"Тарих. Таным. Тағылым."

Талас – тарихымыздың түп негізі

Written by Aray2005

ендеше оны туристік аймаққа айналдыруға не кедергі?

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында тереңнен тамыр тартқан тарихымызға тоқталып, туристік кластерді дамыту туралы тағылымды толғаныстарымен бөліскен еді. Байыптап қарай білсек, бұл шынында да болашаққа жасалған баянды бағдар.
Осыдан бірер жыл бұрын Қарабура әулиенің жиынына бардық.
Ескі Созақ кентінің қақ ортасында кесенесі тұр. Бұрын киелі орынға жолымыз түспеген. Сөйтсек, онымыз бекершілік пе деп қалдық. Қазақта «Әруақты сыйлаған азбайды» деген мақал бар. Әруақты сыйлаудың қас үлгісін осы жерден көрдік. Бір қазағың емес, өзбек те, ұйғыр да, қырғыз да «Қарабура біздің де бабамыз» деп осында жүр. Алатаудың бөктерінен келген айыр қалпақты қырғыз ағайындармен тілдестік:
– Басқаны білмейміз, Қарабура – біздің бабамыз. Біздің қырғызда Қарабура районы, сегіз айыл бар, – деп жатыр мақтанып. Сол күні қырғыздардан келген меймандарға сөз соңынан тиген.
– Бізде сөзді ең алғаш қонақтарға береді, – деп айыр қалпақты ағайындарымыз жиын басқарушыларын тағы бір ұялтып, жерге қаратты.
Кесененің маңайы пантеонға айналдырылып, исі Түркі әлемінен шыққан ұлы тұлғалардың есімдері құлпытастарға қашалып жазылыпты. Қорқыт ата, Асанқайғы, қазақтың үш биі, батырларының топырақтары осында. Жамбыл облысын басқарып тұрғанда Серік Әбекенұлы Үмбетов Қарасай бабасының да жатқан жерінен топырағын алдырып, кесене маңына әкеліп, құлпытасқа салып, атын қашатып жаздырған:
Ата-бабаларымызға топырақ бір жерден бұйырсын, – деген екен.
Мұның барлығы исі қазақтың басын біріктіріп, бір шаңырақтың астына топтастырудан туған ниет.

