Тамаша неткен Таласым менің…

0 48

Қарт Қаратаудың қойнауына қоныс тепкен Талас ауданы қай кезде де өндірісімен өркендеген өлке. Кеңестік кезеңнің өзінде фосфорымен Орта Азия елдеріне танылып, әлеуеті күн санап артқан. Дегенмен ел егемендігін алғаннан кейін кәсіпорындар тоқтап, халық елді мекеннен үдере көшкен болатын. Алайда соңғы он жылдың бедерінде ауданның бойына қайта қан жүгіріп, дамудың даңғыл жолына түсіп, кемелді келешекке желкен керді.

Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді

Әлемдік пандемияға қарамастан өткен жыл өлке үшін табысты болған. Жалпы өндірілген өнім мен қызметтер көлемі 47 миллиард 690 миллион 900 мың теңгені құраған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 105,7 пайыз немесе 2 миллиард 576 миллион теңгеге артық.
Өнеркәсіп өнімдері 22 миллиард 631 миллион 600 мың теңгені құраса, мұнда да 100,2 пайыздық өсім байқалып тұр.
Ел игілігіне құйылған инвестицияға келсек, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 18 миллиард 835 миллион 100 мың теңгеге жетіп, 2019 жылмен салыстырғанда 1 миллиард 704 миллион 700 мың теңгеге артық түскен. Нәтижесінде құны 3,7 миллиард теңгені құрайтын қуаттылығы 9 мВт болатын «Вин Пауер Сити» және «Вин Электрсити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жел электр стансасы іске қосылған. Сонымен қатар «TalasInvestmentCompany» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз зауытының қуаттылығын 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға дейін көтеру мақсатында зауыт жанынан құны 25 миллиард теңгені құрайтын қосымша цех салу жұмыстарын қолға алуда.
Ауданда мемлекеттік бағдарламалар да бағдарын тауып, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 206 миллион 300 мың теңгеге 5 жоба іске асырылған.
«Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы қолдауымен 140 миллион теңгенің 2 жобасы жүзеге асып, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 196 миллион теңгенің 35 жобасының құжаттары қаржы институттарына жолданған.
Бұдан бөлек «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамынан 348 миллион 212 мың теңгеге 79 жобасы оң шешімін алып, жоба иелері барлығы 159 бас мүйізді ірі қара, 2 717 бас уақ мал және 196 бас жылқы сатып алған.
«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының еншілес ұйымы «Әулие-ата НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы «Іскер» бағдарламасы бойынша барлығы 41 миллион теңгеге
9 жобаға өтінім жолданған болса, оның ішінде 27 миллион теңгелік 6 жоба қолдау тапқан. Сондай-ақ 14 миллион теңгелік 3 жобаның құжаттары құзырлы органнан тіркеуден өткен. Оң шешім алған несие қаражатының есебінен барлығы 90 мүйізді ірі қара, 709 уақ мал және 15 жылқы сатып алыныпты. Аталған жобалардың арқасында әйел кәсіпкерлердің саны 21-ге, жас кәсіпкерлердің саны 26-ға жетіп отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 517 миллион 800 мың теңгеге жылқы, уақ мал және ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған. Ал «Шыңғысхан» шаруа қожалығының 120 жылқы алуға берілген 50 миллион теңгелік өтінімі қаралуда.

Жайылым мыңғырған малға толды

Ауданда аграрлық сала да алшаң басуда. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімдері 15 миллиард 361 миллион 200 мың теңгені құраса, 2019 жылмен салыстырғанда 118,3 пайызға орындалған.
Мал шаруашылығы бойынша мүйізді ірі қара 29 477-ге, қой мен ешкі 335 167-ге, жылқы 12 859, түйе 2 184, үй құстары 38 266-ға жетіп, 12 859 тонна мал мен құс еті және 8 219 тонна сүт өндірілген. Мұнда да көрсеткіштер 2019 жылмен салыстарғанда көш ілгері.
Ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлеміне келсек, 1 миллиард 944 миллион 200 мың теңгені құрап, жоспар 153 пайызға орындалған. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 7 миллиард 620 миллион теңге болып, жоспар 109 пайызды межелеген.
Ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бойынша «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы және «Аулие-Ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 281 миллион 620 мың теңге несие беріліп, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 6 шаруа қожалығы 2 623 қой, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 27 шаруа қожалығы 3 301 қой мен 249 мүйізді ірі қара сатып алған.

