Тамды әулие тарихы

1 61

Осыдан біраз жыл бұрын атына бұрыннан қанық Нәмелбек Кемелбекұлымен Тамды әулие бұлағының басында кездесіп, шежірелі қарттан көп аңыз-әңгіме естігенім бар. Кейіннен Тамды әулие туралы оның ұлы Шамғонның жазбасы қолыма түсті. Бұл әңгіме біз білмейтін біраз сырдың бетін ашады.

Х ғасырдың аяғы мен ХІ ғасырдың басында Орта Азия мен Қазақстанға Ислам дінін таратуға келген Мұхаммед пайғамбарымыздың сахабаларының тұқымдарының бірі – Тамды Әулие еді. Оның шын есімі Әбу Мұса болатын. Құранды жатқа білетіндіктен, оның қосымша есімі Әл Қари еді. Шамғонның жазбасына қосып айтарымыз бар. Әбу Мұса осы аймаққа келгенде Ұлы жібек жолының бойында жатқан тарихшылар, археологтар Берукент, Паркент деп аталатын көне қала дәуірлеп тұрса керек. Аңызға қарағанда сол тұста аспан айналып жерге түсердей ыстықтан бұлақ біткен суалып, қала халқы қатты қиналса керек. Осы жағдайды көріп қапаланған Мұса таудың етегіндегі тамырын кеңге жіберген саялы ағаштың түбінде отырып, жаратқанға жалбарынып, аса таяғымен жерді шұқып қалса, жер астынан бір құлақтан су аспанға атқылапты-мыс. Жоғарыға көтеріліп маңайындағы мүскіндерге су тамғанда олар: «Тамды, Тамды» деп жамыраса айқайлаған көрінеді. Сол сәттен бастап Әбу Мұса Әл Қариды жергілікті тұрғындар «Тамды әулие» деп атап кетіпті. Бұлақтың жоғарғы жағындағы тау «Тамды тауы» аталыпты. Шамғон бауырым айтады: «Тамды тауы. Әулие бұлақтың басынан таудың ұшарына дейін қарағашты орман болған. Бала кезімізде таудың етегінен ағаштың тамырын көптеп көрдік. «Жақсының аты қалады» демекші Тамды әулие мен оның есімінің қатар аталуының тағы бір себебі бар. Ол туралы кейінірек айтамыз.

Тамды бұлағының басынан алғаш әулиеге арнап кішкентай үйшік күмбез салған шаяндық Құлатай- Қосым қожалардың тұқымы Алиакбар имам екен. Қожалар келіп елден пітір малдарының санына қарай зекет алған. Зекетті еккен егіннен де алатын болған.

Тамды әулие бұлағының маңайын сіргелілер, сиқымдар, байыстар қоныс еткен. Оларды 1710-1715 жылдар шамасында көшіруге Жалмырза-Шонды биі Тілеуімбет басшылық етсе керек. Тамды өзенінің бойына Жалмырза- Шонды шымырлар қоныстап алған. Тамды әулие бұлағынан 8 шақырым жерде Ұзын бұлақ пен Күйген көл деген жерлерде Қойгелді бабаның әкесі Сарттың қыстауы болған дейді.

Тамды әулиеге арнап ХІХ ғасырда Үшаралдағы мешітті тұрғызған Абдолла ишан әулиеге күмбез салдырған. Ол күмбезді Абдолла ишан күйеу баласы Смайыл қожаға берген. Күмбез қасына медресе салғызған. Медреседе шәкірттерге ұстаздық еткен адам – Ахметбек. Ол Қойгелдінің баласы Жалмырзаның өзбек әйелінен туған Қапланбектің немересі, өзі өте сауатты еді, деп айтады білетіндер.

Смайыл қожадан кейін Тамды әулие жеріне қожалық еткен оның балалары Жұма, Оспан қожалар. Кеңес өкіметі кезінде екеуі бастарын сауғалап, Қырғыз еліне қашып кеткен. Заман түзелген соң Жұма қожа Тамды әулие жеріне оралып, 1942 жылы 96 жасқа келіп қайтыс болды. Баласы Сейдуалы қожа 1958 жылы дүние салды.