Адамдардың алғашқы тұрағы – Қаратауда

Талас ауданының тарихи жәдігерлерге бай өлке екенін кеңестік ғалымдар ғана емес, патшалық Ресейдің аймақ билеушілері мен жиһанкездері жазудай жазып-ақ кеткен. Солардың ішінде зиялысының бірі – Әулиеатаның билеушісі һәм Сібір географиялық қоғамының мүшесі Каллаур мырза еді. Бертін келе қазақтың өз ғалымдары Әлкей Марғұланнан бастап С.Жолдасбаевқа дейін Қаратаудың құр-қиянын шарлап, ақыры ежелгі адамдардың тұрақтарын, олардың пайдаланған құралдарын тауып, ғылыми бағасын берді.
Қаратау қаласының солтүстігіндегі 18 шақы­рым жердегі «Кептер төбенің» ежелгі адамдардың тұрағы болғаны, оның бұрынғы атауларының «Тәңірқазған», «Бөріқазған» екендігі дәлелденген. Сол төңіректегі кемерлердегі «Шапантайдан» бастап, Найзақызылға дейінгі тастарға шекілеп салынған таңбалардың адамзаттың алғашқы жазулары екендігін және дәлелдеді.
Адамзат тарихында үш мәрте топан су қаптап, мұз дәуірі орнап, осыдан 30-40 мың жыл бұрын Қаратау қыраттары пайда болғанда ежелгі адамдар тасты қашап, киіз үйге ұқсас тұрақ жасап, соны мекен еткен. Тәңірқазған мен Бөріқазғанды сол дәуірдің жәдігері деп бағалаған ғалымдарымыз оны ғылыми айналымға кіргізіп, оқулықтарға жаздырды.
Сан ғасыр бойы адам баласына мекен болған Тәңірқазғанның тұрақ үйшігіне нөсерлетіп жауын жауса да ішіне бір тамшы су тамбауының өзі таңғаларлық емес пе? Одан шығысқа қарайғы татыранды жердегі Бөріқазған тұрағының құлап, үйіндіге айналғаны өкінішті-ақ. Осындай адамзаттың алғашқы тұрақтары Қаратау жоталарының бірінде Қарой ауылының маңында Шабақты өзенінің бойында кездесетінін көзіміз көрді. Ең ғажайыбы тасты ойып, 3 метрге дейін адам денесі сиярлықтай етіп қазылған үңгірде ары қарай киіз үй пішіндес екі бөлменің барлығы кімді де болса таңғалдыратындай.
Таяуда тарихи орындарды әдейі аралап, суретке түсіріп қайттық.
Оған себеп жоқ емес. Қолымызға тиген ақындар Баймаханбет Ахмет пен Ж.Ырысдәулетұлының «Қос иірім» деп аталатын жыр жинағындағы ескі қиссаның қозғау салғаны. Қисса иесі – Жанұзақ жырау. Бұрын-соңды қазақ жырауларының ішінен есімін кездестірген емеспіз. Оның сол дәуірдегі батыр-билердің ұраншысы болғаны және тәп-тәуір жыршы екендігі даусыз. Әттең, жыр-қиссасының толық нұсқасы жетпей, ұйқасының өз мәнінен ажырағандығы көзге ұрып-ақ тұр. Әйтпесе үш жүздің басын біріктіретін тегеурінді туынды екендігіне шүбә келтіре алмайсың.
Сол қиссада Қарауыл батырдың немере-шөберелерінің қолына қылыш-найза алып, төтеннен келген он бес мың қалмаққа қарсы шығып, оларды қырып-жойып, жоңғарларды сары­уайымға салғаны туралы жырланады.
Белгілі тарихшы Әбдіқадыр Жүргеновтің қазақ-қалмақ соғысының үш ғасырға созылғаны жөнінде негіздеп ғылыми мақала жазғанынан хабардармыз. Соның ішінде 1718-1723 жылдары қалмақтар қазақ жеріне 7 мәрте жойқын соққы беріп, ақыры бірлігі жоқ қазақтың тоз-тозы шығып «Қаратаудың басынан көш келеді» деген күйге түскені мәлім. Қисса оқиғасында сол дәуір суреттеледі.
Не керек, саны аз Қарауылдың 6 баласы 300 сарбазымен Бөріқазған мен Тәңірқазғанды сағалап, күші бірнеше басым жаудан жеңіліп, осы арада түгел қырғын тауып, көмусіз қалады. Жауға қарсы шыққан есіл ерлердің аты-жөні былай болып келеді: Тәңірберген, Аллаберген, Арыстанбек, Жолбарысхан, Көкбөріжәдік, Байарыстан.
