Таластағы толассыз жыр нөсері

0 78

Ел тәжі, азаттықтың бойтұмары – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына һәм жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай топырағы текті, даласы дастан Талас ауданындағы Ұлбике атындағы мәдениет орталығында облыстық ақындар айтысы өтті. «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған аламанда сөз сардарлары тәуелсіздікті тебірене жырлады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жыр аламанына әр ауданнан «ауыздықпен алысып», «аузымен құс тістеген» 24 ақын қатысты. Таластың төрінде түндігі түрілген төл өнеріміздің төресі – айтыстың ашылуында сөз тізгіндеген аудан әкімінің орынбасары Роман Қырықбаев «сен тұр, мен атайын» деп шабытының шабысына ерік берген үміткерлерге сәттілік тіледі. Кешегі Жамбыл бабалардың ізін жалғаған жүйріктерге айтыс ақындары мен термешілердің халықаралық одағы облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, ҚР Ақпарат саласының үздігі Оралхан Дәуіт, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Қайырбек Асанов, танымал журналист Біржан Сөктай, ақын, аудандық мәслихаттың депутаты Үміт Битенова және Сабыр Рысбаев қазылық етті.
Алғаш болып сахнаға шыққан байзақтық Дархан Әбдіманат пен жуалылық Дидар Апбасов бірден тартысты айтысқа көшсе, дәл осы аталған екі ауданнан шыққан Дидар Басықараев пен Әуесхан Үркімбаев өзекті ойларын, өткір шумақтарын өндіріп өре білді. Ал Жамбыл ауданының жүйрігі Нұрлыбек Құрманов пен тараздық Шапағат Әбдір тәуелсіздіктің тағдырлы тарихы, Талас ауданындағы тағылымды істер жайлы тосыннан толғауларын төге білді. Осынау Талас топырағында кіндік қаны тамған Есет Досалы мен құландық Асхат Қылышбектің айтысы жарасымды әзілге ұласты. «Есет аға, туған жер топырағына, өзіңді алайыншы бір аунатып», деген Асхат ақынға «Есетті аунатам деп отырсың ба, бағыңның білші олай жанбайтынын, Ыстыбаев балуан шыққан жерде, Құдай білсін қане кім аунайтынын», деп Есет Досалы тапқыр жауап қайырды. Жуалылық Қанат Мырзахан мен Жамбыл ауданынан келген Айтмұханбет Исақов, байзақтық Алтынкүл Қасымбекова мен Олжас Отар, тағы осы Байзақ ауданынан қатысқан Рай Дөңбай мен таластық Нұржан Манатбек, шулық Айым Көшербай мен байзақтық Ернұр Бейсенов, шулық Бақытбек Жұмабеков пен жамбылдық Шапағат Сәбитқызы да сәтті айтыс жасап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Онлайн форматта өткен айтыстың қорытындысы бойынша Нұрлыбек Құрманов бас жүлдені иеленсе, Шапағат Әбдір І орынды қанжығаға байлады. Асхат Қылышбек пен Олжас Отар ІІ, ал Айтмұханбет Исақов пен Қанат Мырзахан, әріптесіміз Есет Досалы жүлделі ІІІ орыннан көрінді. Нұржан Манатбек аудандық мәслихат тарапынан тағайындалған арнайы сыйлықпен марапатталды. Айтысты қорытындылаған аудандық мәслихат хатшысы Кәдірбек Садубаев тәуелсіздікті тебірене жырлаған жүйріктерге алғысын жеткізді.

Нұржан Қадірәлі,

Талас ауданы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.