Шамғон Нәмелбекұлының айтуына қарағанда Тамды өзенінің басында Тамды әулие бұлағынан 8 шақырым жерде Қыз әулие бұлағы бар. Бұл деректі естіген мен дереу қызығушылық таныттым. Сөйтсем ол бұлақ Қаратау қаласының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған № 35 су мұнарасы маңайы екен. Ертеректе Қыз әулиеге тумаған әйелдер, ауру балалар сыйынып, түнеген. Сондай-ақ Тамды әулие бұлағынан 10 шақырым жерде қаланың шығыс жақ беткейіндегі Шолақтаудың етегінде Қотыр бұлақ әулие бұлағының барын да білеміз. Бір қызығы бұлақтың жоғарғы жағында әулиелер қорымы бар. Аңызға қарағанда бұл маңда Мысыр әулие, Жылқышы әулие сияқты адамдар жерленген. Сірә олар да Тамды әулиемен бірге ислам дінін таратуға келіп, осы маңайды мәңгілік мекендері етіп қалған сыңайлы. Қотыр бұлақ әулиенің суына денесінде жазылмайтын жарасы барлар ырым етіп түсетінін көріп жүрміз. Әулиеге арнап кесене соғылған. Ал Тамды әулие бұлағына есінен ауысқан адамдар, тумаған әйелдер мінажат еткен дейді. Бұл күндері Қыз әулие бұлағы естен шығып, көп науқастар Қотыр бұлақ пен Тамды әулие бұлағына барып, емделіп жатады. Жақында тағы бір қызықты дерек естідім. Арбатас әулиеден өтетін асфальт жолмен жүрсеңіз оң жағыңызда «Жарғантас әулие» деген сілтемесі бар бұрылыстан өтесіз. Елдің айтуына қарағанда Жарғантас әулие бұлағының маңайында үңгір бар көрінеді. Өтірік- шыны белгісіз сол үңгір Қаратауды тесіп өтіп, таудың күнгейінен бірақ шығады- мыс. Ол жаққа жолымыз түспей жүр.

Қарап отырсаңыз қасиетті Қаратауымыздың маңайы не бір құдіретке толы. Таластан шыққан Шапырашты Исабек ақынның: «Әзіреті Қаратау, әулиенің кені еді», деп сипаттауында үлкен мән жатыр.

Бүгіндері Тамды әулие кесенесі қайта жаңғыртылды. Оны қайта жаңғыртқан Шамғон Кемелбеков. Кесенені соғуға Нұрлан Ділдахан мен оның баласы Өмірбек Қуатбеков, Мәдемар Амалбекұлы сынды ұсталар атсалысты. Ал күмбездің кірпіштерін Сембек Сейдазимов түсіртті.

Кесененің күмбездерін Серік Ералиев соқты. Бәрі де Қойгелдінің Қарабас баласының ұрпақтары. Оларға Алланың нұры жаусын!

Күмбездің биіктігі – 1,20 метр, қаласының биіктігі – 4,5 метр. Қалыңдығы – 50 см.

Тамды әулие бұлағының маңайында 2,50-3 гектардай жерде аруақтар қорымы болған екен, 1950-1956 жылдары Қаратау тау-кен химия комбинаты қорымның үстіне тегістеп, жүзім еккен, қазір ел үй-жай салып жіберді және жеміс-жидек бағы орналасқан.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

Қазақстан Республикасының үздік өлкетанушысы,

Талас ауданы

1 Comment
  1. Асылжан says

    Негізі Тамды әулие деп аталғанмен, ол жерде ешкім жатқан жоқ. Кесенені адам жоқ жерде салған. Және мен оған сенбеймін. Ал, қотырбұлақ әулие басында Мысыр әулие, Жылқышы әулие жатыр деген де өтірік. Ешқандай әулиелер жатқан жоқ. Тек, бұлақтар емдік қасиетіне қарай халық арасында әулие бұлақтар деп аталған. Сосын, Кіші Арбатастағы Жарғантас әулие деген де өтірік. Ойдан шығарылған. Онда үңгір бар дегені рас, бірақ, ол үңгір шағын ғана, бес, алты адам сияқтындай ғана. Ол үңгір Қаратауды тесіп өтіп, таудың күнгейінен бірақ шығады деген де ойдан шығарылған. Қазіргі кезде елдер әрбір әулие бұлақтардың қасына отырып алып, мұнда анау жатыр, мынау жатыр, пәленше деген әулие жатыр деп, ойдан шығарып, елдерді сонда алдап әкелумен ақша табудың көзіне айналдырып жіберген. Мен сол ауданның тумасы ретінде мұның бәрін жақсы білем. Ондай өтірік терді қою керек қой. Ал, бұлақтар емдік қасиетіне қарай әулие аталғаны рас. Бірақ, онда ешқандай адамдар да әулиелер де жатқан жоқ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.