"Алтын бесік"

Таласта қызылша шықпайды деп кім айтты?

Written by Aray2005

«Бекендіктер» балтамыр баптауға білек сыбана кірісуде

Бүгінде облысымызға қарасты Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай, Жамбыл, Байзақ аудандарында жыл сайын мыңдаған гектар алқаптарға тәтті түбір егіледі. Қазіргі таңда аталмыш аймақтарда қызылша өсіру жүйелі түрде жолға қойылды десек те болады. Өкінішке қарай, кейбір аудандардың түрлі себептермен әлі де болсын балтамырға «бас ауыртпай» отырған жайы бар.

Мәселен, Талас ауданында сонау 1992-1995 жылдары егілгені болмаса одан бергі уақыт аралығында қызылшаға ешкім қызығушылық танытпаған екен. Осы орайда, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубай аймақта қызылша өсіруге ниет танытқандар табылғанымен, бірқатар мәселелердің бар екенін ашық айтты.
– Негізі, ауданның жері шөлейтті болғандықтан, егін шаруашылығына қарағанда мал шаруашылығы ерекше дамыған. Дегенмен, егін шаруашылығымен айналысып та еселеп пайда табуға болатынын насихаттаудан ешқашан жалыққан емеспіз. Рас, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, отандық нарықтағы өз өнімдеріміздің үлесін арттыру мақсатында қант қызылшасын өсіруге ерекше көңіл бөлінуде. Әрине, ауданымызда егін шаруашылығымен айналысып жатқан шаруа қожалықтар да жоқ емес. Бірақ, қызылша өсіруге келгенде қорқақтайды. Себебі, қазірдің өзінде Талас өзенінде су жоқ. Ал, қызылшаны қазанға дейін суарып отыру керек. Су болмаса, еңбегіңнің еш кететіні анық. Одан бөлек, Т. Рысқұлов, Қордай, Жамбыл, Байзақ аудандары секілді емес, Талас ауданы облысымыздағы қант зауыттарынан кемінде 100 шақырымдай қашық. Яғни, су тапшылығы мен тасымал мәселесі қол байлап тұрған жайы бар, – дейді Ауданбек Тәжібекұлы.
Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, мұнан өзге де диқандар қауымын алаңдатып тұрған мәселелер баршылық. Алайда, кедергілерге қарамастан араға 18 жыл салып ауданда қызылша өсіру қайта қолға алынды. Атап айтқанда, Ақкөл ауылындағы «Бекен» шаруа қожалығы бүгінгі таңда 120 гектарға қызылша егіп, көпке үлгі болуда. Тәтті түбірдің табыс көзі екенін айқын түсінген шаруа қожалығының төрағасы Нұржаппар Исахметов бұдан бірнеше жыл бұрын сынақ ретінде аздаған гектарға қызылша егіп, мол өнім алуға мүмкіндіктің зор екеніне көзі жеткен соң биыл білек сыбана іске кірісіпті.
– Жалпы, қожалығымыз бірнеше жылдардан бері егін шаруашылығымен тұрақты түрде айналысып келеді. Қожалықтың иелігінде 4 500 гектар жер болса, оның 270-і суармалы, 600-і
шабындық, қалған гектарлары жайылымдық жерлер. Бұрындары жүгері, қауын-қарбыз, өзге де бақша дақылдарын егіп, өнімдерімізді еліміздің түкпір-түкпіріне, тіпті, Ресейге жіберіп тұрдық. Ал, биылғы жылдан бастап қызылша өсіруге басымдық беріп отырмыз. Негізі тәтті түбір өсіру табандылықты, қол еңбегін өте көп қажет ететін жұмыс. Бірақ, баптай білгенге жер жомарт. Сондықтан, ең бастысы жалқаулыққа салынбай, бел жазбай еңбек ету керек. Шүкір, әзірге барлығы жоспарлағанымыздай дұрыс бағытта келе жатыр. Мемлекет тарапынан тиісті көмектерімізді де алдық. Оның өзі де үлкен демеу болды.
Алайда, су бағасының тым қымбаттығы қалтаға айтарлықтай салмақ салып тұр. Бір айдың өзінде суға 120 мың теңге төледім. Мысалы, бұрнағы жылдары судың 1 кубы 24 тиын болса, биыл үш есеге көбейіп 68 тиынға бір-ақ өскен. Бұл мәселе алдағы уақытта облыстық деңгейде шешімін табады деп ойлаймын,– деген Нұржаппар Орынбасарұлы тәтті түбір өнімділігін арттыруға күш салып жатқанын жеткізді.
Ақкөл ауылының әкімі Асқар Қуаныштың айтуынша, ауылда барлығы 50-ге жуық шаруа қожалығы тіркелгенімен, бүгінде тек саусақпен санарлықтайы ғана жұмысын жүргізіп отырған көрінеді. Ал, «Бекен» ауылдағы егін шаруашылығымен айналысып жатқан жалғыз агроқұрылым екен. Бүгінде қожалық суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару технологиясын қолданып, осы әдістің тиімділігі мен игілігін көріп келеді. Еңбегі рәтті, тіршілігі тиянақты ұжым бүгінде егіншілікпен бірге, мал шаруашылығын да қатар дамытып отыр.

Талғат НҰРХАНОВ

Талас ауданы

ПІКІР