«Таныссыз да талантыңды танытуға болады»

0 335

«Асыл тастан, ақыл жастан» деген бабалар өсиетін ескергендік болар, бүгінгі таңда аса жауапты басшылық қызметтер біліктілігін, іскерлігін танытқан жастарға сеніп тапсырыла бастады. Өз кезегінде жас басшылар да сенімге селкеу түсірмей, жігерлілігін тынымсыз еңбекпен көрсетіп те жүр. Қанша адам болса, сонша пікір туатыны рас. Қоғамда жас басшыға «Бір дөкейдің баласы ма екен?..» деп күмәнмен қарайтын көзқарас та жоқ емес. Алайда біз сұхбаттасқан Шу ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Нариман Абай қарапайым жұмысшы отбасынан шығып, өз білімімен қызметте сатылап өскен азамат. 24 жасынан басшылық қызметті бастаған ол «Таныссыз да талантыңды танытуға болады» деген пікірде.

– Нариман Жетпісбайұлы, мемлекеттік қызмет сізді несімен қызықтырды?
– Әркім де бала кезде «Болашақта кім болам?» деген оймен әр туыстарының мамандығына қызыға қарайтыны бар ғой. Көптеген қыз «мұғалім болам» десе, ұлдар «ұшқыш болам» деуші еді ғой бұрындары. Ал мен оқушы күнімде ауданы­мыздан шыққан Қожахан Жабағиевке қатты еліктедім. Ол кісінің басшылығымен атқарылған істер туралы газеттерге жазылса, қызыға оқып, телеарналардан көрсетілсе, құлақ түре тыңдайтынмын. Ол кісі біздің ауданға әкім болып келген 2010 жылы мен мектепте оқитынмын. «Мен де өскенде өз ауданыма басшы боламын» деп іштей ойладым. Мектепте жүргеннен осы ой үнемі санамда жаңғырып, үлкен де маңызды мақсатыма айналды. Содан мемлекеттік қызметке деген құмарлығым арта берді. Әрине, ол үшін білім қажетін ескердім. Сабағыма ден қойдым. Мектепті алтын белгімен бітіріп, балалық мұратыммен Алматыдағы Қазақ ұлттық университетіне «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығына түстім.
Студенттік шақтың қызықтары көп болса да бар зейінімді білім алуға бұрдым. Себебі көкейімдегі мақсат – өзімді тәрбиелеп өсірген туған өлкемде мемлекеттік қызмет атқару еді. Сол еңбектің нәтижесінде жоғары оқу орнын да үздік оқып, тәмамдадым.
– Әдетте жастар өзі оқыған үлкен қалаларда қалуға тырысады. Сізді ауданға тартқан не күш?
– Әрине, жоғары білім берген Алматы көркімен де, көңілді кештерімен де мені кез келген жастар секілді қызықтырды. Ондай қалада өмір сүру кім-кімді де ойландырады ғой. Тіпті маған оқуымды аяқтағанда сол жерден жұмыс та табылды. Баспана мәселесі де шешілетін жағдайлар туды. Тек Алматы емес, ол кезде Астана аталған елордадан да, өз облысымыздың орталығы Тараздан да жұмыс табылды. Бірақ мен балалық мақсатымнан айнығым келмеді. Адамның ең бір адал, таза ой-мақсаты балалық шақта туындайды деп ойлаймын. Ешқандай пенделік есепсіз, шынайы таза көңілмен құмартқан мақсатымыздан айнымағанымыз жөн деп білемін. Егер сол кезде үлкен шаһардан табылған жұмыс пен баспанаға қызығып, балалық мақсатымды соған айырбастасам, өмір бойы өзімді өзім кінәлап өтер ме едім, кім білсін. Жақсы жұмыс, жағдайлы баспана туған өлкеме еңбек етсем деген мақсатымнан жоғары тұра алмады. Өйткені әр аймақтың жай-жағдайын сонда туып-өскен адамнан артық білетін, одан артық жаны ашитын ешкім болмас. Туған өлкеге біз қызмет етпесек, кім келіп жанашырлық танытады?
– Сөзіңіз аузыңызда, туған өлкеңіздің әр тау-тасы да сізге таныс болар, бүгінде Шу ауданында нендей мәселелер өзекті?
– Әрине, жұмыс болған жерде мәселе де туындап отырады. Онсыз тіршілік те болмас. Сол секілді Шу ауданында да шешімін күткен мәселелер жетерлік. Солардың түйінін шешуге қызмет етудеміз.
