Sport

Таластық тарланбоздардың табысы толастамайды

Written by Aray2005

Елбасының сарабдал саясатының арқасында елімізде бұқаралық спортқа айрықша көңіл бөлініп келе жатқаны белгілі. Жыл санап саланың материалдық-техникалық базасы нығайып, шалғай елді мекендердің өзінен шағын спорт алаңшалары ашылып, ел игілігіне берілуде. Міне, сондай тірлікті тіктеп, жұмысты жүйелеп отырған Талас ауданы спортының өткен жыл ішінде жеткен жетістіктері аз емес.

Өңірде былтыр бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны 29,2 пайызға жетіп, 16 113 адамды құраған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 0,6 пайызға артық. Сондай-ақ 6 324 жас саламатты өмір салтына бет бұрған.
Ал мұндай көрсеткішке қол жеткізуге аудандағы 213 спорт нысанының көп септігі тиген. Атап айтсақ, 1 стадион, 1 спорт кешені, 35 спорт зал, 85 футбол, 84 өзге спорт алаңшалары, 1 ату тирі және 6 икемделген спорт залдар халыққа қалтқысыз қызмет көрсеткен.
Бұдан бөлек аудандағы инфрақұрылымды кеңінен дамыту мақсатында Талапты ауылындағы күрес алаңы, Аққұм ауылындағы және Қаратау қаласындағы бокс және спорт ойындары түрлерінен балалар жасөспірімдер спорт мектебінің кіші футбол алаңдары ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрген.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жерге туыңды тік!» жобасы аясында демеушілер есебінен Тамды ауылынан шағын футбол алаңы, Ақкөл ауылынан күрес залы және Қаратау қаласынан 2 «стрит воркаут» спорт алаңшалары пайдалануға берілген.
Соңғы жылдары ауданда мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына да мол мүмкіндіктер жасалуда. Аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі берген мәліметке сүйенсек, аймақта мүмкіндігі шектеулі 1 585 адам болса, соның 117-сі спортты жанына серік еткен екен. Сондай-ақ аудан әкімдігі, Қаратау қаласындағы «Үміт» қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаты және «Шаңырақ» фитнес клубы арасындағы үшжақты меморандум негізінде, мектеп- интернаттың 22 оқушысына «Шаңырақ» фитнес клубында тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Осы іс-шараға аудандық бюджеттен 1 миллион 56 мың теңге бөлініп, биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады деп күтілуде. Сонымен қатар аудандағы құзырлы органдардың есебінде тұрған «Қиын топтағы» жеті жасөспірім спорт мектептеріне тартылған.
Спорттық іс-шараларға келсек, жыл ішінде 201 жарыс ұйымдастырылып, оған 14 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Ең ірілерін атап өтсек, қаңтар-қараша айлары аралығында индор-хоккейден республикалық турнир өтіп, ат спорты көкпар, бәйгеден аудан біріншілігі, «Қазақстан Барысы», «Жас Барыс» турнирлері, Талас ауданының 90, Қаратау қаласының 55 жылдығына орай орта білім беретін оқу орындарының студенттері, мемлекеттік қызметшілер және жастар арасында спартакиадалардың алауы тұтанған.
Сондай-ақ «Алтын сақа» аудандық турнирі, Еңбекші жастар арасында аудандық спартакиада, «Аула», «Көше ойындары» және тағы да басқа көптеген салалық қызметкерлер арасында спорттық іс-шаралар өткізілген.
Спортшылардың жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері де толайым. 10 спортшы «Спорт шебері» нормативін орындаса, 15 жампоз «Спорт шеберіне үміткер» атағына ие болған. Сонымен қатар аудан спортшылары халықаралық жарыстарда 15, ел біріншіліктерінде 54 және облыстық чемпионаттарда 232 медаль еншілеген. Толағайлардың табыстарын тізіп айтсақ, Қарағанды қаласында футзалдан ардагерлер арасында өткен ел біріншілігінде «Намыс-Қазфосфат» командасы чемпион атанып, Талдықорған қаласында индор-хоккейден жалауы желбіреген жарыста ауданның жігіттері күміс жүлдеге қол жеткізді. Ақтау қаласында қазақ күресінен алауы тұтанған ел чемпионатында Айдар Бескемпір бас жүлдені жеңіп алса, «Қазақстан Барысы» турнирінің облыстық іріктеуінде Айдос Теңгебаев күміс белбеу таққан.
Астана қаласының 20 жылдығына орай Тараз қаласында дойбыдан тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында түндігін түрген облыстық турнирде Светлана Гладченко алтыннан алқа тақса, Түркістан облысында жасөспірімдер арасында бокстан өткен аймақтық аламанда Нұрсейіт Седуәлі мен Алмаз Берікбол қола жүлдемен қуантқан.
Міне, осылайша Талас ауданы өткен жылды табысты аяқтаған. Өлкенің спорт саласы жыл санап өрістеп келе жатқаны анық байқалуда. Енді таластық спортшылар биыл да осы биіктен түспеуге күш салмақ.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР