Саясат

Талпыныс табысқа, тапсырма нәтижеге жетелейді

Written by Aray2005

Облыс əкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев жұмыс сапарымен Сарысу ауданына барды.
Ержан Жұматұлы ең алдымен Ақтоғай санитарлық өткізу бекетіне ат басын бұрып, ондағы жұмыс барысымен жан-жақты танысты. Бұдан әрі Ақтоғай ауылындағы мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. 174 баланы білім нәрімен сусындатып отырған білім ошағын жөндеуге 157 миллион 527 теңге бөлінген екен. Құрылысқа жауапты мердігерге облыс әкімінің орынбасары жұмысты сапалы орындауды әрі 15 тамызға дейін толық аяқтауды тапсырды.

Бұдан кейін Жаңатас қаласына жол тартқан Ержан Жұматұлы жалпы аумағы 4 гектар жерді алып жатқан, 4460 түп тал отырғызылған «Ұстаздар аллеясының» құрылысымен және отыз жылдан асқан 20 төсектік аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде болып, күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Денсаулық сақтау мекемесінің құрылысына кəріз бен су жүйелерін ауыстыру, жансақтау бөлімшесін толығымен күрделі жөндеу, ескі стерильдік бөлімді бұзу, автотұрақты жөндеу жұмыстары қарастырылыпты. Аудандық орталық аурухананың бас дəрігері Бағила Бегманова мекеме аумағында бос тұрған 5 қабатты ғимарат та ағымдық жөндеу жұмысына мұқтаж екендігін жеткізді.
Жаңатас қаласының 2-ықшам ауданындағы №26 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстарымен танысқан Ержан Жұматұлы биылғы қараша айында құрылысы аяқталады деп күтіліп отырған пəтерлердің кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға жалға берілетінін, бұл іске жұмыссыз жүрген жергілікті азаматтарды тарту қажеттігін жəне оларға төленетін айлық жалақы 85 мың теңгеден кем болмауын ескертті.
Аудандық жұмыспен қамту орталығында көпшілікпен кездескен облыс әкімінің орынбасары жұмыссыздарды тіркеу, бос жұмыс орындарының есебін базаға енгізу секілді шаруалардың ақсап тұрғанын атап өтіп, мәселені кезек күттірмей шешу турасында нақты тапсырмалар берді.
Бұдан кейін, Жаңатас қаласында 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған көпбалалы ана Айнұр Есентаеваның тігін цехына бас сұққан Ержан Жұматұлы осы секілді шағын және орта кәсіп иелерін қолдауға басымдық беру қажеттігін айрықша атап өтті.
Жаңатас көпсалалы колледжіне табан тіреп, қашықтықтан білім беру жүйесінің барысымен танысқан Ержан Жылқыбаевқа колледж директоры Нұрландия Түйтебаева 1983 жылы пайдалануға берілген 4 қабатты оқу корпусын аралатып көрсетті. Орта арнаулы білім беретін оқу орнында жалпы саны 462 студент оқиды екен. Қашықтықтан оқытуға көшкен білім ордасында студенттердің қамтылуы қуантарлық. Алайда ескірген ғимараттың жайы көңіл көншітпей тұр. Жауынды күндері нысанның шатырынан тамшылап су ағатын көрінеді. Маңайы қоршалмаған, сыртқы келбетінің де сұрқы қашқан. Бұл мәселені де облыс әкімінің орынбасары өз назарына алып, одан кейін аудан орталығында 2014 жылы ашылған «KMF» қаржы ұйымының кеңсесіне соғып, аудандық жедел штабтың, аудандық ішкі саясат бөлімінің жəне «Адалдық алаңы» кеңсесінің жұмысымен танысты. Ержан Жұматұлы ішкі саясат бөлімінің атқаратын жұмыстарының ауқымы көп екенін жіпке тізіп беріп, биылғы 15 наурызда ашылған «Адалдық алаңы» кеңсесінің жұмысын əлі де жандандыру керектігін баса айтты.
Жұмыс сапарын Маятас ауылындағы Д.Сенбин орта мектебінде жалғастырып, Саудакент ауылдық емханасына бас сұққан Ержан Жылқыбаев мұндағы жөндеу жұмыстарының қарқын алуын міндеттеді. Сапар барысында Ержан Жұматұлы аудандағы 1529 мүмкіндігі шектеулі жанның мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Облыс әкімінің орынбасары Саудакент ауылында 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған Бану Кеңесбекованың кондитерлік өнімдер шығару цехының тынысымен және осы ауылдағы 275 бала тəрбиеленетін екі қабатты «Ақбота» бөбекжай-бақшасының күрделі жөндеу жұмысымен де танысты.
Жаңаталап ауылындағы Жаңаталап орта мектебінің ғимаратына да күрделі жөндеу жұмыстары биыл жүргізілуі керек екен. Бірақ құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Мәселені сынға алған Ержан Жұматұлы шаруаны дереу қолға алуды міндеттеді.
Сапар барысында Ұйым ауылындағы №11 Сарысу колледжінде болып, қашықтықтан оқу үрдісімен танысқан Ержан Жылқыбаев жастарға кəсіптік білім беретін оқу орнын, ондағы іс-тəжірибе бөлмелерін аралап көрді. Колледжде 201 бала білім алуда. Мұндағы жатақхана күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал осы Ұйым ауылында қайтарымсыз грант алған тағы бір азамат Қайыржан Жақсылықовтың құс өсіру бағытындағы шағын шаруасы болашағынан көп үміт күттіреді. Күніне 40 шақты жұмыртқа алып, оны өткізіп, қаржысына мал сатып алған іскер азамат алдағы уақытта құс фабрикасын ашып, ауылдастарын жұмыртқа, құс етімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр екен. Ержан Жұматұлы ең бастысы талпыныс керектігін, ал талпынған адамға қолдау да болатынын жеткізді.

Айсана Нұрбап,
Сарысу ауданы

ПІКІР