"Алтын бесік" Жамбыл жаңалықтары

«Тақ Тараз, жалқы Тараз жаһандағы…»

ЖАМБЫЛ ЕСКЕРТКІШІ ӨЗ ОРНЫН ЕНДІ ТАПТЫ

Тарих пен дастанға, шежіре мен аңызға толы, тоғыз жолдың торабын тоғыстырған киелі Тараз өлкесінен талай дарын иелері шыққан. Солардың бірі де бірегейі – Жамбыл Жабаев. Облыстың есімін еншілеп жатқан жыр алыбына арналған ескерткіштің қаланың ең бір маңызды, көрнекті жерінен бой көтеруі тағылымды іс. Өйткені, облыс әкімдігінің ғимараты өңірімізге келген әрбір қонақтың, шетелдіктердің негізгі бетке алатын нысандарының бірі. Ал, осы жерден исі қазаққа ортақ алып ақынның еңселі ескерткіші тұрса келушілер мен көрушілерге әдемі әсер сыйлап қана қоймай, өңірдің әдебиеті мен өнегелі өткенінен сыр шертетіні сөзсіз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» – деп атап өтті.
Осы орайда мерекелік шаралар легінің Жамбыл Жабаев ескерткішінің салтанатты түрде облыс әкімдігі ғимаратының алдына көшіру рәсімімен түрілуі де рухани сабақтастықтан сыр аңғартқандай болды.
«Туған жер» жобасы аясындағы «Рухани қазына» бағдарламасы бойынша Тараз қаласының орталығынан орын алған Жамбыл Жабаев ескерткішін ашуға облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы және ҚР Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы қатысты. Олар өз сөздерінде Жамбыл – қазақтың ақындық өнерінің қазанында қайнап, ежелгі ауыз әдебиетінің кәусарымен сусындап, ақындық, жыраулық дәстүрінің XX ғасырдағы туын биікке көтерген ұлы жырау екендігін айтып, еңселі ескерткіштің облыс орталығынан орын алғаны ғибратты іс болғанын жеткізді.
– Жамбылдың қанатты жырлары әлемнің елуге тарта тіліне аударылып, миллиондардың жүрегіне ізгілік нұрын септі. Біз мұны ең алдымен Жамбыл атамыздың өлмес өнері арқылы әлем жұртшылығына қазақ халқының рухани болмысы­ның танылуы деп білуіміз керек, – деді сөз алғандар.

«Теміржол вокзалы аллеясы»

Қалаға кіретін бас қақпаның бірі – темір жол вокзалы. Шаһарға келген әрбір мейман тарихи қаланың тынысын ә дегеннен осы жерден сезінуі тиіс. Осы орайда аймақ басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, вокзал аумағын ретке келтіру мақсатында аталмыш аумақтағы скверді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге дейін бұл маңда қалаға келген қонақтарға ежелгі Тараз өңірінен сыр шертетін көрініс болмаған.
Ал, шындап келгенде Тараз шаһарының тарихи оқиғаларға бай екендігі белгілі. Алғашында Талас, Тараз деп аталған қала 1856 жылы Әулиеата болып өзгертілген. 1938 жылы қалаға қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. 1997 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен қалаға өзінің тарихи аты Тараз қайтарылды.
Осыған байланысты, скверде «Көне Тараз» стеласы қойылып, айналасы абаттандырылды. Стелаға Тараз қаласының бұрынғы төрт атауы, тарихи кезеңдерді бейнелейтін ұлттық құндылықтар орнатылды.
Сонымен қатар, скверде 940 шаршы метр жолаяқ төсеніші жасалып, 4 000 шаршы метр жерге асфальт салынды. Сондай-ақ, 20 дана жарық шамдары, 8 дана орындық, 8 қоқыс жәшіктері қойылып, 2 700 шаршы метр алаңға суғару жүйесі орнатылды. Аталған жоба «Айя сервис» ЖШС-ның 30 миллион теңге жеке қаражаты есебінен «Туған жерге тағзым» жобасы аясында тарту етілді.
Ал, аталмыш нысанды салтанатты түрде ашу мәртебесіне Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Сембек Сейдазимов және темір жол саласының ардагері, Тараз қаласының Құрметті азаматы Сағымбек Ақшалов ие болды. Шараның құрметті қонақтары стеланың алқызыл лентасын қиғаннан соң сөз алып, ізгі тілектерін білдірді.

