ТАЛАП БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ АРТТЫРАДЫ

0 2

Бүгінде облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші республикада алдыңғы қатарда. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қала және аудан әкімдеріне сол көрсеткішті төмендетпеуді тапсырды. Сонымен қатар аудандарға жасаған іссапарында аймақ басшысы құрылыс, инфрақұрылым, инвестиция тарту мен әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту, халықты жұмыспен қамту мәселелерін бақылауда ұстауды міндеттеген болатын. Оның жай айтылмаған сөз екенін облыс әкімі аппаратының басшысы Расул Медетовтың Жамбыл ауданына жасаған жұмыс сапары барысында аңғардық. Өйткені аппарат басшысы облыс әкімі берген тапсырмалардың қай деңгейде орындалып жатқанына басымдық берген еді. Іссапар барысында ол құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандардың, инфрақұрылымы тартылып жатқан жаңа тұрғын алқаптардың, мектептер мен мәдени нысандардың, халыққа қызмет көрсету мен денсаулық саласы мекемелерінде болып, олардың жұмысымен танысты.

Мердігерге мектеп құрылысын сапалы аяқтау жүктелді

Облыс әкімі аппаратының басшысы Расул Медетов Шәкен Ниязбеков ауылында күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан 640 орындық Әзімбек Ысмайылұлы атындағы орта мектептің құрылыс жұмысын көрді. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбековтың айтуынша, биыл ауданда 6 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде. Олардың құрылыс жұмысына 590 миллион теңге бөлінген. Оның 4-еуі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылуда.
Тоқсаныншы жылдары салынған Ә.Ысмайылұлы орта мектебінің үш корпусы аяқталып, екі корпусы аяқсыз қалып кеткен екен. Сол аяқсыз қалған спорт және акт залдары мен асхананың құрылысын қайта жаңғыртып, мектепті толық күрделі жөндеуден өткізу үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 130 миллион теңге бөлініпті. Оның құрылысын «Тараз Строй-2004» ЖШС жүргізуде. Серіктестік өкілі Қуат Баққараевтың айтуынша, бүгінде ғимараттың шатыры ауыстырылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, еденін ауыстыру, жылу жəне кәріз жүйелері мен электр желісі жаңғыртылуда. Сонымен бірге ауласын абаттандыру қолға алынған. Мердігер құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталып, нысанды 20 тамызға тапсыратынын жеткізді.
Аппарат басшысы білім ордасының құрылыс жұмысымен танысып шыққан соң, «Шатырды жақсылап бекіту керек. Өйткені қатты желден шатыры ұшып кетіп жатқан нысандар аз емес. Оларда кеткен кемшілік мұнда қайталанбауы үшін барлығы құрылыс талабына сай жасалуы бақылауға алынсын», деп ескертті.

Екі мыңға жуық адам баспана салу мүмкіндігіне ие болмақ

Аппарат басшысы мектеп қасындағы жаңа тұрғын алқабында жасалып жатқан инфрақұрылым тарту жұмысымен де танысқан болатын. Шәкен Ниязбеков елді мекенінде жер телімі кезегіне 150 адам тіркеліпті. Биыл инфрақұрылымы тартылған алқаптан кезекте тұрған 97 азаматқа жер телімі берілмек. Сонымен бірге бұл тұрғын алқапта 140 орындық балабақша салу да жоспарға енгізіліпті. Аудандық құрылыс бөлімі қабылдау актісін берсе, округ әкімі жерді кезек бойынша үлестіруге дайын.
Жалпы аудан бойынша кезекте тұрған 11 мыңнан аса тұрғынды жер телімімен қамту мақсатында Айша бибі, Бірлесу-Еңбек, Бектөбе, Қызылқайнар, Аса, Тастөбе, Ш.Ниязбеков ауылдарында жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін, су және газ жүйесін тарту мақсатында бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінген. Инфрақұрылымды тарту арқылы алда
1 882 аудан тұрғынын жер телімімен қамту көзделген. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбековтың айтуынша, жуық арада жер телімдері үлестірілмек.
Аппарат басшысы Расул Медетов мұнан соң Айша бибі ауылындағы 382 жер теліміне жүргізіліп жатқан инфрақұрылым барысын көрді. Ондағы электр желісі, газ тарту мен таза ауызсу құбырын тартумен «Арай-СтройМаркет» ЖШС айналысуда. Серіктестік директоры Мұратбек Есбаевтың айтуынша, жолға қиыршық тас төселіп, газ жəне электр желісі тартылған. Қазіргі таңда таза ауызсу желісі жүргізілуде. Ол жұмыс аяқталса, жер телімін беру басталмақ.
Айша бибі ауылдық округі әкімі Дармен Даулетовтың айтуынша, жер теліміне кезекке тұрғандар саны – 925 адам. Биыл оның үштен бір бөлігі жер телімімен қамтылмақ.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Расул Махмудұлы «Өздеріңіз жақсы білесіздер. Өткен жолы облыс әкімі Бердібек Машбекұлы осы тұрғын алқаптардың барысымен танысқан кезде ауыл азаматтарына жер телімін кезектілікпен үлестіруді дұрыс орындап, бақылауды тапсырған болатын. Аймақ басшысының осы тапсырмасын назарға алып, жер телімін үлестірерде оны қаперлеріңізде ұстауларыңызды сұраймын», деді.

