Таластың бойы тұнған шөп

0 127

Мойынқұм, Сарысу аудандарының шабындық жерлеріндегі еңбек дүбіріне куә болғаннан кейін тілшілер тобы кеш бата Ұланбел ауылынан шығып, Талас ауданына қарасты Ойық ауылына барып, ат шалдырды. Таң қылаң бере аталған аудандағы Кеңес ауылдық округінің орталығы Бөлтірік шешен ауылының бірді-екілі шаруашылықтарын аралады. Кезінде асылтұқымды қаракөл қойын өсірумен аты шыққан Кеңес кеңшарының тұрғындары сол кезеңде төрт түлігіне қысқы мал азығын Талас өзенінің сағасындағы шабындықтан дайындайтын. Кеңшар тарағаннан кейін ауыл тұрғындары ата-ата болып ұжымға біріксе, кейбірі өз алдына жеке шаруа қожалық құрып, құм қойнауын төрт түлікке толтырды. Біз алғаш ат басын бұрған шабындық «Дүкенбай» шаруа қожалығына тиесілі екен. Мұндағы аумағы 370 гектар шабындыққа шалғы түскеніне көп болмапты. Қожалық төрағасы Рәсілбек Биғожаев ұжым құрамындағы әр отбасы өз малын жеке-жеке баққанымен, шабындық ортақ екенін айтады.

– Өткен жылға қарағанда биыл шөптің шығымы тәуір. Шөп ору науқанына екі орақ, екі шөп тайлағыш, екі жүк артқыш, екі «КамАЗ» жүк көлігі жұмылдырылуда. Күніне 15-20 гектар жер орылады. Жалпы шамамен 30-40 мың түк шөп шығады деген үміттеміз. Ұжым мүшелеріне әр түкті 230 теңгеден таратсақ, өзгелерге мал азығын нарықтағы баға бойынша сату жоспарда бар. Қазірдің өзінде Сарысу, Т.Рысқұлов аудандарының шаруа қожалықтарынан тапсырыс түсуде. Бірақ біз өзімізді қажетті қысқы мал азығымен толық қамтымай, өзгелерге шөп сатпаймыз. Өйткені былтыр шөп тапшылығы біздің де жанымызға батты, – дейді Рәсілбек Жамалұлы.
Бөлтірік шешен ауылынан кейін Ойық ауылына барып, шаруа қожалық төрағаларымен тілдесіп, жауапты науқанның барысымен таныстық. Үркердей шағын ауылдағы «Орыс сәтек» шаруа қожалығының жігіттерінің мақсаты – өздеріне тиесілі 239 гектар алқаптан қысқы мал азығын дайындау. Қазір шөпшілер 101 гектар шабындықтан шөп шауып жатыр. Бір орама шөптің (рулон) құны 2000 теңге екен. Десе де түскен түсім сатылмайды. Ұжым мүшелігіндегі 38 отбасы теңдей бөліп алады.
Ал Ойық ауылдық округі, Сейілбек ауылында биыл жаңадан ашылған «Береке» шаруа қожалығы 44 гектар суармалы жерді игеруді ниет еткенімен, әзірге жартысына ғана дақыл егіпті. Аталған шаруашылықтың төрағасы Нұркен Тұраров биыл 20 гектар алқаптың 5 гектарына жоңышқа, 5 гектарына қарбыз, қалғанына жүгері және қияр, қызанақ секілді өзге де бау-бақша дақылдарын еккенін тілге тиек етті. Шаруаның негізгі үміті қарбызда болып тұр. Өйткені қайта өңдеу ісіне де бет бұрып, қыркүйек айында қарбыздан шырын жасап шығаруды да қолға алмақ.
Талас ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубайдың айтуынша, аудан бойынша биыл 18 мың 295 гектар шабындық пен 5 мың 565 гектар жоңышқа орылуы тиіс болса, бүгінде барлығы 23 мың 860 гектар алқаптың 12 мың 600 гектарына шалғы түскен. Әзірге жиналған шөп қоры – 54 мың тонна. Негізі 145 мың 700 тонна шөп дайындау жоспарланған екен. Кейбір шаруашылықтар Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Мойынқұм аудандарының шабындық жерінен мал азығын дайындап жатқан көрінеді. Пішеннен кейін қара күзге дейін жантақ, мия, қырдың қараотын да орып алу көзделіпті. Науқан біткенше меже осылай орындалмақ. Аудан бойынша 314 мың уақ мал, 31 мың мүйізді ірі қара, 12 мың 500 жылқы, 2 мың 200 түйе қыстатылады деп болжануда. Қазір орылған шөп аудандағы 256 қыстауға біртіндеп жеткізіліп жатыр.
Біз С.Шәкіров ауылдық округі, Тамабек ауылының «Амангелді» шаруа қожалығына барғанда шөпшілер 160 гектар алқаптан қысқы мал азығын дайындап жатты. Қожалық төрағасы Мәди Әжібеков бір түк шөптің өзіндік құны 230 теңгеден айналғанын тілге тиек етті. Әзірге аталған алқаптың 30 гектары орылып, шөбі жиналыпты. Ұжым құрамында 30 түтін болса, олар өз арасындағы жағдайы жоқ 4 отбасының әрқайсысына тегін 200 түк шөп түсіріп беруді ұйғарған екен. Осы ауылдық округтің әкімі Ринат Бекбосын ауылдық округ бойынша 15 мың тонна шөп қажет екенін, бүгінде оның 5 мың тоннасы дайындалғанын баяндады. Қалған 10 мың тонна шөпті Мойынқұм ауданының Ұланбел ауылындағы «Азат» шаруа қожалығымен келіссөз жүргізу арқылы дайындап жатса, бір түк шөп жеткізілу бағасын қосқанда 700 теңгеден айналған. Мойынқұмдық шөпшілер қазірдің өзінде 4 мың тонна шөп әкеліп үлгерген.
Ал облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов өңірде қысқы мал азығы үшін 1 миллион 700 мың тоннадан астам шөп қажет екенін жеткізді. Шаруалардың уақытпен санаспай еңбек етуінің арқасында бүгінде 850 мың тонна табиғи шөп дайындалыпты. Орылуы тиіс 122 мың алқаптың 65 мың гектарының шөбі жиналыпты.
«Мал бір жұттық» дейді қазақ. Ата-бабамыз жеті жұттың бірі қуаңшылық пен қатты қыс екенін ертеректе-ақ болжап, төрт түлікті аман алып қалу үшін соған қарай амал еткен. «Жоңышқа қалса күл болады, жантақ қалса пұл болады» деген нақылдың парқын білетін бүгінгі шаруалар да мал азығын мүмкіндігінше мол дайындауға кірісіпті. Себебі алда-жалда қыс қатты бола қалса, молынан дайындалған шөп қоры ғана төрт түліктің амандығына кепілдік бола алады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Талас ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.