Таласта толайым тірлік бар

0 3

Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде экономиканы қайта қалпына келтіруде кейбір мәселелерді, әсіресе азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін агросекторды қолдау қажеттігін атап көрсетті. «Қазақстанда 1 миллион 700 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Бірақ, олардың өнімі сауда орындары арқылы ресми түрде сатылмайды және өңдеу кәсіпорындарына жеткізілмейді. Мемлекетке бұдан салық түсіп жатқан жоқ. Онда жұмыс істейтіндер әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған», – деді Мемлекет басшысы. Сондықтан ол Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту үшін «Егіс алқабынан – дүкен сөресіне дейін» атты қанатқақты жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырды. Таяу арада оның ауқымы кеңейіп, 2021 жылдың ортасына қарай толыққанды бағдарлама әзірленбек. Мемлекет тарапынан осы бағдарламаны жүзеге асыру кезінде «КазАрго» арқылы жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болатын жеңілдетілген шағын несие беріледі. Мұнда «Даму» қорының кепілдік беру тәсілдері пайдаланылады. Сондай-ақ шаруалардың өнімдерін тұрақты сатып алу және сату жүйесі қолға алынбақ. Осы жоба жүзеге асқанда 2 миллионға жуық ауыл тұрғынының табысын көбейтуге, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жүктемесін 53 пайыздан 70 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік туатын көрінеді.