Қауіпсіздікті естен шығармаған жөн

Бұдан кейін аппарат басшысы Бектөбе ауылындағы Амангелді Иманов атындағы орта мектептің де құрылыс жұмысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын қолға алған «Invest Kapatal Stroy» ЖШС директоры Жақсылық Файзоллаевтың айтуынша, мектептің күрделі жұмысына 112 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға мектептің шатыры ауыстырылып, ішкі әрлеу, еден, жылу, кәріз, электр жүйелері және сыртқы келбеті ретке келтірілуде. Мердігер нысанның құрылыс жұмысын 25 тамызға аяқтап, тапсыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ Айша бибі тұрғын алқабындағы жаңа соғылып жатқан 300 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмысын көрді. Айша бибі ауылындағы 640 орындық орта мектепте бүгінде 1 200-ден астам бала білім алуда. Ауылдағы жаңа мектеп құрылысы балалардың мектепке сыймай қалу қаупінің алдын алады дейді аудан басшылығы. Өйткені бүгінде бұл ауыл тұрғындары ғана емес, ондағы баспана саны да екі есеге артқалы тұр.
Келесі кезекте аппарат басшысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсыруымен Айша бибі орта мектебіне жүргізіп жатқан күрделі жөндеу жұмысының барысымен де танысқан болатын.
«Жаңатас Құрылыс Сервис» ЖШС-ның орындаушы директоры Болат Үсембаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Мектеп құрылысын 20 тамызда тапсыруды жоспарлап отыр.
Ондағы ашық тұрған терезе желдеткіштеріне назар аударған Расул Махмудұлы «Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бақылаудан шықпауы керек. Өйткені екінші, үшінші қабаттардағы терезелердің ашып-жабылатын бөліктері балалардың терезеден секіріп кету қаупін тудыруы мүмкін. Сол үшін ол желдеткіштердің қауіптілігінің алдын алу жағын назардан шығармаған абзал», деп ескертті аппарат басшысы мердігер мен мектеп директорына.
Бұдан кейін облыс әкімі аппаратының басшысы Айша бибі округ əкімдігі аппаратының «Е-өтініш» және «Е-халық» ақпараттық жүйелерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар Айша бибі ауылдық кітапханасындағы коворкинг орталығы мен Цифрландырылған ақпараттық орталық жұмысын көрді. Орталықта кітапхана меңгерушісі Сауле Мусралиеваның айтуынша, цифрландырылған орталықта 15-тен астам қызмет көрсетіліп, анықтама берілуде.
– Мәдениет орталығында халыққа қызмет көрсететіндей барлық мүмкіндік бар екен. Мұнда мүмкіндігінше ауыл жастарының келуін, оларды кітапханаға, мəдениет үйіндегі үйірмелерге тартуды қамтамасыз еткен жөн. Жастардың үйірмеге қатысуы арқылы жастардың белсенділігі артады, – деді аппарат басшысы.

Зауыт өзін қажет шикізатпен қамтуға мүдделі

Бүгінгі таңда «Super-Pharm» фармацевтикалық зауыты жылына 15 миллион дана бірреттік медициналық бұйымдар шығарып келеді. Ал зауытта 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жұмысын 2011 жылы 15 түрлі медициналық бұйым жасаумен бастаған зауыт бүгінде 400-ге жуық фармацевтикалық заттарды шығарады. Зауыт өнімін өз мемлекетімізде кеңінен пайдаланылады, сондай-ақ оның өнімі көрші мемлекеттерге де экспортталады.
Зауытта тоқылмаған материалдан жасалған бірреттік стерильді емес «Нәрия» медициналық халаттары, хирургиялық киімдер жиынтығы, аса жұқпалы және инфекциялық аурулардан сақтануға арналған бетперделер мен шприцтер, системалық құралдар, спиртті салфеткалар мен бинт, лейкожапсырмалар, ота жасауға арналған құрал-жабдықтар, қайшы, пышақтар жиынтығы өндіріледі.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры Қайрат Қаймолдаевтың айтуынша, осы күнге дейін медициналық бұйымдарды өндіру үшін шикізатты сырттан тасымалдайтын болса, енді сол шикізатты өндіру үшін зауыттың қасынан үлкен корпустың құрылысы басталған. Келешекте зауыттың қуаттылығы артып, жұмыспен қамтылатын азаматтар қатары арта түспек.
Құрылыс жұмыстары мен қажетті құрылғыларды орнату үшін 1,7 миллиард теңге жұмсаған серіктестік келер жылдың мамыр айында жұмыстарды толықтай аяқтап, жүзге жуық адамды қосымша жұмыспен қамтымақ. Сондай-ақ бұл корпуста мұнай қалдықтарынан ауыл шаруашылығы, жол жасау, құрылыс заттарына қажетті шикізат өндірілетін болады деп жоспарлануда.
– Күніне мұнда 200 мың бетперде тігілуде. Қызметкерлерді жеміс-жидекпен қамту мақсатында 1 200 түр жеміс ағашын отырғыздық. Сонымен қатар қой, жылқы жəне мүйізді ірі қара бордақылаумен айналысудамыз. Құс, тіпті бөдене, қырғауыл мен түйеқұс та бағылып жатыр қорамызда. Осылайша қызметкерлерімізді өз өнімімізбен қамтып, асхана жұмысын жолға қойып отырмыз, – деді кәсіпкер.
Аппарат басшысы зауыт жұмысына оң бағасын берді.

