпшілікке Наурыз көже таратылып, үздік киіз үй байқауы, театрландырылған көріністер, мерекелік концерт, сонымен қатар жастар арасында ұлттық ойындар мен жарыстар ұйымдастырылады.
Осылайша, әз Наурыз Ұлы даланы думанды дүбірге бөлеп, қуаныш құшағына бөлеуде. Әрине, әрбір күннің сыйлайтын әсері өз алдына бір бөлек. Оның бәрін мақалалар топтамасына сыйғызу әсте мүмкін емес. Ең бастысы, шырайлы шаралардан тыс қалмай, мерекенің мәнін бірге арттырайық.
Той тойға ұлассын!
Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын!

«АРАЙ»-дың тілшілер тобы

ПІКІР