Sport

Талантымен талайды тамсандырған Талғат

Өмірде тағдыр адамды тасқыны асау өзен секілді сан-саққа соғып, сынауы мүмкін. Мұндай сәтте «Тағдырдың жазуы» деп жатасың. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандардың әрбір таңы сынақпен өтетіні белгілі. Десе де, осындай қиындықтарға мойымай, тіпті спортты жанына серік етіп, ел, облыс мерейін үстем етіп жүрген саңлақтарымыз аз емес. Соның бірі – арбадағы би спортының шебері Талғат Аманбеков.

Жалпы, арбадағы спорттық бал биі Паралимпиялық ойын түрлеріне енген. Аталмыш би өткен ғасырдың алпысыншы жылдары тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедектерді оңалту құралы ретінде пайдаланылады. Кейіннен бұл өнер Еуропаға тарап, бүгінде әлемнің біраз мемлекеттерінде спорт түрі қалыптасқан. Ал, Жамбыл жерінде арбадағы би спорты кейінгі жылдары қарқын алып отыр. Міне, қоларбаны шыркөбелек айналдыра билеген сондай жанның бірі Тараз қаласының тұрғыны Талғат Аманбеков талантымен көпке танылып үлгерді. Ол жуырда ғана, яғни ағымдағы жылдың 20-21 қазаны аралығында Алматы қаласында өткен ел біріншілігінде бір емес, бірнеше жүлде жеңіп алды. Еліміз бойынша 16 командадан 41 спортшы қатысқан додада Талғат Талғатұлы өзінің серіктесі Наргиза Ахметова екеуі DUO FREESTYLE CLASS жұптық биде бірінші орын алды. Сондай-ақ, DUO LATINA CLASS жұптық биінде де осы жетістіктерін қайталап, КОМВІ STANDART CLASS жұптық биінде тағы биіктен көрінді. Ал, DUO STANDART CLASS жұптық биінде екінші орынды еншілесе, SINGLE МАN CLASS жекелей биінде үздік үштікті түйіндеді. Осылайша кейіпкеріміз өзінің арбадағы би спортындағы серіктесімен бірге үш алтын, бір күміс, бір қола медаль жеңіп алып, облыс мерейін үстем етті.
29 жастағы Талғат 2010 жылдан бері Тараз қаласындағы №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының тұрғыны. Бұған дейін ол «Ұлан» балалар үйінде тәрбиеленген. Бала кезінен табиғатқа тамсанып, қоршаған ортаға сүйсініп өскен ол 16 жасқа толғанда талдан құлап, беломыртқасын сындырып алады. Жасөспірім сол кездің өзінде бұл сынаққа мойымай, өмірде қай сала болмасын жеңіске жетуге өзін жігерлендіре түседі.
– Кейбіреулер үшін менің бала кезде тап болған жағдайым трагедиядай көрінуі мүмкін. Бірақ, мен үшін бұл жаңа өмірге бастау болды. Жазым шығар. Тай-құлындай бірге өскен балалармен тебісіп жүріп майып болдым. Мен бұл жағдайыма еш мойыған емеспін. Әрбір түннен кейін күн келеді дегендей, әрбір жамандықтан соң жақсылық боларына сендім. Бүгінгі жеткен жетістіктерім осының жемісі болса керек, – дейді ол.
Талғат арбаға таңылғанымен, төрт қабырғаға телміріп отыратын әлсіз жандардың қатарынан емес. Ол қиындық пен ауыртпалықты ақылға жеңдіріп, дәрігерлердің кеңесімен түрлі дене жаттығуларын жасай бастайды. Содан 3 айлық тоқтаусыз қимылдан соң, аяқ башпайларының қозғалысын сезіне бастайды. Кейіннен Талғат өзі секілді жарымжан жандарды көріп, бір орында тұрып қалғысы келмей, өзін басқа да қырынан көрсеткісі келеді. Содан арнайы әндер жаздырып, түрлі шараларда сахнаға шығады. Сондай іс-шараның бірінде Толғанай есімді кәсіби биші Талғаттың талантына тәнті болып, бірге балдық би билеуге ұсыныс жасайды.
– Менің жаным жаңашылдықты жақсы көреді. Өзімді түрлі салада сынағым келді. Сол секілді неге билеп көрмеске деген ойда болдым. Бірақ, би билеу мен ойлағандай оңай болмады. Күнде 4-5 сағаттық жаттығудан денемді көтере алмай, қолды бір сілтеп, бәрін тастап та кеткім келді. Бірақ, алғашқы медаліме қол жеткізгенде қиындықтардың бәрі ұмытылып, жеңіске жетсем деген ниетім еселене түсті, – дейді кейіпкеріміз.
Талғаттың бойына ән салу, арбада би билеуден бөлек, қолөнер бұйымдарын жасау, сурет салу сынды өнерлер де тұнған. Осы қасиетінің арқасында 2014 жылы №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының көмегімен Абай атындағы гуманитарлық-педагогикалық колледжіне «Сәндік қолданбалы өнер» мамандығы бойынша оқуға түсіп, білім алады. Онда оқып жүріп былғарыдан түрлі бұйымдарды жасауға бейімделеді.
–Талғат томаға тұйық болғанымен бойында өнері көп. Ағымдағы жылдың мамыр айында оқуын тәмамдап, дипломын қолға алды. Бұйырса енді жұмысқа тұрса деген ниетіміз бар. Сонымен бірге жақында инватакси алмақшымыз. Сол кезде Талғатымызды жұмысқа таситын жағдай туады, – дейді №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы директорының орынбасары Гүлхан Тұрсынбекова.
Болмысы бөлек жігіттің өмірге деген құштарлығы кез келген жанға үлгі-өнеге. Ол өзінің еңбекқорлығымен үлкен жетістікке жетудің жолын көрсетті. Талғат болашақта сурет сабағынан дәріс бергісі келеді әрі басты мақсаты, жар сүйіп, отбасын құру. Біз де жамбылдық жампоздың асыл армандары орындалсын деп тілейміз.

А.Өзбекова

ПІКІР