Негізінен алғанда қанатқақты жоба біздің облыстан бастау алды десе де болады. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында өткен жылы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» қолға алынған еді. Осы ретте жобаның мақсаты мен жүзеге асырылуы туралы аудан әкімі Бақыт Қазанбасовпен сұхбат құрған едік.
– Бақыт Алпысбайұлы, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» Талас ауданында да жақсы жүзеге асып жатқанын естіп-біліп жүрміз. Сол игі бастама аясында ауданнан пилоттық ауылдық округ ретінде алынған Үшарал ауылдық округі тұрғындары іске кірісіп кетті. Жалпы, ендігі аяқ алысы қалай болып жатыр?
– Қанатқақты жоба облысымыздың басты бренді саналады. Ол бойынша әрбір ауладан кәсіп ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтып және өнімдерін кооператив арқылы шикізат өңдеу кәсіпорындары мен сауда нүктелеріне тікелей шығарып, тұрмыстық жағдайын жақсартады. Жоба бойынша несие 2,5 пайызбен 5 жыл мерзімге беріледі. Несие қаржысын қайтару бір жылдық демалыстан кейін басталады.
Өткен жылы Талас ауданынан Үшарал ауылдық округі пилоттық округ болып белгіленді. Округте жалпы Үшарал, Арал, Қайыр сынды үш елді мекен бар және сол ауылдардағы 326 ауладағы халық саны – 2207 адам. Ауылдың тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының 5 бағыты бойынша 669,381 мың теңге қаржы бөлінді. Атап айтқанда, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағыты бойынша ауыл тұрғындарының 55,15 гектар үй іргесіндегі жерлеріне тұқым, тыңайтқыш, гербидциттер алу үшін 20 миллион теңге және 1 дана 0,10 гектар жылыжайға 8,2 миллион теңге есептеліп, бөлінген. Ауылдағы мал шаруашылығын тиімді жүргізу бағыты бойынша 194 ауыл тұрғынынан сұраныс түсіп, олардың мал сатып алулары үшін 492,51 миллион теңге, тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану бағыты бойынша 510 гектар жерге мал азықтық ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін тұқым, тыңайтқыш, гербидциттер сатып алуларына 30 мың теңге, ауыл шаруашылығы кооперативін жабдықтауға – 18 дана ауыл шаруашылығы техникаларына 114,66 миллион теңге, тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыру бағыты бойынша бір наубайхана салу үшін 4 миллион теңге бөлінген.
– Жобаны іске асыру үшін ауыл тұрғындарының малына жемшөп дайындау, олардың өндірген өнімдерін ұқсату және қызмет көрсету мақсатында «Талас-2020» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған-ды. Бұл құрылым бүгінгі күнге дейін қандай жұмыстарды еңсере алды?
– Кооператив төрағасы болып ауыл азаматы Рахымжан Аденов сайланған.
Кооператив бірінші бағыт бойынша ауыл тұрғындарының үй іргесіндегі 55,15 гектар жерін игеруі үшін 20 миллион теңге несие алып, ауыл тұрғындарын тұқым, тыңайтқыш, басқа да қажетті дәрілегіштермен қамтамасыз етуде. Биылғы жылы ауыл тұрғындарының 1 гектар алқапқа қызанақ, 1 гектарға қияр, 8,34 гектар жерге картоп және 44,8 гектарға бақша дақылдарын егуі жоспарланған. Жалпы межеленген ауыл шаруашылығы дақылдары 100 пайыз егіледі деп күтілуде.
Сонымен қатар кооператив ауыл тұрғындарына Меркі ауданындағы бақ өсіретін шаруашылықтардан 1000 түп жеміс ағаштарын да жеткізіп берді. Ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша жерлерін жыртып беріп, қызмет көрсетуде.
Бұдан бөлек ауыл тұрғыны Е.Сыздықбеков 0,10 гектар жерге жылыжай салу үшін 8,2 миллион теңге несие алып, жылыжайға қажетті құрал-жабдықтар сатып әкелді. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары басталды. Қазан айында іске қосуды жоспарлап отыр. Жалпы алғанда бірінші бағыт бойынша 300 аула үй іргесіндегі жерлерін игеретін болады. Ауыл тұрғындары үй іргесіндегі жерлерін кәдеге жарату үшін 105 аулаға құдық қазу жұмыстарын ұйымдастыруда. Бүгінгі күнге дейін 28 құдық қазылды.
Екінші ауылдағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану бағыты бойынша 194 ауыл тұрғынынан сұраныс түсіп, олар 492,51 миллион теңге несие алып, 1807 бас мал сатып алды. Алдағы уақытта сүт, қымыз, ет өндіру бағытындағы жұмыс қолға алынады.
Әрбір отбасыға кепілдіктеріне сәйкес 5 миллион теңгеге дейін несие алуларына мүмкіндіктер беріліп, яғни, бір отбасы 10 сауын сиырын немесе 15 бұқашық немесе 10 жылқы және 50 қойға дейін мал сатып алды.
Үшінші ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану бағыты бойынша кооперативке 510 гектар жерге мал азықтық ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін тұқым, тыңайтқыш, гербициттер сатып алуларына 30 миллион теңге несие берілді. Бүгінгі күнге жоспар толық орындалып, 450 гектар жаздық арпа, 30 гектар жоңышқа және 30 гектар дәндік жүгері екті.
Төртінші бағыт бойынша ауыл шаруашылығы кооперативін жабдықтауға 18 ауыл шаруашылығы техникаларына 114,66 миллион теңге несие берілді. Әзірге 15 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Атап айтқанда, 3 трактор, 2 тіркеме, 2 соқа, тұқым сепкіш, қопсытқыш, майдалағыш және басқада мал азығын дайындайтын агрегаттар. Осы техникалардың тұрақжайына бұрынғы кеңшар «Ә.Сағынтаев атындағы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұрақжайы берілді. Қазіргі кезде көктемгі егіс-дала жұмыстары осы техникалардың қатысуымен атқарылуда.
Бесінші бағыт бойынша ауыл тұрғыны Абдулла Шалқар 4 миллион теңге несие алып, 21 наурыз күні наубайхананы іске қосты. Қазір күніне 200 бөлке нан және нан өнімдерін халыққа сатуда.
«Талас-2020» ауыл шаруашылығы кооперативі жағдайы төмен отбасыларға да мүмкіндігінше көмек көрсетуде.
– Бұл жобаны өзге аудандардағы елді мекендердің тұрғындары да мақұлдап, құлшынып отырғанын білеміз. Оның үстіне Мемлекет басшысы «Қарапайым заттар экономикасын» қолдау үшін мол қаржы бөлуге тапсырма берді. Ендеше осы мүмкіндікті пайдаланып агросекторды қайта жандандыруға бола ма?
– Әлбетте. Қазіргі таңда әрбір ауылдық округ халқының тұрмыстық жағдайын жақсарту жөнінде нақты жұмыс істеп жатырмыз. Және де ол нәтижесіз емес. Сонымен қоса өндірілген өнімдерді өңдеу, сатуға шығару мәселесін ойластырудамыз. Сүт өнімдерін өндіретін, ет өнімдерінен шұжық жасау сияқты кәсіпке басым бағыт бермекшіміз. Биылғы жылы жылыжайлар соғуға да тапсырма бердік. Аудан өзін-өзі азық-түлікпен қамту керек. Сырттан тасымалданатын тауарларды мейлінше азайтамыз деп отырмыз. Ол үшін агросекторды қайта жаңғыртпақпыз. Жер-ананы мейлінше тиімді пайдалансақ дейміз. Осы мақсатта 2020 жылдың өнімі үшін барлығы 13525 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 1303 гектарға немесе 9 пайызға өсіп отыр. Оның ішінде күздік бидай 4800 гектар және бұрынғы жылдардағы көпжылдық шөп 4465 гектарды құрайды. Сонымен қатар 1000 гектар жер парға дайындалады.
Көктем айларында 4260 гектар алқапқа жаздық ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Бүгінігі күнге дейін 1500 гектар жаздық арпа, 560 гектар мақсары, 40 гектар күнбағыс, 130 гектар картоп, 300 гектар бақша, 200 гектар көкөніс, 50 гектар жерге қант қызылшасы, 1000 гектар көпжылдық шөп және 350 гектар дәндік жүгері егілді. Жүгері егу жұмыстары жалғасуда. Жалпы межеленген егіс көлемі толық орындалады.
Көктемгі егіс-дала жұмыстарына 730 тонна жанар-жағармай бөлінген. Оператор болып «Таң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекітілген. Дизель отыны наурыз айында 175 теңгеден сатылса, сәуір айынан бастап 1 литрі 158 теңгеден таратылуда.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін бұлжытпай орындасақ ауыл шаруашылығын жаңа сатыға көтеріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Оған сенімім кәміл.
– Әңгімеңізге рақмет. Әр отбасы табысты болсын, сөреміз өзіміздің экологиялық таза өнімге толсын.

Сұхбаттасқан
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Талас ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.