Сараптама

Тараз әлі тамсандырар талайды

Әлемде елдің назарын өзіне аударатын атағы алты құрлыққа мәлім қалалар жетерлік. Ол қалалар тегінде өз елінің даму деңгейінің ең озық үлгісін әйгілеп қана қоймай, ажары сырттан туристер тартатын, былайша айтқанда, қазынасына қомақты қаржы түсірерлік қасиетке ие екені белгілі. Осы орайда тарихы тереңнен тамыр тартқан Тараз шаһары да жыл өткен сайын талайдың қызығушылығын тудырып келеді.
Жалпы, шаһардың шырайы арта түсуі үшін облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші басты «көзір» болуы шарт. Сонымен қатар, қала құрылысы тұрғысындағы сәулеткерлік шеберлігіміз де үлкен рөл ойнайтыны анық. Жасыратыны жоқ, өңірімізге Асқар Мырзахметов басшы болып келгелі туған өлкенің тынысы кеңейе түсті. Әсіресе, тәтті ұйқының шырмауына оранған Тараз дүр сілкініп, тотыдай тарануда.

«Ерлік» елдің қуанышын еселеді

Тарихи шаһарда соңғы екі ай ішінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей қолдауымен «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылғанын жұртшылық жақсы біледі. Құрылысқа бас-аяғы 300 жұмысшы мен 50 техника жұмылдырылды. Сәт сайын құрылыс қарқын алып, саябақ жаңа келбетке енді. Саябақ маңындағы І.Жансүгіров көшесіне тағы бір жолақ қосылып, кеңейтілді. Мемориалды кешеннің кіре берісіне арнайы қақпа орнатылды.
Саябақтың ортасында «Мәңгілік алау» және даңқты қолбасшы Б.Момышұлының ескерткіші орын тепкен. Сондай-ақ, көрермендер үшін арнайы алаңдар жасалған. «Батырлар» аллеясында Жамбыл облысынан шыққан 39 Кеңес Одағының Батыры мен 9 «Даңқ» орденінің барлық дәрежесі иесінің есімдері жазылған жұлдызшалар орнатылып, «Даңқ» аллеясында Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан 105351 жауынгердің есімі алты қатар мәрмәр тасқа қашалып жазылды.
Саябақты жаңғырту жұмыстарының келесі сатысында «Даңқ» залының құрылысы жүргізіледі. Мұнда соғыс және тыл еңбеккерлеріне арналған музей соғылады. Аллеяның ортасында тылда еңбек еткендер үшін монумент, «Тырналар» мемориалдары, іс-шаралар өткізілетін арнайы сахна орнатылады. Сонымен қатар, мұнда Ауған соғысы, Чернобыль апатына қатысушылар мен Семей полигонында жауынгерлік борышын өтегендердің монументтері қайтадан жаңартылған түрде саябақтың күншығыс бетіне жайғастырылады.
Саябақтың аумағындағы 15 мың шаршы метрге абаттандыру, көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта Қазыбек би көшесі мен Қонаев көшесі аралығындағы «Үшбұлақ» каналының бойында демалушылар үшін жағажай жасалып, веложолдармен жабдықталады. Сол маңдағы көпір қайта жөндеуден өтіп, протон қойылады.

«Шахристан» шаң басып жатпайды

«Ерлік» мемориалды кешенінен бөлек Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта да Халық қаһарманының болмыс-бітімін жоғары деңгейде таныта аларлық дәрежеге сай жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Болашақта осы тектес Тұрар Рысқұлов атындағы және «Мамыр», «Химик» саябақтары мен «Атшабар» гүлзарларын қайта жаңғырту жоспарда бар. Жалпы, ұзын ырғасы Тараз қаласындағы барлығы 41 мәдени-демалыс нысанын жаңғырту, жаңадан салу бойынша ауқымды жұмыстар атқару жақын күндердің еншісінде. Темір жол вокзалы алдындағы аллеяны да қайта жаңғыртудың жобасы әзірленген.
Негізінен, «Көне Тараз» археологиялық паркі, Қарахан, Айша бибі кесенелері біртұтас туристік бағытты құрайтын аумақ болады. Саябақтарды қайта жаңғыртудан бөлек, Тараз қаласында «Салтанат сарайы», «Неке сарайы», «Өлкетану» мұражайы, Көркемсурет галереясы, Қолөнер шеберханасы, «Шахристан» этнотарихи кешені сынды нысандардың құрылысы жүргізіліп, Талас өзенінің бойында демалыс орны салынбақ. Бұдан бөлек, бүгінде мүлгіген тыныштық құшағына енген бұрынғы «Шахристан» базарының аумағы да тарихи орталыққа айналатын күн алыс емес. Бұл жайында Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі алдын ала жобалау жұмыстарын жасап та қойған. Нақты айтқанда, сол маңдағы орталық аумаққа аталған бөлім тарапынан бас жоспар негізінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы дайындалған. Ондағы негізгі нүкте «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы болып табылады.
– Ол жерде Достық үйі, ашық аспан астындағы қазба жұмыстар музейі орналасқан. Негізгі біздің мақсат осы орталық аумақты туристік нысанға айналдыру. Соның ішінде «Шахристан» да бар. Барлығы 4 гектарды алып жатқан «Шахристан» ежелгі Тараздың «Рабад» аумағында орналасқан. Бас жоспар бойынша осы «Рабад» аумағының 2 гектарына «Оқушылар сарайын» салу жоспарланды. Оның айналасы абаттандырылып, көлік, жаяу жүргіншілер жолы салынып, тұрғындарға ыңғайлы орындықтар орнатылады. Қалған екі гектар сквер болады. Бұл жер де көпшіліктің серуендеуі үшін қоғамдық орынға айналады. Бұдан бөлек қаланың сәулетін қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан шаруалар жетерлік, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Айдар Молдабаев.

Құрылыс жанданып, қоныстой көбеймек

Облыс орталығында жер телімдерін беру мен тұрғын-үй нарығында да оң өзгерістер байқалады. Мәселен, Тараз қаласы бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 2005 жылдан бері 68 614 азамат тіркелген. Өткен жылдан бастап Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы жаңа тұрғын алқаптан кезекте тұрған тараздық азаматтарға жер телімінің беріле бастауы қуантады. Жалпы, жаңадан салынып жатқан 15-шағын аудан үшін 362,2 гектар жер телімі бөлінген. Мұнда 280 көп қабатты, 969 жеке тұрғын үй және басқа да әлеуметтік нысандар бой көтермек. Әзірге 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Аталған шағын аудандағы Ж.Сабалақов көшесінің бойында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 205 тұрғын үйдің құрылысы басталып қойған. Жалпы, 969 жер телімінің 364- і кезекте тұрған азаматтарға беріледі деп күтілсе, 505-і «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бір типті жеке тұрғын үй салуға бөлінген. Соның нәтижесінде биылғы жаз мезгілінде «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы бірқатар тараздықтар қоныс тойын тойламақ.
Сондай-ақ, «Хамукат» алқабының 125 гектарында, «Қарасай» алқабының 126,6 гектарында және «Құмшағал-Шалғай Қарасу» алқабының 369 гектарында жалпы 3752 жер телімдерін кезекте тұрған азаматтарға беру жоспарланып отыр екен. Бұл жайында Тараз қалалық тұрғынжай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықов айтып берді. Сол сияқты алдағы уақытта автобекет маңынан да жаңа шағын аудан бой көтереді.
Тараз қаласының даму үдерісінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының да негізгі басымдықтары ескерілуде. Аталмыш бағдарлама аясында облыс орталығында 8 бастама айқындалғанын айта кетуіміз керек. Мәселен, Балуан Шолақ-Жібек Жолы, Жібек жолы-Самарқанд, Төле би-әл-Фараби, Абай-Ташкент, Төле би-Аққозиев секілді 5 көшенің қиылысына «ақылды бағдаршамдар» орнатылмақшы. «Аса» шағын ауданындағы 5 ауланы «ақылды жарықтандырумен» қамтамасыз ету, «Е-архитектура» жүйесін қалыптастыру бойынша электронды карта әзірлеу көзделіп отыр. «Қауіпсіз Тараз» жобасы аясында қалаға тағы да қосымша бейнебақылау камераларын орнату қарастырылуда. Әзірге 178 бейнебақылау құрылғысы орнатылу үстінде.
Міне, бұл аз уақыттың ішінде қолға алынған тірліктер. «Жақсы басталған іс – жартылай біткен іс» деген сөз бар халық даналығында. Батыл бастамалардың жемісін жұртшылық қазірдің өзінде айқын сезінуде. Алдағы ауқымды жұмыстардың да бұқара үшін берері мол болмақ.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР