Қоғам

ТАХІ қызметі талапқа сай ма?

Written by Aray2005

Мынандай қарбаласқа толы өмірде қоғамдық көлікпен бала-шағаны таң азанмен балабақшаға сүйреп, одан қалса ішіне адам лықа толған автобуста аяқкиіміңді кім-көрінгенге таптатып, жұмысқа жер-көкті шарлап жүріп жету оңай емес. Әсіресе, әйел адамдарға қиын-ақ. Осыдан кейін жұртшылықтың дені такси қызметіне жүгінгенді жөн санайды. Сондай сәттерде жол жиегінде қолыңды сермей салсаң, бірінің артынан бірі ентелей келіп, алдыңа қаздай тізіле қалатын көліктерге қарап, бүгінде екінің бірі «таксист» деген пікірмен келіспеске лажың қалмайды. Олар да еріккеннен немесе қызмет ұсынуға құлшынысы артқаннан адам тасымалдауға ұмсынып жүрмегені шындық. Бір анығы, оларды «жол-жөнекей қол көтерген адам болса ала кетіп, ең құрығанда автотұрақтың ақысын айырайын» деген ниеттегі жанама табыс табу ойы дедектетіп жүргені белгілі. Заңсыз адам тасуды кәсіп еткен жүргізушілер де жетерлік.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2014 жылы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында жұртшылық арасында жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін атқаруды қолайлы санайтын адамдардың бар екенін айтып, «Егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан арылу қажет!» деген еді. Расында да, қоғамда әлі өз орнын таба алмай жүрген адамдар жоқ емес. Соның бірі – осы «жабайы таксистер». Негізінен, көпшілік арасында қолынан түк келмейтіндер ғана «таксист» болады деген ұғым бар. Рас, «таксист» болу да оңай шаруа емес. Десе де, әңгіме олардың өз идеясы арқылы жеке кәсіп ашып, күреп ақша тауып, шалқып өмір сүруге қабілеті жетпейтіндігінде, адал еңбекпен тер төгіп, табыс табуға жанаярлығы мұрша бермей, жасырынып, қашып-пұшып заңсыз жолмен адам тасуға бейім тұратындығында. Ал олар ұсынған қызмет талапқа сай ма, жоқ па, ол бір Аллаға ғана аян.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Тараз қаласындағы «Бәйтерек» ықшамауданынан 2 бөлмелі пәтер жалдап тұрған едім. Ол кезде аталған ықшамаудан қаладан тым қашық болып көрінетін. Әдебір шаруамен шаһар орталығына қарай үйден шығып бара жатып, «Таксиссіз бе?» деген әйелді көлігіме отырғызбақшы болып ыңғайланып жатқанымда, жасы менен үлкендеу жігіт ағасы ортаға килікті. Оның «таксист» екенін көлігінің төбесіндегі жалғыз белгіден ғана айыруға болады. Салған жерден ол «Біз бағаналы бері бұл жерде не қарап отырмыз, осындай «крысалар» бәле болды» деп бұлқан-талқаны шықты. Ұққаным, бар мақсаты – менің көлігіме адам мінгізбеу. «Клиентті» тартып алғандай етіп әкетіп, оны барар жеріне апарып тастап, намыс өртеп бара жатқан соң әлгі жерге қайтып келсем, мені бір қора адам күтіп алды. Лезде телефонмен жас кезінде бұрынғы Киров, қазіргі А.Асқаров көшесінің тұрғыны болған нағашымды шақыртып, содан үлкен дау-дамай туындап кетті. Олар кезінде сол «пятакты» ашқан бір-екі жігітті алдырып, ақыры мен ол жерден қуылып тындым. Осы жағдайды достарыма айтқанымда, олар қалалық автобекеттің «таксистері» көлденең келіп, әлгіндей қылық көрсеткен көк аттылардың көлігінің балонын пышақпен жарып тастайтынын айтып зәремді алған. Қысқасы, кез келген такситұраққа (пятак) баса-көктеп кіріп, адам тасымалдаудың соңы жақсылыққа апармайды екен. Сол үшін, әркім мүмкіндігінше өз жөнімен жүреді. Бұл таксистер арасында бұрыннан қалыптасқан тәртіп болса керек. Ал бұл ереже астында көлігі бар, бірақ белгілі бір «тұрағы» жоқ ер азаматтар үшін қиын жағдай. Өйткені «клиент» іздеп, қаланы босқа шарлау тиімсіз. Үйге нанпұл апарамын деп жүріп, жанармайды босқа жағып тастасаң – қалтаға салмақ. Ал тұрақты «пятагың» болса, табыс жүрісіңе, жаққан жанармайыңа қарай түсіп отырады.
