"Заң және біз"

Тамақтану орындарына қойылар талап қатаң

Written by Aray2005

Дәл қазіргі жағдайда қоғамдық тамақтану орындарында карантиндік талаптарды сақтау аса маңызды. Осыған қатысты ережелер облыстың мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің қаулысында нақты атап көрсетілген. Ашығын айтқанда қоғамдық тамақтану нысандарында көрсетілетін қызметке қойылар талап күшейтіліп отыр. Мәселен санитарлық-дезинфекциялық режим қатаң сақталған жағдайда тек ашық ауадағы 30 адамнан аспайтын орынға жұмыс уақытын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін шектей отырып, дастархан жаюға және тиісті орынға жеткізіп беруге рұқсат етілген. Даяшы не басқа да персонал тұмауға не басқа да дертке шалдыққанда жұмысқа шықпауы керек. Қызмет көрсетуші тұтынушы келгенде медициналық бетперде, қолғап секілді қорғаныс құралдарын киюі және оны жиі ауыстыруы қажет. Қорғаныс заттарының мұндай түрінің бірнеше қоры болуы шарт. Сондай-ақ тамақтану орындарында дезинфекциялау сулықтары мен қолды өңдеуге арналған антисептиктер, дезинфекциялау құралдарының жеткілікті болуы талап етіледі. Бір рет қолданылатын бетперделерді қайталап пайдалануға, сондай-ақ ылғалданған бетперделерді пайдалануға жол берілмейді. Нысанда келушілердің қолын өңдеуге арналған антисептиктер көзге көрінетін жерде тұруы керек. Бір мезгілде пайдаланылатын ас үй ыдыстары мен аспаптардың жарықтары, сынықтары, шеттері кертілгені, деформацияланғаны, эмалі зақымдалғаны пайдаланылмайды. Қоғамдық тамақтану орындарындағы ыдыстарды қолмен жуудың да арнайы белгіленген ережесі бар. Осы ережелерді орындау қатаң міндеттеледі.
Тамақ ішу залының едендері, сауда сөрелері күніне 2 рет таңертең және кешке, ыдыстар, тамақ тарату лентасы, есік тұтқалары, касса аппараттары, банк терминалы – сағат сайын, қоғамдық санитариялық тораптар, лифт кнопкалары, баспалдақтың адам ұстайтын жақтаулары күніне 3 мәрте міндетті түрде залалсыздандырылуы қажет. Жұмыс ауысымы аяқталғаннан кейін немесе кемінде 6 сағат сайын есіктердің тұтқаларын, үстелдерді, орындықтардың арқалары мен жақтауларын, тамақтанатын орынға кіретін жердегі қол жууға арналған раковиналарды, өзіне-өзі қызмет көрсету сөрелерін дезинфекциялау, сулықтарымен сүрту арқылы дезинфекциялау құралдарын қолдану талап етіледі. Үстелдердің, орындықтардың да орналасу реті бар. Мысалы үстелдер арасындағы арақашықтық 2 метрден кем болмауы керек. Келушілердің арасындағы қашықтық кемінде 1 метр болуы шарт.

М.ДАВИЛОВА,
облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін
бақылау департаменті қоғамдық тамақтану объектілерінде жұқпалы емес ауруларды
бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы

ПІКІР