ЖАҢҒЫРҒАН САЯБАҚТАҒЫ жанға жайлы НЫСАНДАР

Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі шаһар Тараз қаласының туған күніне орай, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің есімімен аталған саябақ толық жаңғыртудан кейін ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақты қайта жаңғырту жұмыстары 1986 жылғы «Желтоқсан» оқиғасына қатысушыларға құрмет көрсету және Тәуелсіздік жолын өскелең ұрпаққа жеткізе отырып, олардың Отанға деген патриоттық сезімдерін күшейту мақсатында қолға алынған болатын.
Жалпы аумағы 6,5 гектарды құрайтын саябақтың эскиздік жобасын «Табыс Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген. Жобаның жалпы сметалық құны 403,9 миллион теңгені құрайды. Саябақ аумағында батырдың аты жазылған кіреберіс тақтасы және нақыл сөздер, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің ескерткіші, «Желтоқсан, 86» орталығы, «Тәуелсіздік ұшқыны» аллеясы, қайта жаңғыртудан өткен «Ардагерлер үйі» және «Ғибрат» орталығы, «Шахмат» алаңы, балалар және спорт алаңшалары орналасқан.
Салтанатты шараға жиылған қонақтар әуелі Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің ескерткішінің ашылуына қатысты. Ескерткіш жабындысын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, драматург Елен Әлімжан, «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мұрат Бердалиев, Қайрат Рысқұлбековтің әпкесі Гүлнар Рысқұлбекова түріп, батыр ұлдың ұлт тарихында қалған орны мен ел тәуелсіздігін алу жолында жасаған көзсіз ерлігі жайлы әңгіме өрбітті.
Сонан соң қонақтар Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ескерткіштің ашылуынан соң жұртшылық «Желтоқсан, 86» орталығына бас сұқты. Орталықтың жалпы алаңы 280 шаршы метрді құрайды. Аталған орталықта Қ.Рысқұлбековтің жеке заттары мен оқиғаға қатысты құнды деректер жинақталған бұрыш, облыстан қатысқан жастар туралы деректер, белгілі тұлғалардың жазбалары мен БАҚ-та жарияланған материалдар топтастырылған.
Сондай-ақ, Қ.Рысқұлбековтің аты жазылған маңдайша мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың және өзге де ұлы тұлғалардың тәуелсіздікке жету жолындағы айтылған ел рухын көтеретін дәйекті сөздері жазылған тақталар қойылды.
Қайта жаңғыртылған Қайрат Рысқұлбеков саябағында «Тәуелсіздік ұшқыны» стеласы да ашылды. «Тәуелсіздік ұшқыны» алауының ені 4х4 метрді, биіктігі 4х6 метрді құрайды. Ондағы алау оты жалындаған жастардың тәуелсіздікке деген ұмтылысын, ерік-жігерін білдіреді. Аллеяның алқызыл лентасын Тараз қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Қаржаубай Бекболатов, «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Санат Қонарбаев қиды.
Келесі кезекте шара қонақтары «Ғибрат» орталығының ашылу салтанатына куә болды. Аумағы 240 шаршы метрді құрайтын орталық саябаққа демалуға келген қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық дәстүрмен қызмет көрсететін, ақсақалдар кеңестерін өткізетін орын болмақ. Орталықты облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен ҚР Сенатының экс-депутаты Александр Савченко ашып, «Ғибрат» орталығының Ардагерлер үйімен қатарласа орналасуының өзіндік мәні бар екенін атап өтті.
Сонан соң орталық ішін аралап көрген қонақтарға облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев жаңадан бой көтеретін 15-ші ықшам ауданның және «Шахристан» базарының орнына салынатын тарихи-мәдени кешеннің және «Тектұрмас» кесенесі орналасқан аумақтың жоспарын таныстырды.
Айта кету керек, саябақта футбол, шахмат, баскетбол, балалар ойын алаңшалары, сауда дүңгіршектері, ролик тебетін орын жасақталған.
Жалпы, саябақта 197 жарық шамы қойылып, 4 субұрқақ орын тепкен. Ұзындығы 633 метрді құрайтын веложол да көптің қуанышын еселеп отыр. Сонымен қатар, мұнда 120 дана көк шырша, 800 дана боз арша ағашы егілген.

«ЖЕЛТОҚСАН ТОЛҚЫНЫ» – еліміздегі ЕҢ ұзын СУБҰРҚАҚ

Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ жанында бой көтерген «Желтоқсан толқыны» субұрқағы алғашқы күннен-ақ қала тұрғындары мен қонақтарының көз қуанышына айналып үлгерді. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Ұзындығы 220 метрді құрайтын нысан еліміздегі ең ұзын субұрқақ саналады. Алғашқы толқыны 86 деген қастерлі саннан басталатын субұрқақтың 2 жағында пырақтың, барыстың және самұрықтың мүсіндері орналасқан.Толқындар субұрқақтың соңына жетіп, кері қайтқанда Тәуелсіздікті белгілейтін күн мен бүркіттің бейнесі көрініс береді. Осы сәтте жүрегі «елім» деп соққан әрбір азаматтың кеудесінде мақтаныш сезімі маздайтындығы сөзсіз. Субұрқақтың сырты ақ мәрмәр таспен қапталған.
Жаңа субұрақтың ашылу салтанаты сол маңдағы балалар алаңшасында өткен мерекелік концертке ұласты. Онда қала аумағындағы түрлі құрылыс нысандарында еңбек еткен азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Облыстық ардагерлер үйі маңындағы шағын алаңда «Палау фестивалі» мен этно-мәдени орталықтардың көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

«ЖЕҢІС» САЯБАҒЫ ЖАҢА ЕСКЕРТКІШТЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен бүгінде Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Аумағы 15 гектарды құрайтын саябақтағы жаңғырту жұмысының алғашқы кезеңінде ондағы «Ерлік» мемориалды кешені 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесінде ел игілігіне ұсынылды. Қазіргі таңда саябақтың кіре берісіне травертин материалымен қапталып орналастырылған бас қақпаның қос қапталына екі тілде жазылған жазу, қақ ортаға орналастырылған «Мәңгілік алау» мен Халық Қаһарманы Б.Момышұлының ескерткіші, 48 Ұлы Отан соғысы Батырларының есімдері көрініс тапқан арнайы тақтайшалары бар «Батырлар» аллеясы, 105 мың жауынгердің тізімі жазылған «Даңқ» аллеясы «Ерлік» мемориалдық кешенінің ғана емес, саябақтың да атауын айшықтай түскені анық.
Бүгінде жаңғыртудың екінші кезеңінің аяқталуы қала күнімен тұспа-тұс келді. Осы күні ел игілігіне ұсынылған 20 нысанның ішінде саябақтағы «Тыл еңбеккерлеріне тағзым», «Чернобыль» атом электрстанциясының зардабын жоюға қатысушыларға, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер мен «Үшбұлақ» каналы да бар. Тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткіштің ашылу салтанатында тыл еңбеккері Мансапбек Райымбеков, Раиса Жандосова құттықтау сөз сөйледі.
– Ұлы Отан соғысында біздің жеңіске жетуімізге ержүрек жауынгерлермен қатар, тыл еңбеккерлеріде айрықша үлес қосты. Соның арқасында бүгінде бейбіт өмір кешудеміз. Сұрапыл соғыс жылдарында тыл еңбеккерлерінің де ерлікке бара-бар іс тындырғанын кейінгі буын өкілдері ұмытпауға тиіс. Сондықтан, тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткіштің осы саябақтан орын тебуі өте орынды деп санаймын, – деген Мансапбек қария облыс әкіміне алғыс айта отырып, көпшілікке ақ батасын берді.
Зұлматты жылдардың бар ауыртпашылығын қайыспас көтере білген тыл еңбеккерлеріне тарту болған нысанның ашылу рәсімін тыл ардагерлері Жәнібек Майқанов пен Раиса Оразалықызы Жандосова орындады. Ескерткішке гүл шоқтары қойылып, жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқандардың рухына тағзым етілді.
Биыл «Чернобыль» атом электр станциясындағы апаттың орын алғанына – 32 жыл толыпты. Дүние жүзіндегі атом энер­ге­тикасы тарихын­дағы ең ірі жарылыстың зарда­бын жоюға қатысқан 800 мыңдай адамның 32 мыңы қазақстан­дық екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Бүгінде Чернобыльдегі радиактивті түтін 10-нан аса мемлекеттің 200 мың шаршы метр жерін ластап, оның зардабын 5 миллионға жуық адам тартқаны айтылып жүр. Осындай ең ауыр техногендік апатты ауыздықтауға біздің өңірден 1200 жамбылдық қатысқан екен. Ендеше «Чернобыль» атом электр станциясындағы апаттың зардабын жоюға қатысушыларды да ұмыт қалдырмай осы саябақтан оларға арнап ескерткіш ашудың да мәні тереңде. Осындай дүниені ел игілігіне ұсынуда шаһарымызға арнайы шақырылған Қазақстан Республикасы Чернобыль ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі филиалының төрағасы Бақытжан Әшірбаев және облыстық Чернобыль одағы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Владимир Хорошин сөз сөйлеп, бейбіт күндегі ерлеріміздің ерен ерліктері мен өнегелі істері бүгінгі жас ұрпаққа үлкен өнеге екенін мақтаныш сезіммен жеткізді.
Таразға арнайы шақырылған қонақтардың бірі – Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаев пен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл. Олар да Ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысып, нысанның лентасын қиып, өз лебіздерін арнады.
– Құрметті Асқар Исабекұлы! Облыс тұрғындары мен қонақтары!. Ең алдымен көпшілікті қала күнімен құттықтаймын. Мен сарбаз, Ауған соғысының ардагері және қазақ елінің азаматы ретінде көпшілікке бас ие отырып, сіздердің ынтымақ пен бірлік арқасында ел дамуына, қаламыздың көркеюіне атсалысып отырғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Ауғанстан жеріндегі әскери іс-қимылдарға облысымыздан 2 236 жерлесіміз қатысып, 71 жас жауынгер әскери қақтығыстар кезінде қаза тапқаны, жалпы осы соғыс туралы аз айтылып жүрген жоқ. Менің айтайын дегенім, Елбасымыз биылғы жаңа Жолдауында келер жылдың «Жастар жылы» болатынын айтқан еді. Бүгін осында жиналған жалынды жастарға, жасарған Тараз келбетіне қарап, Ұлт көшбасшысының тапсырмасын тараздықтар әлдеқашан бастап кеткенінің куәсі болып отырмын. Облыс басшыларының қаланың әр бұрышында тұрған батыр Бауыржан Момышұлынан бастап өзге де ескерткіштерді осында жинақтау, Жамбыл бабамыздың есерткішін орталыққа әкеліп, тұғырға қондыруы құптарлық іс. Жалғыз бұл саябақты ғана емес, тұтас қаланы жаңғыртуға күш салып жатқан облыс әкімі Асқар Мырзахметовке алғыс айтамын. Ауған соғысының ардагерлері соғыс атаулыны болдырмауға, ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге атсалыса берсін. Ел іргесі бүтін, еліміз аман болсын, – деді Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев.
Өз кезегінде Б.Смағұл да ақжарма тілекпен қоса, зор шабытпен өлең оқыды. «Жыр алыбы Жамбылды түйсігімізбен танымасақ, Б.Момышұлымен жігерімізді жанымасақ, Қ.Рысқұлбеквпен жау жүрегін желтоқсандай қарымасақ ел болуымыз қиын» деген ұғымға саятын рухты сөз арнады.