Жақында такситұрағы бар жүргізушілермен келіссөз жүргізіп, демалыс күндері әлгілермен бірге кезекке тұрып, адам тасып, «жабайы таксистердің» бір күндік табысын есептеп көрдік. Бір білгеніміз, ол жерде де әркімнің өз «клиенті» бар сияқты көрінді. Өйткені олар ұялы телефон арқылы біреумен сөйлеседі де, кезектен шығып, әлдебіреуді күтеді. Сол кезде көпқабатты үйлер арасынан шыққан тұрғын тіке сол көлікке отырады. Біз секілділер сарылып кезек, одан кейін адам күтіп қала береміз. Десе де, олардың азаннан кешке дейін тынбай жұмыс істеп, қолы жақсы жүргені 5-6 мың теңге табады екен. Бірақ ол да ойын картасы секілді бірде бар, бірде жоқ. Негізінен адамдар жұмыс күндері азанғы және кешкі қарбаласта көп шығатын көрінеді. Тағы бір айта кетер жайт, «жабайы таксистердің» барлығы бірдей заңды түрде тіркелмеген.
– Осы жүрісіміз бала-шағаның қамы. «Таксистердің» өз «пятагы» үшін жанын салуы – күнделікті азын-аулақ табыс көзіне өзгені ортақтас­тырмау. Мысалы, сендер бізді қырып ақша тауып жүр деп ойлауларың мүмкін, шын мәнінде олай емес. Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте алмаймыз. Әйтеуір, нанпұл бар. Рас, бұрын табысымыз мақтануға тұрарлықтай еді. Бірақ интернет желісінде «InDriver», «Яндекс.Такси» деген диспетчерлік қызмет түрлері пайда болғалы бәсекелестік көбейді. «InDriver» дегенге мен де қосылып көрдім. Ол бізге қол емес екен. Қасыңда тұрған «клиенттің» тапсырысын басып үлгеруің керек, одан бөлек беретін ақысы тым арзан. Содан кейін қоя қойдым.
Осында сондай желіге де қосылып алып, адам тасып жүргендер бар. Өзгені қайдам, мен «клиенттер» үшін сақтандыру қағазын алғанмын. Ал жеке кәсіпкер болып тіркелгім келмейді. Өйткені табыс мандымсыз. Осы ауыл-ауылдан жеке көлігімен адам таситындар да бар. Мен соларды ит арқасы қияннан заңды түрде адам тасып жүр дегенге сене алмаймын, – деді аты-жөнін атағысы келмеген жасы 50-дің үстіндегі ер кісі.
Негізінен «жабайы таксистердің» көлігінің көбісінде такси белгісі жоқ. Жалпы, ҚР «Автомобиль көлігі туралы» Заңына сәйкес, елімізде жолаушылар тасымалымен айналысатындардың көлігінің ішінде міндетті түрде таксометр мен бақылау-кассалық аппараты болуы керек екен. Ережеге сәйкес, такси қызметіндегі автокөліктер бірыңғай түсте болып, басқалардан ерекшеленіп тұруға тиіс. Сондай-ақ такси қызметіндегі көліктер техникалық бақылаудан, ал жүргізушілер медициналық тексерістен өтуі қажет. Бірақ бұл ережені кез келгені сақтай бермейтіні анық. Осы орайда біз облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ұйымдастыру бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Садридин Сақыпжановпен тілдескен едік. Оның айтуынша, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 463-бабының 1-тармағы бойынша тіркеу, рұқсат беру, хабарлама жіберу мiндеттi болған жағдайларда, тiркеусiз, рұқсатсыз, сол сияқты хабарлама жібермей кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен қылмысқа жатпайтын, бірақ жасырын табыс табумен айналысып жүргендердің әрекеті анықталса, жеке тұлғаларға – 15, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 25, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 150 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады екен. Егер әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн жасырын табыс тауып жүргендер осы әрекетті тағы қайталаса, олар аталған айыппұлдың екі еселенген мөлшерін төлеуге мәжбүр. Тек ірі кәсіпкерлік субектілеріне 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
– Жеке көлігімен адам тасуды кәсіп еткісі келгендер жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік кірістер департаментіне заңды түрде тіркелуі қажет. Бірақ мұны жүргізушілердің көбі ескере бермейді. Мәселен, өткен жылы облыста 50-ге жуық заңсыз адам тасумен айналысқан жеке тұлға анықталды. Олардың үстінен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексі бойынша іс қозғалып, нәтижесінде заңсыз әрекеті үшін әрқайсысына 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, – дейді полиция полковнигі С.Сақыпжанов.
