Жамбыл жаңалықтары

Талас ауданында ет пен сүт кластерлері дамуда

Written by Aray2005

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Талас ауданының әкімі Д. Алиевтің қатысуымен брифинг өтуде. Жиын барысында аудан әкімі Талас ауданында ет және сүт өнімдерін өндіруге де үлкен назар аударылып отырғанын айтып өтті.

Мәселен, 2019 жылдың 4 айында «Меркі ет комбинаты» және «Оңтүстік халал ет тағамдары» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 5 тонна қозы еті өткізіліп, жоспар 100,0 пайызға орындалған. Сондай-ақ, Үшарал ауылдық округіндегі «Әден» шаруа қожалығы мал бордақылап, өзінің Тараз қаласындағы консервы өңдеу цехында қой, сиыр, жылқы және түйе етін консервілеп өткізіп келеді екен.

– Сол сияқты, «Ақбас» және «Ынтымақ» шаруа қожалықтары 500 бастық және 1000 бастық мал бордақылау аландарын салуда. Қазан айынан бастап мал бордақылау жоспарлануда. Бордақылау алаңдарына 2019 жылдың І жарты жылдығында 50 бас бұқашық өткізу белгіленсе, орындалуы бүгінгі күнге 345 бас болып отыр, – деді Д. Алиев.

Досмаханбет Қасымұлының айтуынша, көрсеткіштерді арттыра түсу мақсатында ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша 2019 жылдың 4 айында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Қызыләуіт ауылдық округіндегі «Ынтымақ», «Кәусар» шаруа қожалықтары Германиядан 114 бас етті-сүтті бағытындағы «Cимменталь» тұқымды мүйізді ірі қараның аналық басын әкелген.

Ал, сүт өнімдерінің көлемін арттыру үшін Қаратау қаласында тәулігіне 2 тонна сүт өнімдерін өндіретін цех ашу мақсатында жеке кәсіпкер «Сержанов» тарапынан жұмыстар жасалуда. Жобаның құны 28 млн. теңгені құрайды. Қазіргі таңда несие алу бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, Қызыләуіт ауылындағы «Ынтымақ» және «Кәусар» шаруа қожалықтары «Аграрлық несие» корпорациясы арқылы 80 млн. теңге несие алып, европадан сүт бағытындағы 120 бас асыл тұқымды сиырын әкелу бағытында жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта сүт фермасын және кішігірім сүт өндеу кәсіпорнын салуды жоспарлап отырған көрінеді.

Бостандық ауылындағы «Тәжібай» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі де биылғы жылы «Ауыл шаруашылығы қолдау қоры» АҚ  арқылы несиеге сүт жинайтын танкер және сүт таситын автомашина алып, сүт өнімдерін қайта өңдеу бағытында жұмыстарын жоспарлапты.

ПІКІР