Тамақ пен азық-түлікке үйде отырып тапсырыс беруге болады

0 7

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдік пандемия деп жариялаған коронавирустық инфекцияның қарқыны қатты. Үш жұма бұрын елімізге төтенше жағдай режимі енгізілсе, апта басында облыс аймағы тұтастай карантинге жабылды. Осылайша ел аумағында дүниені дүбірлеткен дерттен сақтану шаралары барынша қолға алынуда. Вирустың таралуына жол бермеу үшін ел азаматтарының жүріп- тұруына барынша шектеу қойылып жатыр. «Үйде болыңыз» деген сөз тіркесі ұран сөзге айналды. Ал, тірі адамның тіршілік жасауы үшін азық-түлік, дәрі- дәрмек сынды тұрмыстық қажеттіліктері өтелуі қажет- ақ. Осы бір ұрымтал сәтте оңтайлылығы мен тиімділігі жиі жарнамаланатын онлайн қызметтердің мүмкіндігі сыналғалы тұр.

Мұнда ең әуелі салмақ халыққа қызмет көрсету орталықтарының электронды нұсқасына айналған Қазақстан Республик асының Электронды Үкіметі порталына түсері анық. Сөзден гөрі құжат құнды заманда мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметке сұраныс азаймаса кеміген жоқ. Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің 452-сін онлайн режимде алуға мүмкіндік беретін порталдың жұмысын төтенше жағдайға байланысты табысын жоғалтқандарға жаңа әлеуметтік төлемнің тағайындалуы арттыра түсті.

Қазақстандық сайттардың рейтингін түзетін zero.kz-тің мәліметінше Қазақстан Республикасының Электронды Үкімет порталы cоңғы апталардағы ең танымал қазақстандық сайттардың үштігіне еніпті. Тек өткен аптаның өзінде бұл сайтқа азаматтар 28 043 429 рет кірген екен. Айтпақшы аталған рейтингте осы порталды басып озған kundelik.kz сайты да ұстаздар мен оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы диалог орнатудың платформасына айналып үлгерді. Қашықтықтан оқытуға көшкелі бұл сайтты пайдаланушылардың саны ғарыштық жылдамдықпен өсе түскен.

Осылайша төтенше жағдай режиміндегі елімізде «онлайн ХҚКО» мен «онлайн мектеп» қызметін көрсететін сайттарға сұраныс артқан. Сол секілді тұрғындарға күнделікті қажетті азық-түлікті, тамақты жеткізіп беретін онлайн сервистерді қолданушылардың да санының өскендігі байқалады. Бірте-бірте «Үйден шықпауға» бой үйреткен тараздықтардың бұл сұранысын қанағаттандыруда BazarOnline сайты кәдеге жарайды. Желі қолданушылары өз тапсырыстарын сайт немесе арнайы телефон нөмірімен WhatsApp желісі арқылы бере алады. Әзірге тараздықтар мен қала маңы елді мекендері тұрғындарынан тапсырыс қабылдайтын сайтта күнделікті тұтынатын тауардың 30 түрі саудалануда. Жоба жетекшілері тауар түрлерін тұтынушының сұранысына сай көбейтуге де болатынын айтады. Бастысы сіздің қалауыңыз базардан табылса болғаны.

– Тауарлардың бағасы халыққа қолжетімді. Өйткені бізде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісім бар. Сол секілді «Ауыл-Береке» базарының әкімшілігімен де берік байланыстамыз. Бұл құрылымдар бізді қолжетімді бағадағы азық-түлік қорымен қамтамасыз етуге жауапты. Қазіргі таңда бізге тәулігіне 10-15 тапсырыс түсіп жатыр. Тапсырыстарды межелі орнына жеткізіп беру қызметі 2 автокөлікке жүктелген. Тасымалдау бағасы тапсырыс берушінің мекенжайына байланысты. Қала ішінде 500-700 теңге аралығында. Арнайы жеңілдіктер жүйесі де бар.

Бастысы бұл қызмет халықтың көңілінен шығуда. Таяу арада мұндай сервистерді аудандарда ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде жоба аясында 5 адам жұмыспен қамтылған болса, қызмет ауқымын кеңейту арқылы олардың санын арттыра түсу ойымызда бар, – дейді жоба жетекшісі Нұрлан Қанатов.

Әрине BazarOnline сайтымен сауда жасаудың тиімді тұсы көп-ақ. Мұндағы тиімділік уақыт пен қаржыны үнемдеуден бөлек, тұрғындардың кеселді жұқтыру тәуекелін азайтудан да көрінеді.

Ал карантинге дейін облыс орталығындағы ең таңдаулы қоғамдық тамақтандыру орнының бірі саналған «Изюм» дәмді палау орталығы да жаңа талапқа көндіккен. Мұнда да тапсырыс тұтынушылардан онлайн режимде қабылданып, оны жеткізіп беру қызметі ұйымдастырылған. Орталықтың иесі, жас кәсіпкер Әлихан Айтбаев онлайн режимде тапсырыс қабылдауға Тараз қаласында күшейтілген режим енгізілген сәттен көшкенін айтады.

–Бұған дейін бізде тапсырысты онлайн қабылдау, жеткізіп беру қызметі болған жоқ. Барлығы уақыт талабынан туындады. Қазір тұтынушыларға мінсіз қызмет көрсетуді 5 қызметкер өз мойнына алған. Олар тәулігіне 25-30 тапсырысты талапқа сай орындауға күш салады. Жеткізіп беру қызметі ақылы. Тек 5000 теңгеден асқан тапсырыстарға ғана тегін қызмет көрсетіледі. Бізді тұтынушыларымыз Instagram әлеуметтік желісі арқылы таба алады. Ас мәзірі, оның бағасы, жеткізу қызметі мен тапсырысты ресімдеу талабы барлығы сонда көрсетілген, –дейді жас кәсіпкер.

Осылайша бүгінде облыс тұрғындары мейлінше онлайн қызметтерді кәдеге жарату арқылы карантин талаптарын сақтай отырып, күнделікті қажеттіліктерін өтеп келеді.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.