Экспорт еселеп артуда

Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың айтуынша, былтыр егіннен де мол табыс түскен екен.
– 2020 жылдың өнімі үшін барлығы 13 525 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, 2019 жылмен салыстырғанда егіс көлемі 1 303 гектарға немесе 9 пайызға өсті. Яғни барлық егістік жердің 85 пайызы игерілді. Оның ішінде күздік бидай 4 800 гектар және көпжылдық шөп 4 465 гектарды құрады. Сонымен қатар 2 720 гектар жер парға дайындалды.
Көктем айларында 4 260 гектар алқапқа жаздық ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көзделсе, 1 500 гектарға жаздық арпа, 480 гектарға дәндік жүгері, 560 гектарға мақсары, 40 гектарға күнбағыс, 130 гектарға картоп, 300 гектарға бақша, 200 гектарға көкөніс, 130 гектарға қант қызылшасы және 1000 гектарға көпжылдық шөпті жаңадан орналастыру межеленді. 6 300 мың гектардан масақты дәнді дақылдар орылды. Әр гектардан 18,5 центнерден өнім алынып, жалпы жиналған өнім көлемі 11 655 тоннаны құрады. Мақсары дақылы бойынша әр гектарынан 6,5 центнерден өнім жиналса, дәндік жүгері дақылдары гектарынан 50 центнерден орылды.
Ал картоп 130 гектарға егіліп, әр гектардан 250 центнерден 3 250 тонна өнім жиналды. Көкөністен 5 600, бақша дақылдарынан 7 500 және қант қылшасынан 1250 тонна өнім алдық, – дейді Бақыт Алпысбайұлы.
Бұл тұста тағы бір айта кетерлігі, былтыр аудан «Меркі ет» комбинатына 4 914 бас қозының 70 тонна етін экспорттаған. Сонымен қатар 286 бұқашықты өңірдегі мал бордақылау алаңдарына өткізген. Сондай-ақ 38 дана ауыл шаруашылығы техникасы есептен шығарылып, 97 дана техника сатып алынған.

Құрылыс қарқыны қуантады

Жыл ішінде ауданда құрылыс саласында да қарқын байқалады. Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі
7 миллиард 611 миллион 800 мың теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 103,8 пайызға артқан. Нәтижесінде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 18 219 шаршы метрді құрап, 2 есеге артқан.
Газдандыруға келсек, «Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Үшарал, Қайыр, Арал елді мекендерінде газ тарту желісін салуға 2019 жылы 391 миллион 500 мың теңге, 2020 жылы 43 миллион 012 мың теңге бөлініп, жоспарлы жұмыс толықтай аяқталған.
Жоғарыда аталған бағдарлама бойынша Майтөбе ауылының су жүйелерінің құрылысына 2019 жылы 111 миллион 111 мың теңге және 2020 жылы 220 миллион 453 мың теңге қаралып, қазір нысанды қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
Ал Тамды ауылдық округінде орналасқан су ағатын «Тамды» темір-бетон жүйесін ағымдағы жөндеу жұмыстары толықтай бітіп отыр.
Жол жайы да аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың жіті назарында. Аудандық мәндегі автомобиль жолдарын орта жөндеу жұмыстарына 672 миллион 722 мың теңге бөлінсе, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша да бағдарын тапқан тірлік көп.
«Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде «Ерназар – Қойгелды» көшелерінің 11,4 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына 70 миллион 221 мың теңге қаралып, тетігін тауып отыр.
Талас ауданында өткен жылы үй кезегінде тұрған тұрғындар саны 1 740 адамды құраса, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 621 миллион 414 мың теңгеге 2 тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Қаратау қаласындағы №3 ықшамаудандағы 44 пәтерлі №4 жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кезекте тұрған азаматтарға уақытша пайдалануға беріліп отыр.

Ниет болса, жұмыс жетеді

Талас ауданында бүгінде 54 743 адам тұрып жатса, халықтың орташа айлық жалақысы 19,7 пайызға өскен. Былтыр жалпы әлеуметтік көмек түрлеріне 256 миллион 489 мың теңге қаралса, 223 миллион 623 мың теңге атаулы әлеуметтік көмекке 660 отбасы қол жеткізген. Кепілдендірілген әлеуметтік топтама 312 отбасындағы 576 балаға берілген. 10 миллион 679 мың теңге көлеміндегі біржолғы әлеуметтік көмек 117 адамның қолына тиіп отыр.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 46 адам мерзімдік кәсіптік оқытуға жолданып, «Бастау Бизнес» жобасымен 229 тұрғын оқып шыққан. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы сертификат алған 12 азаматқа несие және 135 адамға қайтарымсыз грант берілген.
Әлеуметтік жұмыс орындарын құруға 30 миллион 866 мың теңге бағытталса, осы арқылы 166 адам екі қолға бір күрек тапқан. 186 өтінім білдіруші «Жастар практикасына» жіберілсе, қоғамдық жұмыс орындарына 1016 адам тартылған.
Осылайша өткен жылы 3 762 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 110,1 пайызға орындалып отыр. Жұмыс күші тапшы өңірлерді мамандармен қамтамасыз ету бойынша Павлодар облысына 5 отбасы (15 адам), Солтүстік Қазақстан облысына 1 адам және Қостанай облысына 4 отбасы (12 адам) қоныс аударған.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 3 миллиард 593 миллион 305 мың теңге игеріліп, 67 нысанның құрылысына жұмыспен қамту орталығы арқылы 641 адам жолданған.

Білім саласына баса көңіл бөлінуде

Таласта бүгінде 81 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Олардың 35-і мектеп болса, 26-сы балабақша. Сондай-ақ мектептер жанынан 16 шағын орталық ашылған. Мектептерде 9 669 оқушы білім алып жатса, балабақшаларда 2 797 бала тәрбиеленуде.
– Коронавирус індеті білімге деген көзқарасты өзгертті. Қашықтықтан оқыту кезеңінде аз қамтылған отбасылардан шыққан 2 127 бала компьютермен және 547 отбасы интернетпен (роутер модеммен) қамтамасыз етілді.
17 мектептің әжетханасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 78 миллион 086 мың теңге бөлініп, толықтай аяқталып отыр.
Білім бөліміне қарасты мектептерге биология кабинет, ІТ сыныптар ашуға және робототехника сатып алуға 107 миллион 144 мың теңге қаралып, қажетті жабдықтар алынды.
Ойық ауылындағы Қонаев мектебіне, Ақкөл ауылындағы Ақкөл орта мектебіне және Қаратау қаласындағы лицей мен А.Байтұрсынов мектебіне «СмартПасс» бағдарламасы орнатылып, Ойық ауылындағы Б.Әлменұлы мектебі және Сейілбек ауылындағы Ш.Смаханұлы атындағы орта мектеп газға қосылды, – дейді аудан әкімі Б.Қазанбасов.

Қаратау құлпырып, ауылдар ажарланады

Ауданда ағымдағы жылға жоспарланған жұмыстар да аз емес. Атап айтсақ, Қаратау қаласындағы №3 ықшамаудандағы №17 тұрғын үйді 373 миллион 931 мың теңгеге қайта қалпына келтіру жоспарлануда. Сондай-ақ Қаратау қаласындағы Көктал су құбыры жүйесінің құрылысын аяқтауға 1 миллиард 716 миллион 536 мың теңге бөлінген. Нысан жыл соңына дейін ел игілігіне қызмет етеді деп күтілуде.
Бұдан бөлек Ақкөл, Ақтөбе, Қызыләуіт елді мекендеріне газ құбырын тартуға 444 миллион 444 мың теңге бағытталып, тұрғындар 2022 жылы көгілдір отынға қол жеткізбек.
Сонымен қатар биыл Тамды ауылындағы №1, №2 каналдар 66 миллион 051 мың теңгеге, Ақкөл ауылындағы Р-1 каналы 72 миллион 608 мың теңгеге және Қызыләуіт ауылындағы Сейіт, Мешіт, Қызылқия, Маятас каналдары 7 миллион 672 мың теңгеге жөнделмек.
Ал Үшарал ауылындағы құм көшкінін тоқтату үшін 32 миллион 874 мың теңгеге сексеуіл егу жұмыстары қолға алынатын болса, Билікөл АГРС құрылысына 444 миллион 444 мың теңге бөлінген.
– Биыл коронавирус кеселімен күрес әлі де жалғасуда. Сондықтан медицина саласына баса көңіл бөліп отырмыз. Талас аудандық орталық ауруханасында провизорлық төсек қоры 40 адамға шақталса, аурудың көбеюі орын алған жағдайда қосымша 60 төсек қорымен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар.
Дәрі-дәрмектерді сараптау барысында шамамен 2 ай мерзімге жеткілікті қор қалыптастырылды. Орталық ауруханаға 8 жасанды өкпе аппараты, 24 оттегі концентраты, 40 кислородтық баллон қойылып, қосымша 50 баллон сатып алу туралы өтінім порталға берілді. Сондай-ақ контактісіз дене қызуын өлшейтін 31 құрал сақадай сай дайын тұр.
Ауруханада бүгінде 4 өкпені қолдан тыныстандыру аппараты жұмыс істейді. Сондай-ақ оттегі жүйесі барлық бөлімшелерде қамтылған.
Осы жерде айта кету керек, ауданның белсенді азаматтары және жомарт жандардың демеушілігімен 21 дана оттегі концентраты аудандық ауруханаға және ауылдардағы дәрігерлік нысандарға таратылып берілді. Сонымен қатар демеушілер есебінен пандемияның қиын кезеңінде аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пен қажетті дәрі-дәрмек түрінде 12 миллион теңгеден аса сомаға көмек көрсетілді, – дейді аудан әкімі.

Иә, Талас ауданы тың тірліктерді түлетіп, баянды болашаққа жол бастауда. Әрине, бұл ең бірінші тұрғындардың тұрмысын түзеуге бағытталып жатқан шаралар. Бір ғана мысал: облыс әкімінің бастамасымен былтыр «Асарлатып үй салу» жобасы жанданса, 9 ауылдық округтегі 6 тұрғын үйді тапсырып үлгерген. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ. Осының өзі жұдырықша жұмылған таластықтардың бірлігін көрсетіп отырғаны анық.
Ендеше, елді мекеннің еңсесі тіктеліп, ауданның ажары ашылып, әлеуметтің әлеуеті арта берсін деп тілейміз!

Саян ТІЛЕУЖАН,
Талас ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.