Қоғам

Талауға түскен табиғат байлығын қайтсек қалпына келтіреміз?

Written by Aray2005

Ұзатылған жылы, нақтырақ айтар болсақ 27 қыркүйекте «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» мекемесінің жанынан құрылған табиғатты қорғау кеңесінің төрағасы Ерназарбек Жантаевтан сұхбат алудың сәті түскен болатын. Тәңір тарту еткен ұшан-теңіз байлығымызды қалпына келтіру мақсатында өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар жайын сөз еткен табиғат жанашыры сонда салада бірқатар түйінді мәселелердің бар екенін жеткізіп, өзінің алаңдаушылығын білдірген еді. Сондықтан табиғатымызға төніп тұрған қауіпті естіп, біле тұра үнсіз қалғанымыз жарамас деп, қолымызға қалам алдық.

КӨЛІМІЗГЕ КІМ КӨРІНГЕН ИЕЛІК ЕТПЕСЕ ИГІ

Өңірдегі сала мамандарын мазалап отырған мәселенің бірі – жекеменшікке берілген көлдердің жай-күйі. «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары берген мәліметке сүйенсек, облысымыздағы 115 көлдің барлығы жеке кәсіпкерлердің иелігінде. Осы ретте оқырмандарымыздың көкейінде «басқа-басқа көлдер неге жекеменшікке берілген?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Себебі су айдындарының барлығына бірдей бақылау жасап, тұрақты түрде қадағалап отыруға мемлекеттің мүмкіндігі жетпейді. Алғаш рет 1996-1997 жылдары ірі көлдер кәсіпкерлердің иелігіне беріле бастаса, кейінгі жылдары кезек ұсақ көлдерге де келген.
– Бұрындары Жамбыл өңірі балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған өзен-көлдерге кенде емес еді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда көлдеріміздің жағдайы күн өткен сайын қиындап барады. Балық қоры азайды. Негізі көлге иелік еткен кәсіпкерлерге балық өсімін молайту және балықшыларға жағдай жасау сынды талаптар қойылады. Алайда некен-саяқ болмаса, жаппай талапты орындап жатқан кәсіпкерлер жоқ. Барлығы тек пайда табуды ойлайды. Мәселен, егер сіз қандай да бір көлден балық аулағыңыз келсе, алдымен иесіне жолығып, жолдамасын сатып аласыз. Төлеген ақшаңызға сай жолдамада қанша келі балық аулауға болатынына дейін жазылады. Балығын сатып, пайдаға кенеліп отырғанымен кәсіпкерлер меншігіндегі көлдердің балық қорына бас ауыртқысы келмейді. Одан бөлек, бұрын 20 сантиметрге жетпейтін балықты аулатпайтын. Бұл мәселеге де мән беріп және қадағалап отырған ешкім жоқ. Егер тап осылай жалғаса беретін болса, таяу жылдары облыс аумағындағы көлдерде балық қоры мүлдем жойылып кетуі ықтимал. Сондықтан көлдерімізге мән беріп, жұмысын жүйелейтін кез жетті, – дейді Е.Жантайұлы.
Дейтұрғанмен, өзгелерге үлгі боларлықтай игілікті іс жасап жүрген көл иелері де бар көрінеді. Мәселен, Талас ауданы, Тамды ауылындағы жеке кәсіпкер Мейіржан Айтеков өткен жылы өз меншігіндегі «Тамды» көлшігіне 80 000 шабақ жіберіпті. Мамандар өзге кәсіпкерлер де тек жолдама беріп, пайда табуды көздемей, балықтардың өсіміне көңіл аударғанын қалайды.
Өзен-көлдерге қатысты табиғат жанашырларын толғандырып жүрген мәселе тек бұл ғана емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің №190 бұйрығы негізінде бірқатар өзендерде балық аулауға мүлдем тыйым салыныпты. Бұйрықпен танысып та шықтық. Онда «Тыныштық аумағын құру мақсатында Тасөткел су қоймасынан жоғары орналасқан Шу өзенінде, оның құймаларында және Талас өзенінде жыл бойы балық аулауға тыйым салу енгізілсін» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал мамандар комитеттің бұл бұйрығы мүлдем ақылға қонымсыз екенін айтады.
– Балықтардың көші-қон жолы деп бірнеше өзенде 12 ай бойы балық аулауға тыйым салынды. Әрине, балықтардың уылдырық шашатын кезінде мұндай шараның қолға алынғаны дұрыс. Ал жыл он екі ай бойы балық аулауға тыйым салудың қажеттілігі қанша?! Әрі-беріден соң, дәл қазіргі уақытта комитеттің осы бұйрығының зардабын көріп жатырмыз. Тыйым салғанның салдарынан 2018 жылы Үшарал, Түгіскенде жүздеген тонна балық қырылды. Құтқару жұмыстары жүргізілді. Бірақ барлығын бірдей құтқару мүмкін емес қой. Міне, қайтсек балықты көбейтіп, байлық көзіне айналдыруды көздеп жүргенде тыныштық аумағын құрамыз деп, қолдан қырып жатырмыз, – деген Ерназарбек Жантайұлы келесі кезекте аңшылық шаруашылықтардағы бассыздықтарды қынжыла жеткізді.

АҢШЫЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚТАРДАҒЫ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

«Самарқанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы» демекші, аңшылық шаруашылықтардағы жүгенсіздікті естігенде сенер-сенбесімізді білмедік. Жалпы, өңірімізде дәл қазіргі уақытта тендер арқылы жеке кәсіпкерлерге берілген 46 аңшылық шаруашылық жұмыс істеп тұр. «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Кенжебек Абайдың айтуынша, кәсіпкерлер өздері дайындаған бизнес-жоспарлары бойынша аңшылық шаруашылықтың жұмысын жан-жақты дамытуға міндетті. Келген аңшылар немесе қонақтар түсетін арнайы үйі, жол бастап жүретін қорықшылары болуы керек. Ең бастысы, аң-құсты қорып, тіпті қыс айында жем-шөппен қамтамасыз етуі тиіс екен. Алайда талапқа пысқырып та қарамаған, құлқынның қамын күйттеген кәсіпкерлердің жұмысындағы жүйесіздіктен аңшылық шаруашылықтың ажары қашып, аң-құсы қыр асып, таусылып бітудің аз-ақ алдында тұр. Сөзіміз дәйекті болу үшін айта кеткеніміз жөн болар, «Үмбет» аңшылық шаруашылығы (2015 жылы ерекше қорғалатын аймаққа кірді) 14 жыл жеке кәсіпкердің иелігінде болған. Аң-құсы кезінде алдыңды кес-кестеп, жүруге мұрша бермейтін аңшылық шаруашылықта он төрт жылдың ішінде бірде-бір тіршілік иесі қалмаған. Ал аталған шаруашылықтың жұмысын қадағалап, сараптама жасап отырған облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы «Аң-құс өсіп, шаруашылық дамып жатыр» деп мәлімет беріп келген. Кенжебек Төлетайұлы бүгінгі таңда облысымызда үлгі етіп көрсетерліктей бірде-бір аңшылық шаруашылықтың жоқ екенін айтады.
– Кәсіпкерлер аңшылық шаруашылықты алмас бұрын өздерінің бизнес-жоспарларын дайындайды. Жоспарларында болашақта иелігіндегі шаруашылықтың жұмысын жандандырып, дамытатынын көрсетіп, сендіріп бағады. Кейін шаруашылықты алғаннан кейін әуелгі жоспары жайына қалады. Бүгінгі таңда бастапқы бизнес-жоспарлары бойынша жұмыс істеп жатқан аңшылық шаруашылық жоқ. Бір сөзбен айтар болсақ, шаруашылық иелері ауадан ақша жасап отыр. Көктем мен жазда мүлдем қараусыз қалдырып, аңшылық науқаны басталатын мезгіл – күз, қыс айларында иелене қалады. Яғни, аңшылық науқанында ғана болмаса, қалған уақытта қарамайды. Тағы бір айта кетер жайт, шаруашылық иелері бір жердегі аң-құсты тауысса, басқа аймақтан тағы бір аңшылық шаруашылықты иемдене қалады. Оңай нәрсе. Және шаруашылықтарда үзіліс жариялау деген мүлдем жоқ. Егер кемі 1-2 жыл тыйым салып, ешқандай аңшыны кіргізбей қойса, аң-құс саны да көбейіп қалар еді ғой. Ал біздің аңшылық шаруашылықтар жыл сайын үзіліссіз жұмыс істейді. Мұнан кейін табиғатымыздың байлығын қалай көбейтеміз?! Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының сөзіне сенетін болсақ, аңшылық шаруашылықтардың жұмысынан кінәрат таппайсың. Шаруашылықтардың жұмысын бас бармақпен бағалауға болады. Өкінішке қарай, инспекцияның жұмысындағы жүйесіздіктің және жауырды жаба тоқуының салдарынан табиғат байлығы талан-таражға түсуде, – дейді К.Абай.
