Тәлімі мен тағылымы мол кездесу

0 3

Халықаралық Тараз инновациялық институтында облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібектің қатысуымен «Жастар арасында діни танымды қалыптастыру жолдары» тақырыбында жиын өтті. Облыс әкімдігі дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өткен кездесуді аталған институттың проректоры Гүлшат Құлабекова ашып, жүргізіп отырды.

– Бүгінгі жиынға студент жастардың қатысқаны өте дұрыс. Себебі біз діни сананы жастарға берік қалыптастыруымыз керек. Сонымен қатар жастардың иммунитетін дін қатерлерімен күресе алатындай деңгейге жеткізуіміз қажет. Діннің асыл қасиеттері жайлы Бұқар жыраудың, Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің еңбектерінде көп айтылады. Жас буын осындай құндылықтарды бойына сіңіргендері жөн. Жастарға қатысты ұйымдар мен жоғары оқу орындарында, колледждерде төл тарихымыз терең оқытылып, имандылықтың асыл қасиеттері түсіндірілсе, студенттердің діни сауаты жоғарылай түсер еді. Сонда ғана жастардың өмірге құлшыныстары, дінге деген көзқарастары ерекше болады, – деді жиынды ашқан Дәулет Жамаубайұлы.
Ал облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы елімізде 1999 жылы терроризмге қарсы, сәл кейінірек экстремизмге қарсы заңдар қабылданғанын, түрлі ағымдардың жетегіне еріп, шетел асқан 600 қазақстандық азамат елге қайтарылғанына тоқталды. Сондай-ақ Н.Ұласбекұлы өңіріміздегі жастар саны халықтың 21,1 пайызын құрайтынын, сондықтан өскелең ұрпақпен белсенді жұмыс жүргізу аса маңызды екенін кеңінен сөз етті.
Жиында «Облыстағы жастар мен жасөспірімдер арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыстар» тақырыбында облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров баяндама жасап, бірқатар мәселеге тоқталды. Жангелді Жайлауұлы елімізде төрт жоғары оқу орны, тоғыз медресе дін қызметкерлерін даярлайтынын, онда жамбылдық 151 студент білім алып жатқанын баяндады. Ал облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Нұралы Бақытұлы имандылықтың асыл қасиеттері туралы ой қозғады.
Кездесуді Дәулет Кәрібек қорытындылап, дін саласындағы жұмыстар қашанда маңызды екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстар үнемі назарда болатынын жеткізді.

«ARAI»-ақпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.