Алдымен жол мәселесіне тоқталайын, себебі «Жол азабын жүрген біледі» дейді. Біздің ауданның үстінен басқа аймақтарға өткен кісілер де бұл жағдайды көзбен көріп жүр. Шу аймағындағы республикалық маңызы бар 118 шақырым жол болса, оның ішінде қанағаттанарлық жолдың үлесі 0 пайыз. Егер «Меркі – Шу – Бурылбайтал» жобасы аяқталса, алдағы қазан айына дейін әлгі көрсеткішіміз көтерілер еді. Көпшілік осы жағдайдың байыбына бармай, жолдың нашарлығын жергілікті басшылықтан көреді. Бұл республикалық деңгейде шешілетін мәселе екенін баса айтқым келеді. Алла қаласа, осы жол жағдайы биыл шешімін табар деген үміттеміз.
Кезек күттірмейтін екінші мәселе – Шу қаласының әлі шешілмеген кәріз жүйесі. Бұл шағын қаланы бүгінде 37-38 мың тұрғын мекендейді. 118 көппәтерлі үй болса, олардың барлығы ескі кәріз жүйесін пайдаланады. Яғни орталық кәріз жүйесі ескірген. Оны жөндеу жобасын 2010 жылы ұтып алған мердігер өзіне міндеттелген жұмыстың 30 пайызын ғана орындаған. Қалған 70 пайыз жұмыс сол күйі тоқтап тұр. Мердігермен сот процесі бүгінгі күнге дейін әлі жалғасып келе жатыр. Оның зардабын қала тартып отыр. Батыс мөлтек ауданынан қазірде кәріздің иісі шығады.
Одан кейін ауданның орталығы– Төле би ауылына газ жүргізу жайы. Мердігер компания әр үйге 503 мың теңге шамасында көгілдір отын кіргізбекші. Ал Шу қаласында бір үйге көгілдір отын кіргізу құны 310 мың теңге, ауылдарда біршама төмен бағада. Алайда Төле би ауылында халықтың қалтасына қымбат түсетін бағада болып отыр.
Тағы бір күрделі жағдай– ауданымызда кәсіпкерлік саласында өндіріс ошақтары тапшы. «Шатыркөл» кен орны бар бізде, одан өзге ауылдық аймақтың негізгі өнімі саналатын ет пен сүт өнімдерін өндіретін орындар жоқ. Жылына ауылдық жерден қаншама тонна ет, сүт шығады. Бірақ соларды халықтың тұтынуына қолайлы етіп әр түрінен өндіре алмай отырмыз. Өзімізден шыққан тауарларды, шикізатымызды Меркі мен Алматыға тасып жатыр. Біздің ауданға да осындай бағытта жұмыс істейтін шағын цехтар, зауыттар керек. Біздің аудан негізінде пияз, қарбыз секілді көкөністердің отаны, бірақ өндірісі жоқ.
Ауданымыздан химпаркті кезінде химиялық өнімдер шығару, өнеркәсіпті дамыту мақсатында салған. Бірақ оның да жұмысы мандымай тұр. Инфрақұрылымы 36 миллиард теңгеге салынған, бірақ бүгінгі күнде бірде-бір зауыт жұмыс істеп тұрған жоқ. Негізгі ауқымды проблемалар осылар.
– Жұмыстың жайын жақсы білу үшін мол тәжірибе керек. Сіз бұған дейін қай салаларда мемлекеттік қызметке төселдіңіз?
– Дұрыс айтасыз, оқу орнында теориялық біліммен қатар іс-тәжірибеден өткізеді десек те, адам баласы нағыз еңбектің қазанында қайнамайынша істің қырын жан дүниесімен сезініп, меңгере алмайды. Алғаш еңбек жолымды осы ауданның әкімшілігіне келісімшарт негізінде бағдарламашы болып бастадым. Үш айдан кейін аудан әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманына конкурс жарияланып, соған қатыстым. Бұйырған болар, бір жарым жыл сол қызметті атқардым. Содан соң кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне ауысып, онда да 1 жыл жұмыс істедім. Кейін аудан әкімдігінің ұйымдастыру инспекторлық бөлімшесінің ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер мәселелері бойынша аудан әкімінің жұмысын ұйымдастыратын бас инспекторы болып тағайындалдым. Осы бөлімшенің 1 жылдан соң басшылық міндетін сеніп тапсырды. Екі жыл сол бөлімшеде жұмыс істегеннен соң аудан әкімі аппаратының басшылығына конкурсқа қатысып, барлық талаптарынан өтіп келдім.
Айта кеткім келеді, көбіне қоғамда жас азаматтың басшы болғанына «танысы мықты болар…» деген ой болады. Шындығында, мен өте қарапайым отбасынан шыққанмын. Туыстарымыздың арасында да басшы болғандар жоқ. Әкем егіншілікпен айналысқан диқан, қазір мектепте күзетші. Анам да мектепте кітапханашы болып келген, қазір ауылдық кітапханада қызмет етуде.