Шипажайға келушілер көп

Расул Медетов «Айша бибі» шипажайының да жұмысымен танысты. Оның жұмысы туралы шипажай басшысы Сəуле Қункашева айтып берді. Оның айтуынша, шипажай 120 орынға арналыпты. Бұған дейін 7 сырқат түрін емдеп келсе, пандемия басталғаннан кейін науқастарды бар болғаны үш түрі бойынша емдеуде. Атап айтсақ, қазір мұнда үшінші этаптағы медициналық реабилитациялық көмек көрсетіледі. Негізінен шипажайда сүйек жəне буын, тірек-қимыл тағы басқа аурулар жатып ем алуда. Облысымыздан бөлек, шипажайға Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларынан да емделуге келушілердің саны едәуір артыпты.
Шипажай қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Негізгі ем балшықпен жəне сумен жасалуда. Шипажай жыл бойы жұмыс істейді. Ем қабылдаушылар арнайы жолдамамен жəне ақылы негізде қарала алады. Мұндағы Əулиекөлдің табанынан алынған балшықтың құрамында Менделеев таблицасындағы шипалы элементтердің барлығы бар көрінеді.
Шипажай директоры мұнда интернет желісінің өте нашар жұмыс істейтінін, оның жылдамдығын арттыруға көмек беруін жəне көлік қатынасын орнатуды сұрады.
Аппарат басшысы бұл мәселелерді облыс деңгейінде шешуге тырысатынын жеткізді.

Әлеуметтік дүкен әлеуметтің игілігіне айналмай тұр

Бұдан кейін аппарат басшысы Аса ауылында ашылған əлеуметтік дүкеннің жұмысын көрді. Онда əлеумет­тік маңызы бар азық-түліктің 19 түрі қойылуы керек болса, біраздан бері мұнда «Тараз» əлеуметтік кəсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на қарасты тұрақ­тан­дыру қорынан ешқандай азық-түлік жеткізілмепті.
Кəсіпкер Батырбек Нупбаев бүгінге дейін тұрақтандыру қорынан азық-түлікті өзі тасымалдап келіпті. Енді олардан біраздан бері азық-түлік алмаған кәсіпкер қолында барымен сөрелерді толтырып отырғанын жеткізді.
– Менің сұрайтыным бір ғана нəрсе, қарақұмық, қант пен сұйықмайды уақытылы беріп тұрса. Қалғанын өзім-ақ əкеліп, бағасын базар бағасынан төмен бағамен өткеремін, – деді.
Аппарат басшысы бұл мәселені де зерделеп, шешуді тиісті сала басшыларына тапсырып, кәсіпкерге көмек көрсетуді міндеттеді.

Халыққа қызмет –
мерейлі міндет

Келесі кезекте аппарат басшысы халыққа қызмет көрсету орталығында болды. Мұнда халыққа 662 қызмет түрі көрсетілуде. Сондай-ақ халықты жұмыспен қамту орталығының да жұмысын көріп, «Еңбек» бағдарламасының орындалу барысымен танысты. Жалпы орталық 1 225 азаматқа қайтарымсыз грант беріп, әлеуметтік атаулы көмек алушылардың санын кемітуге үлес қосқан. Бұл шара биыл да өз жалғасын табуда. Ал жұмыссыздар саны ауданда
1 200 адам, бірақ оның бүгінде 900-і ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Жұмыссыздық ауданда 4,5 пайызды құрайды.
Сондай-ақ аппарат басшысы аудандық орталық аурухана мен аудандық спорт кешенінде және аудандық полиция бөлімінде болды. Аудандық аурухана қызметкерлеріне екпе ектірушілердің санын арттыруды міндеттесе, спорт кешенінде жастарды спортқа көптеп тартуды тапсырды. Ал аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторларын баспанамен, елді мекендерде ғимаратпен қамту жағын сөз етті.
Сапар соңында аудан активімен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырған тапсырмаларының барысы пысықталды. Расул Махмудұлы жиын қорытындысында аудан басшылығына тапсырылған жұмысты қадағалауды, бағдарламалардың орындалуын бақылауды міндеттеді.

Марат Құлыбаев,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.