Абай-175

Талаптың мініп тұлпарын…

Written by Aray2005

Сақара кемеңгері, дана Абайдың әр сөзінен бір-бір кітап жазуға болады. Ұлы ақын шығармашылығы – шыңыраудай терең, аспандай тұңғиық қазына. Қазақтың басына қонған бақ, маңдайына біткен асыл мұра.
Ол – әділет жыршысы, адамзаттық құндылықтар жаршысы, азаттықты аңсаған ұлт қайраткері. Өмір бойы таным-білім үшін күресті, отырықшылықты үндеді.
Ұлы дала перзенті, шалқар дала шайыры, ғажап ойшыл Абай туған елін қала салуға, өндіріс ұйымдастыруға ынталандырды. Ол бір тараптан, алғашқы технократтардың бірі. Жоспармен өмір сүруге, құндылық қалыптастыруға, құн жасауға, тауар өндіруге, қатардан қалмауға шақырды, насихаттады.
Сөзі сүйекті, мінезі ірі, дауысы зор. Дабысы ұзақ.
Оның әр сөзі – мәтел. Халық аузында жүрген, ел арасында кең тараған өсиет. Жұрт оны халықтыкі деп ойлайды. Бұдан артық абырой, бұдан асқан атақ бар ма?
Үш жүздің басын қосқан Абылай болса, рухани топтастырған, тұтастырған – Абай. Қазақ Абайды жақсы көреді. Алаштың сыншысы – Абай. Сайыпқыран сынға деген қазақ бойындағы махаббат – елдігіміздің белгісі. Тоқмейілсіген халықтың өсуі тоқтайды. Абайдың сыны – жанашыр сын. Бізді сергек жүруге үйретеді.
Бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық қазақтың мұраты баянды болсын десек, Абайдың айтқандарымен жүргеніміз абзал. Өлең-жыры, қара сөзі – ескірмейтін, көнермейтін, мәңгі жарқырап, нұрланып тұратын інжу-маржан.
Ұлт идеологиясы Абай шығармаларында жазулы. Әр сөзі келешекке жетелейді. Ол – болашақты болжаған кемел адам. Толық адам.
Шығармаларының негізгі философиясы – озық қазақ қоғамын қалыптастыру, білімді, білікті, кәсіп меңгерген ел құру. Ескіні қойып, жаңаға талпыну. Көненің көріктісіне бастау, жаңаның жаманын тастау.
Демек, Абай дәстүрдің озғанына қол созып, тозғанынан бас тартуға шақырады. Бірақ, бұның бәрі талап қылған елге, талаптанған ерге беріледі.
Ендеше, ұлтымыздың ұл-қызы биіктерге самғасын!

Айнұр Омарова,
Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Байзақ ауданы

ПІКІР