ТАРАЗ ЖАҒАЖАЙЛЫ ҚАЛАҒА АЙНАЛДЫ

Жалпы, бұған дейін тал-дарақтары тарбайып, күтім көрмегендіктен кісі көңілін құлазытатын «Жеңіс» саябағы қазір адам таңданарлық кейіпке еніп, қала тұрғындары мен қонақтардың бір мезгіл демалатын, жаңадан отау тіккен жастардың той алды серуен құратын алаңына айналып үлгерді. Бұдан бөлек мұнда соғыс және тыл ардагерлерінің бас қосуына арналған мұражай құрылысы жүргізіліп жатыр. Бәрінен де «Үшбұлақ» каналының бойында салынған жағажай мен веложолдарды, кеңейтілген канал арнасының жағалауындағы демалыс орындарын, спорттық жаттығу мен балалар ойын алаңшаларын, су бетінде жүзген аққулар мен бірнеше қайықтың сұлу көрінісін қайтадан жаңа үлгіде жасалып, табанына төсеме тастар төселген, жарық шамдар орнатылған қос көпірдің үстінен тамашалау зор бақыт. Осындай аталы істі атқару барысында облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған ел ағалары мен қариялар, аудан әкімдері саябаққа жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызды.
Иә, «Үшбұлақ» жағалауына толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 72 метр көпір толықтай жөнделді. Бөгет қайта жаңартылып, су айдыны 60 метрге кеңейді, демалушылар тамашалайтын 5 дана аққу, 4 дана үйрек пен ақ амур және карп сияқты 3000-ға жуық балық жіберілді.
Сонымен қатар, жағалауда каналға шығатын 3 дана пирс, демалыс орындары, балалар ойын алаңдары, суда жүруге арналған катамарандар қойылып, каналдың бойында ұзындығы 700 метрді құрайтын жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Демалыс аймағының ашылу салтанатында Жамбыл облысының Құрметті азаматы Амангелді Карентаев, еңбек ардагері Өскенбай Мәдиевке сөз беріліп, меймандар тараздықтарға жүрекжарды тілектерін арнады.

Көне шаһар ДУМАНҒА БӨЛЕНДІ

Сән-салтанаты жарасқан нысан­дар­дың пайдалануға берілуінен бөлек концерттік бағдарламалар да әулиеаталықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Тұңғыш Президент саябағында Сарысу, Жамбыл аудандарының өнерпаздары мен жоғары оқу орындарының студенттері, 5513 әскери бөлімінің сарбаздары әннен шашу шашты.
«Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің ұйытқы болуымен «Таразым – тарихи мекенім» көрмесі ұйымдастырылды. Онда мектеп оқушыларының қолданбалы өнер туындылары көпшіліктің назарына ұсынылды. Сондай-ақ, өнерпаздардың концерттік бағдарламасы да шара қонақтарын бір серпілтіп тастады.
Ал, кешкісін әулиеаталықтар тайлы-тұяғы қалмай орталық «Достық» алаңына қарай ағылды. «Тараз – менің сүйікті қалам» атты салтанатты кеште қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтаған шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымов облыс орталығының дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды жекелеген аталымдар бойынша марапаттады.
Биыл «Жыл адамы» аталымы «Альтаис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Әлімбек Жұмабаевқа бұйырды. Сондай-ақ, «Ең таңдаулы кәсіпорын», «Тазалық жаршысы», «Үздік кварталдық комитет төрағасы», «Үздік көп пәтерлі үйлер кооперативі», «Үздік тәртіп сақшысы», «Үздік ел қорғаншысы», «Өмірге құштар жан», «Үздік мердігер құрылысшы» аталымдары да өз иелерін тапты. Концерттік бағдарламада Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Қуандық Рахым, Арай Серікхан сынды эстрада жұлдыздары және «OXFORDS live band» вокалды-аспапты ансамблі ән шырқады.
Ал, мерекелік думан ғаламат отшашумен аяқталды.

«ARAI»-дың тілшілер тобы

ПІКІР