Заңсыз адам тасумен айналысатындардың сөзіне қарасақ, бүгінде интернет арқылы такси қызметін ұсынатын диспетчерлік ұйымдардың бәсі жүріп тұр. Осыдан кейін ұялы телефоныма «Яндекс.Такси» құрылғысын жүктеуге кірістім. Ереже бойынша оларға өз суретімді, көлік құжаттарын, жүргізуші куәлігімді, көлігімнің іші-сыртын суретке түсіріп жолдадым. Бірақ жүйеге қосылу мүмкін болмады. Ондағы байланыс номеріне қоңырау шалып жатып, өзін осы диспетчерлік қызметтің Алматы қаласындағы өкілімін деп орыс тілінде таныстырған әйел адаммен тілдестім. Ол маған Тараз қаласында орналасқан өз кеңселеріне баруға жөн сілтеді. Мен уақытымның жоқтығын сылтауратып, ұялы телефон арқылы жүйеге қосылуға күш салдым. Кейіннен тағы біреуі хабарласты. Сөйтіп жүргенде арада бір апта уақыт өтіп, әйтеуір «желіге» қосылудың мүмкіндігі туды. Бір қызығы, ешкім менен медициналық анықтама, бұрын сотты болмағаным туралы және көлігімнің техникалық бақылаудан өткенін растайтын құжат талап еткен жоқ.
Сонымен, жұртшылыққа «Яндекс.Такси»
қызметін ұсынуға кірістім. Тапсырыс қабыл­дағаннан кейін барар жеріңе жолды GPS-навигатор сілтеп отырады. Жолаушы отырған соң «кеттік» деген батырманы басасың, діттеген жерге жеткенде ақыңды өздері есептеп шығарады. Сенсеңіз, Тараз қаласындағы орталық алаңнан «Қайқармет» базарына 300 теңге, одан «Алатау» ықшамауданынан тапсырыс қабылдап, ол жерге далақтап барып, алған адамымды Жамбыл даңғылы мен Сәтбаев көшесінің қиылысына дейін жеткізіп тастағаным үшін 530 теңге алдым. Арасында тапсырыс бойынша барған мекенжайың тіпті басқа ықшамауданнан болып шыққан сәттер де кездесті. Кейбір «клиенттер» қу болып шығады. Таяқ тастам жерге тапсырыс беріп, сол жердің тұсына келгенде жүйені өшіріп тастайды. Бұл ол адам сол жерде түсіп қалды деген сөз. Шын мәнінде ол «біз пәлен жерге тапсырыс бергенбіз» деп қаланың келесі басына жетіп алады да, жүргізушінің жүйесіндегі болмашы ғана есептелген соманы төлейді. Айтқандай, «клиентті» апарып тастаған соң «жеткіздім» деген батырманы басуың қажет. Өйтпеген жағдайда, сен сол адамды әлі тасып жүрген болып есептелесің. Тек жақын жердегі және жолаушының барар жері жақын тапсырысты қабылдағандар ұтылмайды. Арақашықтық ұзақ болса, мандымды ақша түспейді. Қысқасы, 300-400 теңгелік тапсырыстар қолайлы. Бір тәуірі, келіп түсіп жатқан тапсырыстар санында есеп жоқ. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген осы.
«Яндекс.Таксиге» өзіміз де жолаушы болып отырып көрдік. Көпшілігінің көлігі ескі-құсқы, такси екенін білдіретін белгіден жұрдай. Және олар бағыты бір болса тапсырыс қабылдап, жолай адам алып кете береді. Бірді-екілі клиенттермен де тілдесіп көрдік.
– Бұрын «Яндекс.Таксидің» ең төменгі жеткізіп салу құны 150 теңге болса, қазір 320 теңгеге қымбаттап кетті. Біз үшін бұл баға тиімсіз. Сонымен қатар «Яндекс.Такси» көліктерінің кейбірінің іші лас, кейбірі тіпті ескі. Қысқаша айтқанда, өзге жеңіл көліктерден ерекшеленіп тұратын еш айырмашылығы жоқ, – дейді қала тұрғыны Динара Шоңғарбаева.
Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі берген мәліметке сүйенсек, облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тізіліміне такси тасымалымен айналысу үшін ЖК «Укубаев С» «Такси Люкс», «АмирТрансСервис» ЖШС, «Айнұр Жеті Нұр» ЖШС, «НұрАқботаСервис» ЖШС, «Саяхат-99» ЖШС, ЖК «Ишанкулов», «МД-Транс» ЖШС, ЖК «Аймағанбетов» секілді 8 жеке және заңды тұлға тіркеліпті. Жалпы, Тараз қаласы бойынша 1 автобекет, 4 автостанция, 59 жабдықталған такситұрағы бар екен. Жоғарыда аталған 8 такси қызметін ұсынушы мекемелерден бөлек, «InDriver», «Яндекс.Такси», және жергілікті «08 Region» интернет-диспетчерлік ұйымдары жолаушыларға қызмет көрсетеді.