Мекеме басшысының сөзінен аңғарғанымыз, бір терінің пұшпағын илеп жүрген қос мекемеден «ауызбіршілік» іргесін аулаққа салған көрінеді. Мұндай жағдайда оң нәтиже күтудің өзі бекершілік. Ал Ерназарбек Жантаевтың пікірінше, олқылықты жойып, жағдайды ретке келтіру үшін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің №140 Қаулысымен ашылған «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесін табиғат байлығын қору, күзету жұмыстарына жұмылдыру керек-ақ.
– Аңшылық шаруашылық немесе көл иелері болсын, облыс жерін пайдалануда. Облыстық әкімдікке қарасты тиісті мекемелермен келісімшарттарын жасасқан. Солай бола тұра, облыс әкімінің арнайы тапсырмасымен құрылған біздің мекеме инспекторларының аңшылық шаруашылықтарды, көлдерді тексеруге құқығы жоқ. Тексерген былай тұрсын, маңынан өтіп бара жатып қандай да бір заңбұзушылықты көріп қалса, ескерту де жасай алмайды. Себебі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті барлық құзыретті облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына беріп қойған. Ал техникалары ескі, қызметкерлері аз облыстық инспекция барлығын бірдей бақылауда ұстап отыра ала ма?! Әрине, жоқ. Сондықтан да жұмылған жұдырықтай, қоян-қолтық жұмыс жасауға болады ғой. Керісінше, облыстық инспекция бізбен жау болып отыр. Сайып келгенде заңбұзушыларды құрықтайтын біздің мекеменің инспекторлары. Біз тек хаттаманы толтырамыз. Әрмен қарай облыстық инспекцияға апарып береміз. Инспекция қаулы шығарып, тиісінше айыппұл салады. Яғни, көбіне біздің жұмысымыз тасада қалып, жақсы атты болатын солар. Мәселе әлдекімнің көзіне түсіп немесе атақ алу емес. Бізді қынжылтатыны, табиғат байлығымыздың құрып бара жатқаны. Ал бізді маңына жуытпайтын облыстық инспекцияның не ойлағаны белгісіз. Сондықтан саладағы шиеленіскен мәселелерді шешу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қандай да бір амал жасау керек, – дейді Е.Жантаев.
Міне, мамандармен пікірлесіп, көзіміз жеткен саладағы шешімін күткен мәселелердің бірсыпырасы осындай. Қабырғаңа батып, жаныңды аяздай қариды. Әрине, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясын кінәлаудан аулақпыз. Бәлкім, көтерілген мәселеге байланысты инспекция басшылығының да өз айтары бар шығар. Қалай десек те, бұл ретте көп дүние жергілікті биліктің емес, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қолында тұр. Жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында комитетке хат та жазылыпты.
Бір нәрсе анық. ҚР Конституциясының 38-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті» деп жазылған. Ендеше, қоршаған ортаны қорғау, тәңір тартуын аялау – тек белгілі бір мекеменің ғана емес, баршамыздың азаматтық борышымыз. Өйткені келешек ұрпақтың ырыс-құтты, бақ-берекелі болуы бізден қалған байлыққа тікелей байланысты.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР