Қоғам

Таласта көңіл тасытар тірлік көп

Written by Aray2005

Талас ауданында халықтың орташа айлық жалақысы жыл басынан бері
99 524 теңгені құрап, ол өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 31,4 пайызға өскен. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Досмаханбет Әлиев өзінің 2019 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндамасында атап өтті.

Жалпы, аудан әкімі ә дегеннен ағымдағы жылдың 4 айында Талас ауданы тұрғындарының ынтымағы мен бірлігінің арқасында ауқымды міндеттерді жүзеге асырып, барлық сала бойынша негізгі көрсеткіштердің өсіміне қол жеткізіліп, оң динамика қалыптасқанын жеткізді.
Айталық, ауданда жалпы өндірілген өнімнің және қызметтердің көлемі 11 миллиард 991 миллион теңгені құрап 118,4 пайызға, немесе 1 миллиард 861 миллион 300 мың теңгеге артық орындалыпты. Ал өнеркәсіп өнімдері 8 миллиард 412 миллион 600 мың теңгеге өндіріліп, өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері
1 миллиард 395 миллион 100 мың теңгеге артық немесе 119,9 пайызды құрапты.
Десе де 2019 жылдың қаңтар-сәуір айларына негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі
1 миллиард 869 миллион 700 мың теңге болып, былтырғы жылмен салыстырғанда 605 миллион 800 мың теңгеге кем орындалған.
Сондай-ақ аудан әкімі Д.Әлиев индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасының орындалуы, кәсіпкерлік саласы, «Бастау Бизнес» жобасы және басқа да несиелер, сауда тауар айналымы, ауыл шаруашылығы саласы бойынша да негізгі көрсеткіштерге тоқталып өтті.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімі 2 миллиард 189 миллион 800 мың теңгеге өндіріліп, 101,7 пайызға орындалыпты. 2018 жылдың 4 айымен салыстырғанда аудандағы мал саны да өскен екен. Сондықтан ет экспорты бойынша да көрсеткіштер көңіл көншітерлік.
Аудан әкімі брифинг барысында егін жинау және күзгі егіс-дала жұмыстарының жай-күйіне де тоқталды.
– 2019 жылдың өнімі үшін барлығы
12 171 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру және 1 600 гектар пар дайындау жоспарланған. Яғни барлық егістік жердің 60 пайызы игеріледі.
Сәуір айының соңғы мәліметі бойынша көктемнің өткен кезеңінде 3 286 гектарға (83,2 пайыз) ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Жаздық арпа, мақсары, картоп, қант қызылшасы, көпжылдық шөп егістері, бақша, көкөніс, дәндік жүгері және күнбағыс егісі толығымен егілді. Айта кететін жайт, 2019 жылдың өнімі үшін жоспарланған
3 200 гектар күздік бидайдың орнына
4 000 гектар жерге күздік бидай артығымен себілді, – деді Д.Әлиев.
Әрине, мемлекеттік бюджеттің кірістері көңіл көншітпейінше бюджетке тәуелді көп тірліктің күрмеуін шешу күрделі мәселе екені сөзсіз. Сондықтан аудан әкімі кірістер бойынша жоспардағы 3 миллиард
507 миллион 357 мың теңгені 102,8 пайызға аздаған артық кіріспен (97 миллион 12 мың теңгеге артық) орындалғанын, алда салық түсімдерін арттыру және инвестицияларды тарту үшін қазіргі таңда ауданда бірнеше жобалар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Құны 3,7 миллиард теңгені құрайтын, қуаттылығы 9 МВт болатын жел электр энергиясын өндіру мақсатындағы «Вин Пауер Сити» және «Вин Электрсити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі және «Амангелді ГАЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Айрақты» кен орнында қосымша ұңғымаларды іске қосу жоспарлануда.
Бүгінгі күні «Урба Солар САС» франциялық компаниясы тарапынан қуаттылығы 50 МВт күн электр стансасын салу бағытында 150 гектар жер бөлу туралы ұсынысына байланысты қазіргі таңда жер қарастыру мақсатында жұмыстары жүргізілуде, – деді ол.
Аудан әкімінің айтуынша, биылғы жылдың 4 айында құрылыс жұмыстарының көлемі 768 миллион 400 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 177 пайызға орындалған. Аудан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі
2 980 шаршы метрді құрап, көрсеткіш 100,2 пайызға жетті.
Сонымен қатар Д.Әлиев бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отырған «Қолжетімді баспана – 2020» және «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламаларының» аудандағы орындалу барысы жайлы да кеңірек айтып өтті. Бүгінде «Қолжетімді баспана– 2020» бағдарламасы аясында: Қаратау қаласында жалпы ауданы 27 752 шаршы метрді құрайтын 440 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өткізіліп, кезекте тұрған азаматтарға ретімен берілуде.
Сондай-ақ қаладағы бос тұрған
3 көп­қабатты тұрғын үй-коммуналдық меншікке алынып, бұл жұмысқа аудандық бюджеттен 14 миллион 910 мың теңге бөлініпті. Қазір үйлерді қайта жаңғырту және инфрақұрылымын қайта құруға жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жалпы, Қаратау қаласы бойынша бос тұрған 15 көпқабатты тұрғын үйді сот шешімі арқылы коммуналдық меншікке алу мақсатында тиісті жұмыстар қолға алыныпты. Әр сот шешімінің тиісті мерзімі болғандықтан қаладағы мұндай үйлердің қашан толық жөнделіп, тұрғындарға берілетіні уақыт еншісіндегі шаруа болып тұр.
Бүгінгі күнге көпбалалы немесе жағдайы төмен отбасыларды уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Қаратау қаласындағы 3-ықшамауданының №3 және №4 жатақханалары аудандық соттың шешімімен коммуналдық меншікке алынып, қайта жаңғырту жұмыстарына 452 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіпті. Одан бөлек демеушілер есебінен 3 көпбалалы отбасыға Бостандық, Ойық және Үшарал ауылдарында 3 үй сатып алынған.
Ал «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында қазіргі таңда Қаратау қаласында 3 көпқабатты тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Газдандыру ісіне келсек, Қаратау қаласы мен 14 ауылдық елді мекенге газ құбыры тартылған. Қазір ауданның 5 елді мекеніне және Сарысу ауданының 4 елді мекеніне тартылатын газ құбырын салуға 2018 жылы 2 миллиард 344 миллион 588 мың теңге бөлініп, 2019 жылы аяқтау жұмыстарына 220 миллион 840 мың теңге бөлініпті. Бұл бағытта жұмыстар басталып кеткен екен.
Аудандық маңызы бар 32 шақырымдық Ақкөл-Талапты автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарына 501 миллион 673 мың теңге бөлініп, мұнда да жұмыстар басталған. Ал біраздан бері жүргіншілерді әбден мезі еткен Қаратау-Ақкөл бағытындағы облыстық мәндегі 28 шақырымдық жол келесі жылы қайта жаңғыртылмақ. Өйткені жол әбден тозғандықтан күрделі жөндеуге келмейді. Жөндеу жұмыстары келесі жылдың жоспарына енгізіліп отыр. Жоба құны – 2,8 миллиард теңге. Нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп қойған.
Баспасөз мәслихатының соңында журналистер де аудан әкіміне сұрақтар қойып, спикер бірқатар өзекті мәселелердің тиісті жауабын берді.

Жасұлан БАҚЫТБЕКҰЛЫ

ПІКІР