Осы есімдердің қай-қайсысы да көп жайды аңғартады. Біріншіден, Аққұм, Бостандық ауылының маңында Тәңірберген даласы жатыр, ал мынау Қаратаудың етегінде Жолбарыс қамалы бар. Мұның қай-қайсысы да әлгі батырлардың есімдерімен тығыз байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Жәдік Көкшекөздің бір баласы. Көкбөріжәдік батыр аталуы оның ержүректілігіне берілген атақ болуы мүмкін. Кейбір зерттеушілер Жолбарыс қамал туралы түрлі болжамдар айтады. Бірі Жолбарыс қамалы сол аттас ханның есімімен аталуы мүмкін десе, екінші біреулері сол жерді жайлаған жолбарыстың аты болуы керек дегенге тоқталады. Қазыбек Байболұлының «Төле би» атты дастанында Түркістан билеушісі Жолбарыс ханның жоңғар қалмақтарына қарсы қайрат көрсете алмағаны үшін батырлардың оны жазалағаны туралы айтылса, ол қалай қамал құрып қалмақпен соғысады. Соғысқан күнде қамалдың аты жай Жолбарыс деп аталмай Жолбарыс хан деп аталар еді ғой. Оның үстіне жолбарыстың қамал соғуы да қисынға келмейді. Сондықтан біз оны жоғарыда айтқан Қарауыл батырдың ұлы Жолбарысханның есімімен байланысты аталған деп санаймыз.
Сонымен, 15 мың жоңғар қалмақтарына қасқая қарсы тұрған 300 сарбаздың қаһармандығын ежелгі грек жұртындағы спартандықтардан кем деп кім айта алады? Оларды басқарып, азаттық жолында мерт болған Қарауылдың 6 ұлын қалай мадақтасақ та жараспай ма? Тәңірқазғанның бойында кішігірім Күйген көл жатыр. Аңыз бойынша сол жерде қалың қамысты қалқалап жатқан жоңғарларды қамаққа алған қазақ сарбаздары жан-жағынан өрт қойып, оларды қырғынға ұшыратқан. Алайда қазақ сарбаздарын жеңе алмаған жаулары садақтарының ұштарына
у жағып, сол арқылы жеңіске жеткен.
Жауға кеткен есені қайтармаққа Қарауылдың бір ұрпағы Ботақан қолына қару алып, сарбаз жинап жоңғарларға қарсы шығады. Жоңғар қалмақтарының жиырма мыңдық түменіне атой салған жаужүректердің қолбасшысы Қарауылұлы Кәдірберді, кіші жүзден Сәмеке батыр, Есмырза батыр (Ұлы жүз Ошақты), Тілігінен Қосай, Досай батырлар, оған қоса:
Жаныс, Шымыр батыры,
Түгел екен деседі.
Түгел туған Сүтен де,
Абас, Ағынай, Бөгенбай,
Хан сарбазы Барақ та,
Дәуітпен тең деседі, – деп жырлайды жырау. Содан жоңғардың жиырма мыңына сегіз мың қазақ сарбазы қарсы тұрып, Таластың әр аймағында жан алып, жан берісіп, ақыры жеңіп шығады.
Бірақ бір алапат айқаста Қадірберді қапияда қаза тауып, өлерінде Ағынай інісімен бақұлдасып, Ботақанды аманаттайды.
Алғашқы үлкен соғыс Жәдік көлінің маңында болған. Осы жерде Тәңірберген батыр да қоштасу жырын айтып, 300 сарбазымен Тәңірқазған, Бөріқазған басына қарай аттанады. Соған қарағанда саны аз қазақ сарбаздары ақырында жеңіліп, туған жерлерін тастап, Қаратауға қарай сабылғанға ұқсайды. Жолай Тәңірқазған мен Бөріқазған тұрақтарына жеткенше қалмақтармен сан мәрте айқасып, ақырында спартандарша жан тапсырады.
Сол батырлардан қалған тұяқтар Ботыхан мен Бурахан да кейін ата-бабаларының кегін алып, жоңғар қалмақтарынан жерін азат етеді. Қиссаның өн бойынан қолына қару алып ел қорғаған небір батырлардың есімдерін есту, бүгінгі ұрпаққа мақтаныш сезімін туғызары анық.
Алайда осы тарихты зерделеп, жастардың патриоттық сезімін оятуда Талас ауданында мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатыр деп айта алмаймыз. Шынын айтсақ, зиялымын деп жүргеннің көбісі Тәңірқазғанның қайда екенін де білмейді, елі үшін еңіреп, опат болған 300 «спартандықтан» да бейхабар.
Ауданның тарихи-өлкетану мұражайында өткен тарихымызды жіктеп, саралау бағытында нақты ғылымға негізделген жұмыстар жүргізіліп жатыр деуге де келмес. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміндегі тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторының да қолы қысқа ма дерсің. Бір көңілге жұбаныш боларлығы аудан әкімдігіндегі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туристік бөлімі соңғы кездері тарихи орындарға саяхат ұйымдастыруды қолға ала бастады. Облыс әкімдігінің туризм басқармасы құрылып, аталған мекеме өз жұмыстарын жаңғырту үстінде. Оған бек қуанамыз.
Соңғы жылдары ежелгі Тамды қалашығына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді дегені болмаса, жалпы аудандағы бұрын-соңғы тарихи ескерткіштердің жай-күйі де, зерттелуі де, оны шетел саяхатшылары қызығарлықтай туристік бренд жасау жұмысы да шет қалып отырғаны анық.
Ежелгі ескерткіштер саналатын Абдулла ишан, Қарақожа, Ноғай ишан мешіттері соңғы жылдары демеушілердің, мемлекеттің көмегімен ара-тұра жөндеу көргені болмаса, жұртшылықтың, қалың жиһанкездердің көзайымына айнала алмай отыр. ХІ-ХVІІ ғасырдың куәсі саналатын Ақкесене қыруар ақшаға жөнделгенімен, туристер ат басын бұратын орнына айналатын түрі жоқ. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң, халықтың қолдауымен Үшарал ауылында Саңырық батырдың, Ойық ауылында Бөлтірік би шешенінің кесенелері тұрғызылған. Жиын өткізілгеннен кейін ол жаққа да ат ізін салушылар сиреді. Соңғы жылдары Ойық ауылындағы Бөлтірік шешеннің кесенесінің маңайы қоршалып, абаттандырылуда. Биыл да біраз көшет отырғызылды. Елін сүйген ер-азаматтар кесенені туристік нысанға айналдыруды ойластыруда. Жақында біз сол жерде болып, кесененің маңайына шешеннің сөздерін жазғызып, 200-300 орындық жай соғып, сол жерде шешендік сөздер сайысын өткізу, ақындар айтысын ұйымдастыру дұрыс болар еді деген ұсынысымызды айттық. Бәлкім, осы төңіректен шыққан Ерназар, Жамбылхан, Бейбіт болыс, Ілебай сияқты тұлғалардың жатқан жерінен топырағын алып, Қарабура әулиенің пантеонындай етіп белгі тастар орнатса, нағыз киелі орын саналар еді. Бұл біздің ұсынысымыз, әрине. Атақ-даңқы Ұлы далаға әйгілі Саңырық батырдың кесенесінің маңайын да қасиетті орынға айналдыратын кез жетті. Оның үстіне батырдың кесенесін қайта жаңғырту керек сияқты. Аталмыш кесененің маңайында сәулет өнерінің үздік үлгісі саналатын Абдулла ишан мешіті, Шегебай және Мықы батырлар кесенесі, құрылысы енді басталған Орынбай қалпенің мешіті бірыңғай орналасқан. Барлығын қоршап, қасиетті орынға айналдыруға сұранып-ақ тұр. Тағы бір киелі орын – Көшек батырдың кесенесі. Оның қазіргі жағдайы жақсы. Бірімен-бірі жалғасып жатқан тарихи нысандардың ортақтығын ойластыру керек. Арнайы туристік қызмет те ұйымдастыруға болатын сияқты.
Қаратау баурайындағы Қотырбұлақ әулие, Арбатас әулие, Жарғантас және Тамды әулие деген жерлерге де соңғы жылдары кесенелер салынып, ел жұрттың баратын, емделетін, сыйынатын орнына айнала бастағаны қуантады. Әсіресе Қотырбұлақ маңында әулиелер жатыр деген аңыз әңгіме құлаққа енетін сияқты.
Ежелгі жазулардың түп атасы саналатын тастағы ою-өрнектердің де бүгіндері қашалғандарына 3-4 мың жыл өтсе де өз қалпын сақтады дегенімен табиғат қиянатына шыдамай, біртіндеп көмескіленіп барады. Сірә, олар да тылсым дүние тәрізді бір күні ғайып болар?! Әлгі ұйымдастырылатын туристік сапар кезінде тас бетіндегі петроглиф таңбаларын да жолай көре кетсе, осыдан 3-5 мың жыл бұрынғы адамзат баласының қолтаңбасын көрер еді.

