"Алтын бесік"

Таластықтар асыраушы салаға айрықша көңіл бөлуде

Written by Aray2005

Бақ қонған, құт дарыған киелі өлке Талас ауданында тындырылған тірлік көп. Әрбір салада ілгерілеушілік байқалады. Ел игілігі үшін қолға алынған баянды бастамалар, жемісті жобалар да көп. Ақ парақтағы сұлу цифрларға сүйеніп сипай мақтап отырғанымыз емес. Таяуда ауданда атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстарды көзбен көріп, таластық тұрғындар үшін көңіліміз өсіп қайтты. Әсіресе өңірде асыраушы сала алшаң басып, шын мәнісінде аудан экономикасын дамытудың драйверіне айналған екен.

ТӨРТ ТҮЛІК – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Талас – төрт түлік мал ұстауға қолайлы аймақ. Бүгінде осынау бай өлкенің мүмкіндігін тиімді пайдаланып, атакәсіпті өркендетіп, өрісті малға толтырып отырғандар аз емес. Нәтижесінде Шопан ата таяғын қолға алған шаруалар кіріс көзін молайтып, табыс тайқазанын тасытып, өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Ал төрт түлік мал басын көбейту ауыл шаруашылығының басқа салаларына қарағанда жыл он екі ай бойы тынымсыз тірлікті қажет ететін, қиындығы мен жауапкершілігі мол еңбек. Талас ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубаевтың айтуынша, қыстың жайлы болуына байланысты әрі сала мамандарының белсенді ұйымдастыру жұмыстарының және малшылардың қажырлы еңбегінің арқасында Таласта төрт түлік қыстан түгел шыққан.
– Мал төлдету науқаны – аса бір жауапты кезең. Тек төрт түлік ұстағандарға ғана емес, бұл бүтін ауыл шаруашылығы саласы үшін де аса маңызды науқан. Қойдан бөлек басқа да ірі қара мал басын өз төлінен өргізіп, машақаты мол тірліктің бел ортасында жүрген малшы қауымының алдында тұрған маңызды міндет – жаңа туған төлдердің дер кезінде аяқтануын қадағалап, өсіп-жетілуіне жағдай жасау. Биылғы қыс шаруалар үшін қолайлы болды және көктем ерте шықты. Мал шығыны болған жоқ және қыстан қоңды шықты. Барлық мал жайлауға орналасқан. Қазір төл алу науқаны қызу жүруде. Ағымдағы жылы 15 866 сиырдан, 6 059 жылқыдан, 1 231 інгеннен және 217 226 қой-ешкіден төл алынады. Наурыз айының жиырма бесінен бастап төрт түлік жаппай төлдей бастады. Бүгінгі күнге дейін 4 338 бұзау,
79 300 қозы, 10 450 лақ, 950 құлын, 161 бота төлі алынды. Мал төлдету науқаны сәуір айының аяғына дейін жалғасады,–дейді А.Тәжібекұлы.
Бөлім басшысының айтуынша, кейбір қожалықтарда мал азығы еркін жетіп, келесі жылға да шөп қоры қалған көрінеді.
Күнпарақта көктем болғанмен, ата-бабамыз есебіндегі «алты ай қыс» әлі қыр астына кеткен жоқ. Сондықтан аудандағы тиісті бөлім, мекеме мамандары шаруалармен байланысты үзбей, сақтықты пысықтап келеді.

КӨКТЕМНІҢ БІР КҮНІ ЖЫЛҒА АЗЫҚ

«Көктемнің бір күні жылға азық» деп білген таластық диқандар көктем келісімен техникаларын сайлап, қызу еңбекке кіріскен. Аудан бойынша шаруашылық құрылымдары, диқан қауымы көктемгі егіс жұмыстарын қыздыра түскен. Көктемгі дала жұмыстарының ұйымшылдықпен атқарылуы болашақта мол өнім жинауға негіз болмақ. Жалпы, ауданда 2019 жылдың өнімі үшін барлығы 12 171 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Былтырғы жылғыдан егіс көлемі 920 гектарға ұлғай­тылып отыр. Күздік бидай егісі 4 000 және көпжылдық шөп 4 221 гектарды құрайды. Сондай-ақ 3 950 гектар алқапқа жаздық ауыл шаруашылығы дақылдары егілуде.
– Қазіргі уақытта көктемде жаздық дақылдар орналасатын 3 950 гектардың 850 гектары жыртылып, 608 гектарына ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы себілді. Қаратау жотасындағы диқандар көктемгі дала жұмыстарын жаңадан бастағандықтан, егіс жұмыстары енді-енді қарқын алып келе жатыр. Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі тұқымына да байланысты болатыны белгілі. Биыл майлы дақылдарға 18 тонна, жаздық арпаға 184 тонна, дәндік жүгеріге 8,5 тонна және көпжылдық шөпке 9 тонна тұқым қажет болып отыр. Қолда бар тұқым қоры арнайы зертханадан өткізілуде.
Аудандағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге биылғы жылғы егін жинау және көктемгі, күзгі егіс дала жұмыстарын жүргізуге қажетті жеңілдікпен алынатын 720 тонна дизель отынын сатып алуды, жеткізіп беруді және таратуды ұйымдастыруға операторлыққа «Бензол» және «Таң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекітілді. Шаруаларға дизель отынының литрі 174 теңгеден босатылуда.
Биылғы жылдың ауа райының қолайлылығы мен егіске дайындық жұмыстарының деңгейіне қарай, көктемгі дала жұмыстарының мер­зі­мінде аяқталуына негіз бар, – дейді Талас ауданы әкімінің орынбасары Дулат Оспанов.
Осы ретте ауданға қарасты бірнеше ауылдық округтегі шаруа қожалық төрағаларымен сөйлесіп, науқандық жұмыстардың барысына қанығуға тырысып көрдік. Алайда қай-қайсысының болмасын айтар жауабы: «Сөйлесіп отыруға уақытым жоқ. Қазір жұмыс қызып жатыр. Дер кезінде егін егіп алмасақ, уақыттан ұтылып қаламыз. Әзірге ауа райының қолайлылығына байланысты жұмыстар сәтті жүріп жатыр», деп қысқа қайырады.
Біз мақаламызға арқау еткен дүниелер аймақтағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Дәл қазіргі уақытта аудандағы атқамінерлердің өзін кеңсесінен табу қиын. Бірі егіс даласында, бірі малшылардың көктеуінде, енді бірі елді мекендерді аралап, көктемгі науқандық жұмыстардың ойдағыдай аяқталуы үшін жұмыла жұмыс жасауда.

Талғат Нұрханов

Талас ауданы

ПІКІР