Тараз қаласы індетке қарсы дезинфекциялануда

0 1

Алты құрлыққа ауыз салған коронавирус біздің елімізге де қауіп тудырып отыр. Тәулік сайын дертті жұқтырған қазақстандықтардың саны көбеюде. Бұл орайда қала бойынша аурудың алдын алу шаралары жан-жақты жүргізілуде. Соның бірі – аялдамаларды дезинфекциялау.

Жалпы Тараз қаласы бойынша бүгінгі таңда 640 аялдама бар. Мемлекет басшысы төтенше жағдай енгізгеннен кейін қала бойынша халық көп шоғырланатын жерлерде дезинфекция жасау жіті назарда. Қоғамдық көліктер мен қатар қала әкімдігіне қарасты сала мамандары аялдамаларды да хлор ертіндісімен залалсыздандыруды бастады. Бұл жұмыстармен «Халықтың денсаулық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып жатыр.
– Біз залалсыздандыру жұмыстарына апта басында кірістік. Бригада 12 адамнан тұрады. 4 бригада қала бойынша бөлініп, екі-екі адамнан дезинфекцияны аялдамаларда жасаса, қасында бір маман аялдамада тұрған тұрғындарға түсіндіру, ақпараттандыру жұмысын жүргізеді. Кез келген аялдама көшенің екі бетінде орналасады. Мамандар уақыт жоғалтпау үшін бірден қарама-қарсы беттегі аялдамаларды да залалсыздандырумен айналысады. Жұмыстарды таң азаннан бастаймыз. Күніне екі рет әр аялдамада залалсыздандыру жұмыстары жіті жүргізілетін болады, – дейді аталмыш мекеменің директоры, дәрігер-эпидемиолог Бауыржан Жылқыбеков.
Дезинфекция жасаушылар қаланың ішін бітірген соң әуежай, автовокзал және темір жол вокзалдарының маңындағы аялдамалар да қамтитынын айтуда. Серіктестік директоры бір күнде екі мәртеден атқарылатын іс-шара әзірге бір айға жоспарланғанын жеткізді.

Шынболат Сейдуалиев

Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.