Жәдігерлерімізді көрсете алып жүрміз бе?

Құдайға шүкір, Талас ауданында ұрпақтары мақтан ететін тарихи орындар да, жәдігерлер де жетерлік. Аса құндылары патшалық Ресей мен Кеңестік кезең кезінде сол жақтағы мұражайларға асты деп естиміз. Талас жазулары облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы.
Өркениетті мемлекеттер өздерінің тарихына қатысты жерлерді, қасиетті орындарды, құнды жәдігерлерді мақтан ете көрсетіп, жар салып жатады. Реті келсе қаржы аямай мұражайларға айналдырады. Ұлыларының ұлағатты сөздерін әспеттеп жаздырып қояды. Небір түрлі альбомдар жасайды. Қойшы, әйтеуір жұртшылықтың назарын аударатын, тамашалап көретін, ақырында табыс әкелетін салаға айналдырады. Мысалы, Қотырбұлақ әулие кесенесін алайық. Осындағы шырақшының айтуынша, мүк басқан тастың бетінде Пайғамбарымыздың мөрі бар. Сонау ықылым заманда бұл өңірде Нұқ, Сүлеймен пайғамбарлар болыпты-мыс. Айтып-айтпай не керек, Мысыр патшасы да осында жатыр дейді. Әрине, мұның барлығы аңыз-әпсана. Сөйтсе де адам қызығарлық әңгіме емес пе? Ал бүгіндері бұзылып кеткен Көккесене кесенесінде Алпамыс батырдың сүйген жары Гүлбаршын жатыр дегенге сенесіз бе?
Осы аңыз-әңгімелерге қарап, әттең-ай, соларды зерттеп-зерделеп, түйіндеп шықсақ, тұтас бір тарихи оқиғаларға қанығар едік-ау деп ойлаймын. Әрине, бұл жұмыс тұлғалы ғалымдардың араласуын қажет ететін дүние.
Әңгімеміздің басында айтқандай, Түркістан облысындағы Созақ ауданында ел, жер атауларына қатысты мекендердің барлығы зерделеніп есепке алынып, қалың жұрттың тәу ететін, сыйлайтын мекендеріне айналдырылған. Аудан орталығындағы С.Қожанов атындағы аядай мұражайдан ауданның өткені мен бүгінгісін көре аласыз. Өзіміздің облыстағы Мерке мұражайы да жәдігерлердің молдығымен сізді қызықтыра алары даусыз. Сарысу ауданындағы Саудакент ауылынан Жайылмаға қарай бұрылар жол бойындағы «Ұлы Жібек жолы» деген жазу да көңіліңізді селт еткізері анық.
Өкінішке қарай, Талас ауданында тарихи орындар мен жәдігерлерімізді жарқыратып көрсете алмай отырған жайымыз бар.
Жоғарыда айтқанымыздай, Созақ ауданында туристік агенттік жұмыс жасайды. Онда тарихи орындарға саяхатшыларды тасымалдайтын арнайы көліктер бар.
Көрсетеміз десек, Талас ауданында да тарихи орындар жетерлік. Тіпті күні кеше ғана ауданымызға көп жақсылық жасаған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың, қазақтың біртуар ұлы Мұстафа Өзтүріктің халқымен қауышқан жеріне белгі тас қойса да жарасар еді. 1991 жылы Талас ауданына қазақтың қос ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев келіп, халықпен қауышты. Ол да біле білсек, тарихи оқиға емес пе? Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Көшек батыр кесенесіне келіп, ата-бабасының әруағына құран бағыштатты. Заманалар өтер, ал бірақ ұлылардың өлкеге арнайы ат басын бұруы қайталанбас дүние. Соларды да осы бастан есепке алып, есті іс жасасақ, қанекей.
Тегінде, осы жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін мақсатты, жүйелі жұмыс жасау керек екендігі байқалып-ақ тұр. Бар тарихи ескерткіштерді есепке алып қана қоймай, оны киелі, қасиетті орындарға айналдырудың мезгілі жетті. Оның арғы жағында мықты бизнес-жоспарға негізделген туристік брендті дамыту идеясы жатыр. Тарихи орындарды нақтылап, жөндейтіндерін реттеп, туристік-географиялық карта жасап, агенттік ашып, саяхаттар ұйымдастырып, түрлі іс-шаралар өткізу, маңайларына қонақүйлер мен тұрақтар, асханалар соғу, ұлттық салт-дәстүрді, аңшылықты қайта түлетіп, түрлі жарыстар ұйымдастыру, бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен іскер кәсіпкерлер бірлесе отырып жасайтын жұмыстардың парасы осындай болмақ. Сонда тарихымызды түгендеп, бірнеше жұмыс орындары ашылып, туристік кластерден жергілікті бюджетке қыруар қаржы түсірер еді. Әлемнің көптеген мемлекеттері туризм арқылы тұрмысын түзеп отырғандығы оған нақты дәлел. «Өткен тарихыңа тас атсаң, болашақ сені зеңбірекпен қарсы алады» деген екен бір данышпан. Сондықтан Елбасының атап көрсеткеніндей бүгінгі ұрпақ өзінің өлкесінің тарихын біліп және онымен мақтана алатындай, Отанын сүйетіндей дәрежеге жету үшін өлкеміздің тарихын зерделеп, насихаттай білуі, бүгінгі руханияттың өзегіне айналдыра алуы тиіс. Бұл жұмыстан зиялы қауым мен билік басындағылар шет қалмаса екен деп тілейміз.

Түйін

Ұлы даланың ұрпақтары өткен тарихымен мақтанып, болашағына сеніммен қарауы тиіс. Жақында ғана Талас аудандық білім бөлімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бір топ ұстаздарды Түркістан өлкесіне сапарлатып қайтты. Әулиелі жерлерді аралатты. Алған әсерлері зор. Алайда ел азаматтары, ең алдымен, өзінің туып-өскен жерінің тарихын танып, қастерлей алса, құба-құп емес пе! Өз өңірінің қасиетін сезіне білген жан ғана отаншыл болмақ.

Сәулембай Әбсадықұлы,
ҚР Үздік өлкетанушысы, тарихшы,
Талас ауданы, Қаратау қаласы 

ПІКІР