Тәлім мен тәрбиенің темірқазығы

0 4

Білім мен ғылымның, ақындық пен ақылдылықтың, таным мен талғамның, тәлім мен тәрбиенің аражігін ажыратып, ұлттық руханиятқа сырлы сөзімен мол мұра қалдырған Абай Құнанбайұлының еңбегі сарқылмас қазына.

Ағартушы Абайдың көздеген биік шыңы – «толық адам» ілімі. Осы ілімнің түпкі негізі – адам тәрбиесі. Яғни біз Абайдың педагогикалық тұжырымдамаларының түпкі негізіне, еңбектеріне үңілсек, бала тәрбиесіне, ана мен қыздың, әке мен баланың қарым-қатынасындағы басты ерекшеліктерді көреміз. Бәрімізге белгілі, әлем әдебиетінде айшықты орны бар, заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында ұлтымыздың ұлттық құндылықтары туралы кеңінен баяндалып, насихатталады. Қыздың инабаттылығы мен ибалылығы, ұлдың байсалдылығы мен батырлығы, сабырлылығы, ата мен әженің өнегесі мен өсиеті, әке мен ананың бала тәрбиесіндегі алатын орны әдеби тілмен өрнектеліп, оқырманға көркем жеткізілген.
Бұқаралық ақпарат құралдарында Абайтанушы ғалым Омар Жәлел мектептерде «Абайтану» курсын енгізуді ұсынды. Шынында, бұл жақсы ұсыныс. Дегенмен Абай шығармаларымен толық таныспаған мұғалім қалай сабақ береді деген сауал еріксіз ойға оралады. Бірнеше жылдан бері біздің оқу орнымыздың «Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтарын даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша оқып жүрген студенттерге арналған «Абайтану» курсы оқытылуда. Осы оқу курсы барлық білім беру бағдарламаларына оқытылу керек, бұл дегеніміз – тіл мен әдебиеттің маманы болсын, тарихшы немесе экономист болсын, физик немесе математиканың маманы болсын, бәрі оқып шыға алады, себебі Абай ілімі – тұнып тұрған қазақ философиясы. Бірнеше жылдан кейін курсты оқыған мамандар нәтижелі білім бере алады деп сенеміз.
Бұл ретте «Адамның адамшылығы ата-ана, ұстаз, жақсы достан болады» деп хакім Абайдың өзі дөп басып айтқан болатын. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, барын баласы үшін деген қазақ отбасында атаның, әкенің, әженің, ананың, әрқайсысының орны бар. Қазіргі уақытта көтеріліп, маңызға ие болған ұстаздың мәртебесі жайлы Абай өз заманында ойға түйіп, өлеңмен өрнектеп жеткізіп қойған:
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға».
Ал «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер», деген қазақ қашанда ұрпағының тәрбиелі болғанына мән берген. Қоғамдағы ата-ана да, ұстаз да жауапкершіліктерін бірдей сезінсе, болашақ ұрпақ бақытты болмақ.
Абай әлемі – рухани кемелденудің, адамгершіліктің азығын табатын әлем. Ойшылдың шығармаларының негізі – адамның тұлғалық дамуына дабыл беріп, білім мен адамгершілікке, тәрбиелі болуға шақырады. Осы орайда ғұлама ғалым әл Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім– адамзаттың қас жауы» деген сөзі ойға оралады. Бізге мол мұра болған Абайдың қара сөздерінің тереңіне үңілсек, қоғамдағы көп сұраққа жауап табамыз.
Жоғарыда айтқандай, әр ата-ана баласы үшін барын салады. Абайдың жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақүй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік», деген ой бар. Ендігі мәселе мынада: ең әуелі, бала деген жас шыбық, көшет секілді. Біз оны алғашқы кезден қалай баптасақ, солай жемісін береді. Бала да дәл солай. Жас кезінен имандылыққа шақырып, жақсылыққа үндеп, баулысақ, ертегі, аңыз, батырлар жырын, тәрбиелік мәні бар сөздерді айтып, санасына сіңіртсек, аталғандарды тыңдап өскен баладан болашақта қоғам үшін жақсы өзгеріс туғызатын тұлға шығады.
Ойшыл Абайдың ақыл, жүрек, қайрат арасындағы тартысты айтып, ғылымға жүгінгендігін суреттеген он жетінші қара сөзінде де үлкен философиялық мән бар. Үш қасиеттің де аражігін ашып, адамға ақыл да, жүрек те, қайрат та керек екендігін дәлелдеген. Абай өз шығармасында ғылымды сөйлетіп, қайрат та, ақыл мен жүрек те жақсы адамның бойында бар екендігін ескертеді. Үлкен философиялық ойға негізделген, осы секілді әр тақырыпқа құралған қара сөздерінің бала тәрбиесінде алатын орны ерекше. Сондықтан барша әріптестерімді қолда барда алтынның қадірін біліп, ұрпақ тәрбиесіне жауаптылықпен қарап, Абайдың мол мұрасын бала тәрбиесінде басты бағыт етуге шақырамын.

Орынқыз ЖОЛДАСОВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университеті
«Ұстаз» институтының директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.