Қазір өзім де екі баланың әкесімін, үлкені 2 жаста, кішісі 3 айлық. Балаларымды кәсіпкерлікке бейімдеп өсіргім келеді. Себебі қазір мемлекетіміз өз кәсібімен айналысуға ниетті азаматтарға барынша қолдау көрсетіп отыр. Әрине, бала өскеннен соң кім болатынын өзі таңдайды ғой, әзірге бұл менің әкелік мақсатым ғана.
– Жас басшы ретінде замандастарыңызға не айтасыз?
– Кез келген адам жас күнінде діттеген нақты мақсатынан айнымаса, өкінбестей өмір сүреді. Алайда ол мақсат тек жеке бастың қамын күйттемей, өз отбасымен қоса ауылдастарының да мүддесіне негізделсе, асыл мұрат болғаны. Менің мемлекеттік қызметті таңдаудағы көздегенім– туған жерімнің көркеюіне, елімнің өркендеуіне өз үлесімді қосу болатын. Ал қазіргі қызметімдегі нақты мақсатым – Шу ауданындағы 12 бөлім, Шу қаласын қосқанда 19 ауылдық округтің жұмысын жақсартып, ісін ілгерілету. Қазір Президенттің тапсырмасына сәйкес, қарапайым халық пен биліктің арасын жақындату, ашық үкімет құру негізінде сервистік әкімдік, адалдық алаңы жобалары жүзеге асуда. Адалдық алаңының аты айтып тұрғандай, негізгі мүддесі белгілі. Ал сервистік әкімдік дегеніміз – мемлекеттік қызмет алуға келген халық мәселесінің шешімін әр жерге барып әуреленбей, бір орыннан табуына жағдай жасау. Біз қазір аудан әкімшілігінің 1-қабатынан, яғни ғимаратқа кірген жерден сервистік әкімдіктің орталығын жасап жатырмыз. Ол жерде ауыл әкімі және әкімшіліктің барлық бөлімдерінің жауапты мамандарынан бір-бір өкіл отырады. Және ашықтық үшін қабырғалар әйнектен жасалады. Келуші тұрғынға барлық жағдай жасалу үшін ол жерде ішетін таза ауызсу, тынығып отыратын жайлы орындық, қасында кішкентай баласы болса, оны алдарқатып ойнататын балаларға арналған бұйымдар да қамтылады. Яғни тұрғынға қажетті мемлекеттік қызметтерді көрсететін маманның бәрі бір жерге топтастырылады. Негізінен ауылдық аймақтардағы тұрғындардың көбіне билікке қайырылатыны – жер және атаулы әлеуметтік көмек мәселелері. Сондықтан біз, ең әуелі, осы бөлімдердің мамандарын сервистік әкімдікке орналастырмақпыз.
Оған қоса өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары да ашылып жатыр. Ондағы ғаламтор жылдамдығын арттырып, электронды қолтаңбаны ендіретін компьютерді орнаттық. Анықтама секілді құжат алуға келгендер ол жерден ешбір маманды күтіп, іздемей-ақ өзі компьютерге отырып, керегін алып кете алады. Бұндай бұрыштар ауылдық әкімшіліктерден де ашылады. Яғни халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметі енді осындай ауылдық әкімшілікте де болады.
Бұған қоса 4 ауылдық округтен және Шу қаласынан осындай сервистік әкімдік ашуға қаражат қарастырдық. Бұйыртса, олар алдағы шілде айының ортасына дейін ашылады деп жоспарлап отырмыз. Қаражаттың мүмкіншілігіне қарай барлық ауылдық округтердің әкімшілігін сервистік әкімдікпен қамтысақ деген ойдамыз. Қазір байқасаңыздар, бірқатар ауылдық әкімшіліктің ғимараттары тозған. Солардың бәрін де жаңа форматқа көшіргіміз келеді. Және ондағы қызметшілердің кәсіби деңгейін көтеру де басты назарда.
Міне, осы мақсаттарыма жетіп, халықтан алғыс алсам, мен өзімді ең бақытты жан санаймын. Замандастарыма да, артымыздан ерген іні-қарындастарыма да туған халқыңның мүддесін көздеген істі мақсат тұт және соған жету үшін барыңды сала еңбектен дегім келеді. Жеке бастың қамын ғана күйттеу ешқашан адамға абырой да, көптің алғысын да әпермейді. «Батаменен ер көгерер» деген жақсы сөз бар. Халқыңның батасы ғана сені бақытқа жеткізеді.
Ойымды қорыта келе айтарым– егер жақсы мұратқа ұмтылсаңыз, таныссыз да талантыңды танытуға болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.