«08 Region» диспетчерлік қызметінің директоры Гүлнар Махамбетова бұл ұйым облыста былтырғы сәуір айынан бері қызмет көрсете бастағанын айтады.
– Біздің мекенжайымыз Көшек батыр көшесінде орналасқан. Жалпы, диспетчерлік ұйымды Бауыржан Қожанов деген кісі ашқан еді, өкінішке қарай ол кісі жақында өмірден озды. Қазір бұған жұбайы Айгүл Қадырсызова бас ие болып отыр. Менің айтайын дегенім, дәстүрлі таксистерді түптің түбінде осы интернет желісі арқылы қызмет көрсететін ұйымдар алмастырады. Өйткені тапсырыс берушінің жолға шығатын уақыты, баратын жеріне қауіпсіз жеткізілуі секілді қызметтер біздің назарымызда. Барлық жағдай, тіпті есеп айырысу сомасы да GPS-навигатормен анықталады. Осы арқылы диспетчерлік қызмет барлық іс-әрекетті жолаушыға да, жүргізушіге де баяндап отырады. Бізге жұмысқа кірген жүргізушілерден медициналық анықтама, көлігінің талапқа сай екені секілді қажеттіліктер сұралады. Біз істі жаңадан бастасақ та біздің жүйеге тіркелген «клиенттердің» де, жүргізушілердің де қарасы көбейіп келеді. Мәселен, облыста жеке адамдар иелігінде шамамен 182 мыңға тарта жеңіл көлік бар болса, соның 300-ге жуығы бізге тіркеліп, такси қызметін ұсынуда. Олардың көбісі негізінен Тараз қаласына тиесілі. Біздің қызметтің бастапқы бағасы 300 теңгеден басталып, екі шақырымнан кейін әр шақырымына 75 теңгеден қосылады, – дейді Гүлнар Хабибуллақызы.
Ол теміржолдың арғы бетіндегі тұрғын алқапта өздерінің жабдықталған автотұрақтары бар екенін, алдағы уақытта ұйым меншігіне жаңа автокөліктер сатып алу көзделіп отырғанын айтады. Бір айта кетер жайт, «08 Region» интернет-диспетчерлік қызметіндегі жүргізушілердің 30 пайызы ағылшын тілін игеру курсынан өтіпті. Ондағы басты мақсат – Тараз қаласына туристер келіп қалған жағдайда сапалы қызмет ұсыну.
Біз облыс әкімдігі туристік ақпарат орталығының директоры Ұлан Жолдықұлдан такси жүргізушілерінің ағылшын тілі курсынан өту жайын нақты сұрап білген едік. Ол әзірге туристік ақпараттық орталығы мен «Тараз такси», «Ақ жол», «08 Region» мекемелері арасында меморандумға қол қойылып, нәтижесінде былтыр алғашқы оқыту курсынан 100-ге тарта адам өткенін айтты. Негізінен олар ағылшын тілінде жолаушымен амандасу, оның қал-жағдайын сұрау, қайда баратынын білу секілді сөздерді үйренген. Сонымен қоса олар сөйлеген сөздерді интернет желісі арқылы ағылшын тіліне қалай аударуға болатынын меңгерген. Төтенше жағдай кезінде қай номерге хабарласу керектігі, не істеу қажеттігі жөнінде мағлұматқа қанығып, телефон тізілімдерімен қамтамасыз етілген. Олар алдағы уақытта курстың екінші кезеңінен өтеді екен. Одан кейін тілді тереңірек меңгергісі келгендер болса, орталық оларды ары қарай да тегін оқыта бермек.
Жамбыл жері жылдан-жылға көркейіп келеді. Тараз қаласынан бөлек, аймақта туристер қызығарлықтай тарихи-мәдени орындар мен басқа да нысандар және табиғат көріністері жетерлік. Осындай тылсым сырлар мен сұлу көрініске бай біздің өңір туристерді тартпай қоймайтыны анық. Киелі Тараз топырағына табаны тиген туристердің «біссімілләсі» транспорттан басталады десек, таксистерді ағылшын тілінде оқыту бастамасы өте құптарлық жайт. Біздің бір байқағанымыз – бүгінгідей жаңа дәуір, жаңа заман талабы уақыт өте келе сапасыз қызметті жолдан ысыратындығы. Оның алғашқы белгілері біздің қаламызда да көрініс тауып жатыр десек қателеспейміз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР