Облыстық әкімдікте

Талап жеңілдесе де, тәртіп күшінде

Written by Aray2005

Өңір тұрғындары 4 мамырдан бастап карантиндік шаралар күшін жоя бастайды деп ойлауы мүмкін. Сол үшін облыс аумағында карантиндік шаралардың айтарлықтай жеңілдеуіне жол берілмейтінін ескерткіміз келеді. Негізі бұл туралы тиісті шешімді облыстық жедел штаб аймақтағы эпидемиялық ахуалды және коронавируспен ауырған азаматтар санының артуын ескере отырып қабылдады.

Еске салсақ жедел штабтың шешіміне сәйкес, 28 сәуірден бастап аймақта рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі кеңейтіліп, карантин режимі біршама жеңілдетілген болатын. Атап айтқанда азық-түлік емес тауарларды сату бойынша ұсақ сауда объектілерінің (ауданы 100 шаршы метрге дейін) қызметіне рұқсат берілген. Оның ішінде тұрмыстық химия және шаруашылық тауарлар дүкендері бар. Сондай-ақ автосалондар, құрылыс материалдары дүкендері, автокөлік қосалқы бөлшектерін сату орындары, (автомобиль қосалқы бөлшектерін сату жөніндегі базарларды қоспағанда) көлікжуу, техникалық қызмет көрсету стансалары, ломбардтар, нотариалдық және адвокаттық кеңселер, тігін және аяқкиім шеберханалары, химиялық тазалау және кір жуу орындары қайта іске қосылды. Жұмыс уақыты – сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін бекітілді.
Олардың қызметін қайта бастаудың міндетті шарттары сақталуы керек. Атап айтсақ, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау, санитарлық тазартқыштардың, медициналық маскалардың, қолғаптардың және тағы басқа қорғаныс заттарының болуы маңызды.
Бірақ облыс тұрғындарының қызмет алу үшін үйден ұзап кетуіне болмайды. Әркім тұрғылықты жеріне немесе жұмыс орнына жақын орналасқан осы нысандарға ғана бара алатынын қаперде ұстағаны абзал. Алдағы уақытта басқа да кәсіпкерлік нысандарды өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, кезең-кезеңімен ашу жоспарланған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР