Қоғам

Тал егу де тәрбие

Written by Aray2005

Көне шаһарды жасыл желекпен көмкеруге әрқайсымыз жауаптымыз

Самарқанның көк тасы жібитін көктемнің шуағымен Жер-Ананың да бауыры бусанады. Жерге тіккен жас шыбық тамырын жайып, мәуелі бәйтерекке айналар осы бір шуақты сәтте көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстарын жүргізуге таптырмайтын мезгіл саналады. Мамыражай мезгілдің ерекшелігін ерте түйсінген ата-бабамыз Наурыз мерекесі қарсаңында атыз-арықты қоқыстан тазартып, бұлақтың көзін ашып, тал-дарақ егіп мәре-сәре болысқан. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп кәрі-жастың айналаны көгалдандыруға бір кісідей жұмылатыны да осы бір сәт.
Көзін ашқалы табиғатпен қатар тыныстаған көшпелілер өркениетіндегі бұл өнеге бүгінде өміршеңдігін жойған емес. Әсіресе қаланың келбетін жақсартуда, оған көрік беруде көгалдандыру, көгеріштендіру науқанында көптеген жұмыстар қолға алынады.

Ақ қар, көк мұзы наурыз айының бел ортасына дейін мысықтабандап жатып алатын өзге өңірлерге қарағанда оңтүстік аймақта көктем лебі ерте сезіледі. Осы бір шақта қыр төсінде шаруалар көктемгі дала жұмыстарының дүрмегіне ерсе, қарбаласқа толы қаланың коммуналдық қызметтері шаһар шырайын келтірудің қамын жасап әлекке түседі. Олар үшін де көктемнің әр күні қымбат.
– Әне-міне дегенше наурыз айының алғашқы онкүндігі де түгесілді. Бұл мезгілде көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстарына дайындық та қыза түседі. Биыл «Жасыл Ел Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тараз қаласы аумағына 19 760 дана жапырақты, 2215 дана қылқан жапырақты, 1860 дана бұталы талдың көшетін отырғызады. Бұл жұмыстары наурыз-сәуір айларындағы сенбіліктер кезінде жүргізіледі. Қажетті көшеттер өзіміздің тәлімбақтан алынады. Ал тал-дарақтардың декоративті түрлеріне арнайы тапсырыстар беріледі. Сонымен қатар облыс орталығындағы 101 көшеден 2 миллион 200 мың шаршы метр газон орылады, – дейді «Жасыл Ел Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Айдын Бейсеков.
Сондай-ақ «жасылелдіктер» шаһардың шырайын кіргізу үшін гүлдердің де бірнеше түрі отырығызылатынын айтады. Олардың барлығы да мекемеге қарасты тәлімбақта өсіріледі екен.
– Биылғы көгалдандыру, көгеріштендіру науқаны аясында 1 миллион 800 мың дана гүл егіледі. Оның ішінде шабо, тагетис, целозия сынды гүлдердің ерекше сұрыптары да кездеседі. Бұған дейін біздегі тәлімбақ қала аумағына егілетін гүлдердің 300-400 мың данасын әзірлеп беруге қуатты болатын. Ал биыл тәлімбақ 1 миллиион 800 дана гүлмен қамту қабілетіне ие болды.
Тағы бір айта кетерлігі, қала көшелеріне егілген көшеттер мен гүлдердің өсіп-жетілуі серіктестік агрономдарының жіті бақылауында болады. Агрономдар жас өскіндерге дәрісі мен тыңайтқышын уақытылы беріп тұрады. Сондай-ақ көшеттер мен гүлдерді тіршілік нәрімен қамтамасыз етуде суару бригадасы жұмыс жасайды.
Жалпы бүгінде біздің серіктестікте 670 адам еңбек етеді. Олардың 223-і штатта болса, 240 адам қоғамдық жұмысшы болып табылады. Ал 207 адам келісімшарт бойынша жұмыс жасайды. Бұл қызметкерлердің барлығы атқаратын қызметі мен аумақтық бөлінісіне сай 15 учаскеге бөлінген. Қазіргі науқанға сай олардың дені көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстарына атсалысады, – дейді Айдын Жарқынбекұлы.
Әрине бұл қаланың тазалығына, сәні мен сәулетіне жауапты мекеме жұмысының негізгі бөлігі ғана. Бұл орайда оларға шаһардың әрбір тұрғыны көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстарында көмек қолын созса артық болмайды. Облыс орталығынан бастау алған осынау оңды іске ауыл-аймақтағы ағайын да атсалысып, айналаға тал-дарақ егіп, ауласын абаттандырудан аянып қалмағаны абзал.

Шынболат Күзекбаев

ПІКІР