Таңқурай егіп, мол өнім алмақ

0 49

Таңқурай шаруашылығы жамбылдықтар үшін таңсық шаруашылық емес. Мәселен, Жуалы ауданындағы «Экостар-А» ЖШС 5 гектарға таңқурай еккен. Ол үшін серіктестік «Тараз» ӘКК» АҚ-ға жобасын ұсынған болатын. Нәтижесінде серіктестік корпорация арқылы 35 миллион теңгеге қол жеткізді. Бұл қаржыға шаруашылық Италиядан таңқурайдың «Амира» және «Регина» тұқымдарын алып келген.

Серіктестіктің жетекшісі Альтаир Досумбековтың айтуынша, шаруашылық бүгінгі күні таңқурайдың 30 мың түп көшетін егіп үлгерген.

– Қазіргі таңда көшеттердің барлығын егіп қойдық. Оларды күннен қорғау үшін арнайы тормен жауып қойдық. Жалпы таңқурай суды жақсы көреді. Бұл орайда, суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суару технологиясын қолданып жатырмыз. Ол үшін таудың суын кәдеге жарату үстіндеміз. Суды жинау үшін арнайы бассейн де қазып қойдық, – дейді А.Досумбеков.

5 гектар жерге италияндық тұқымды егіп қойған серіктестік келер жылы таңқурайдың өнім алуды жоспарлап отыр. Биылдыққа олар көшеттерді барынша күтіп баптамақ.

Айта кетерлігі, серіктестік қазіргі таңда 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.