Тар заманда кең құшағын ашты…

0 0

Ұлы Отан соғысының алдында Кеңес Одағының авторитарлық билігі «сенімсіз» деп тапқан халықтарды атамекендерінен айырып, күштеп көшіруді жүзеге асырғанын тарихтан білеміз. Нақты айтқанда, бұл – халықтардың ұлттық ерекшелiгiн жою әрекеті. Осы мақсатта КСРО билігі 1937 жылы күрдiлерді Әзербайжаннан Арменияға, одан кейін Грузиядан Қазақстан мен Орта Азияға ерiксiз көшiрген еді. Тауар таситын пойыздарға тиелiп, ақ қар, көк мұзда қазақ даласына жеткізілген күрді, армян, түріктердің тағдыры өте аянышты болды. Жолда аштықтан, суықтан және антисанитарлық жағдайлардан жүздеген адам қаза тапты. Тірі қалғандарын Тараз қаласында қойша иіріп, бір бөлігін Сарысу ауданының Тасбұлақ және Арыстанды елді мекендеріне жөнелткен. Сол жақтан облыстың басқа аудандарына тараған күрді ұлтының бір шоғыры Талас ауданының Қасқабұлақ ауылына қоныстанған. Қазір Жамбыл ауданында 5 мыңға жуық күрділер тұрады. Оның көпшілігі Жасөркен, Гродеково, Шайқорық ауылдарында. Ал жалпы, Қазақстан бойынша 40 мыңның о жақ, бұ жағында күрдi диаспорасы бүгінде қазақтардың арасында тату-тәтті тұрмыс кешуде.
Негізінен, күрділер – Қазақстандағы ең аз этностардың бiрi. Соған қарамастан олар еліміздің әлеуметтiк-саяси, экономикалық және мәдени өмiрiне тең құқықты жағдайда белсене араласып келедi. Біз жер аударылып келгенде қазақ халқының әдет-ғұрпын, тілін білмедік. Қазақ халқы да біздің тілімізден, салт-дәстүрімізден бейхабар еді. Десе де, екі ұлттың бір-бірімен түсінісуіне қазақтардың бойындағы кісілік қасиеті ықпал етті. Өйткені жергілікті халықтың бізді жатырқамай кең құшақ ашуы айдауда жүріп, азып-тозған тағдырлы ұлттың аяқтан тұрып кетуіне, ел қатарына қосылуына жол ашты. Қилы заманда қолындағы бір үзім нанын бөлісіп жеген қазақ халқы сол кезде мейірімділік, бауырмалдық танытпағанда біздің қырылып кетуіміз мүмкін еді. Сол бір қиыншылықта қол созған қазақтардың бауырмалдығын бүгiнгi күрдiлер жадынан еш шығармақ емес. Сондықтан қазақтардың жақсылығын ұмытпауды ата-бабаларымыз бізге өсиет ретінде айтып отыратын. Біз де кейінгі буынға қазақ халқының кеңпейілділігін естен шығармауға, оларға әрқашан алғыс айтуды, салт-дәстүрін сыйлауды, құрметтеуді үйретумен келеміз.
Осы елде тұрып жатқандықтан, қазақ тілін меңгеріп, достық пейілден танбау біз үшін бұлжымас парыз. Ауыр да, азапты жылдарда көрген қиыншылық басымызға қайта келмесе екен деп тілейміз. Елімізді тек қана бейбітшілік, береке-молшылық жайласын. Қазақ халқына алғысымыз шексіз!

Сабри Асанов,
«Барбанк» этномәдени
орталығының төрағасы,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.