Тараз қаласынан Жазылбек Қуанышбаевтың атына көше берілсе…

0 10

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте тіл саясатының іске асырылу барысы және ономастика, атау беру мәселелері қаралды.

Басқосуда алдымен облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Басқарма басшысы өз сөзінде қазіргі таңда қазақ тілінің қолданылу аясы бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай кеңейгенін атап өтті. Есеп бойынша мемлекеттік тілді еркін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі облыста 91,9 пайызды құрапты. Десе де мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, оқитын және жазатын халықтың үлесі 70,5 пайыз болғанымен, өзге этнос өкілдерінің тілді меңгеру деңгейі әлі де төмен, яғни 57,1 пайыз екен.

Сонымен бірге мектептердің 69,6 пайызы қазақ тілінде білім берсе, оқушылардың 76,1 пайызы мемлекеттік тілде білім алып жатыр. Мемлекеттік тілде оқитын студенттердің үлесі 75,2 пайызды құрайды.
Есепті кезеңде облыс әкімінің тапсырмасымен тіл оқыту курстарының саны арттырылып, аудандарда, әсіресе Қордай ауданында ашық аспан астында тіл үйрену интереактивті курстары, «SÓILE» клубының жұмысы ұйымдастырылған.
Мұнан соң баяндамашы мемлекеттік тілді оқыту жұмыстарын баяндады.
– Тіл үйрету курстарын тіл оқыту орталығы жүргізеді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өткен жылы Қордай ауданында дербес тіл оқыту орталығы ашылды. Ашылған 20 топта 241 тыңдаушы бар.
Өткен жылы мемлекеттік тілге 2 385 адам оқытылып, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 920 адамға артты.
Қамтылғандардың 94 пайызы өзге этнос өкілдері. Сондай-ақ курстарға халыққа қызмет көрсететін мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлерін тартуға басымдық берілуде.
Биылғы жылдың қаңтар-мамыр аралығында қазақ тілін оқыту курстарына 1 232 тыңдаушы тартылды. Оның ішінде 82 пайызы өзге ұлт өкілдері. Жыл соңына дейін 4000 адамға жеткізу жоспарлануда. Ол үшін арнайы жол картасы әзірленген.
Сондай ақ оқыту үрдісіне жаңа технологияларды енгізе отырып, тіл үйрету әдістемелерін жетілдіру, оқыту сапасын арттыру басты назарда тұр, – деген басқарма басшысы қазақ тілін қарапайым деңгейде (А1) үйренудің IT жобасы «QazOnline» мобильдік қосымшасы әзірленгенін, қосымшаны кез келген ауыл, қала тұрғыны «Play Market» қосымшасы арқылы ұялы телефонына жүктеп алып, пайдалануға болатынын атап өтті. Сонымен бірге өңірде тіл мәдениетін көтеру мақсатында ұйымдастырылып жатқан түрлі форматтағы іс-шаралар мен ономастика және көшедегі көрнекі ақпарат пен жарнамалардағы тіл жағдайына тоқталды. Оның сөзінше, белгіленген тәртіппен жергілікті халықтың пікірін ескере келе, бірінші кезекте идеологиялық тұрғыда ескірген атауларды ауыстыру жұмыстары жалғастырылуда.
– Биылғы жылы Жамбыл ауданындағы Бесжылдық ауылы Шәкен Ниязбеков ауылы болып қайта аталып, Тараз қаласының 94 көшесіне атау берілгенін өздеріңіз білесіздер.
Бұдан басқа Тараз қаласының 29 көшесіне жаңа атау беру республикалық ономастикалық комиссияда мақұлданды.
Сондай-ақ облыста 40 мектепке және Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылының мәдениет үйіне Шәмші Қалдаяқовтың атын беру туралы жұмыстар жүргізіліп, ұсыныстар Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды.
Олардың ішінде Абай, әл-Фараби, Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртаза секілді ұлы тұлғаларымыздың есімдері берілді.
Елімізде ағымдағы жылы Ұлттық санақтың өткізілуіне байланысты атау беру, қайта атау жұмыстары уақытша тоқтатылып отыр,– деді Рахия Сейтбекқызы.
Өз кезегінде облыс әкімі Тараз қаласының бір көшесіне Жазылбек Қуанышбаевтың есімін беру жөнінде ұсынысын жеткізді.
– Қазақстанда екі рет Еңбек Ері атағын алған екі-ақ кісі болған. Оның бірі – Қызылордадан күріш егу бойынша Еңбек Ерін алған Ыбырай Жақаев, екінші – қой бағудан өзіміздің Жазылбек Қуанышбаев. Қызылордада Ыбырай Жақаев атындағы көше, мектептер, колледждер бар. Біз неге Жазылбек Қуанышбаевты ескермейміз. Оның үстіне ол кісінің биыл 125 жылдық мерейтойы. Сондықтан біз оны осы бастан қолға алуымыз керек және ол кісіге үлкен көше беруіміз керек, – деп жауапты сала басшысы мен қала әкіміне тапсырма берді.
Жиында онлайн байланысқа шыққан Тараз қаласының әкімі қала бойынша тіл саясатына байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Өткен жылы өзіңіздің қолдауыңызбен Қордай ауданында бастау алған ашық аспан астындағы тіл үйрету курстары Тараз қаласында жалғасын табуда. Қазір күннің жылуына байланысты маусым айының бірінен бастап саябақтарда балаларға тіл үйрету жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Оған Алматыдан арнайы тіл мамандары да шақыртылуда. Сонымен бірге қалада «Көше күндерін» атап өтпекпіз. Онда көше атауларына түсінік беретін жәрмеңкелер, жергілікті тұрғындардың қатысуымен түрлі іс-шаралар ұйымдастыратын боламыз, – деді Ержан Жұматұлы. Қала әкімінің ұсыныстарын қолдаған облыс әкімі Бердібек Машбекұлы карантиннің жеңілдеуіне байланысты ашық аспан астындағы қоғамдық іс-шараларды жиі жасауды қолға алуды ұсынды.

Жиын соңында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев тіл мәселесіне қатысты берілген тапсырмаларды, қабылданған бағдарламаларды заңға сәйкес орындау керектігін баса айтты. Ең негізгісі мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуде формальді түрде емес, нәтижелі түрде жұмыс жасау керек екенін ескертті. Әсіресе көшеге ат берерде сол жерге еңбегі сіңген, халыққа қызмет еткен азаматтардың атын немесе сол елді мекеннің бұрынғы тарихи атын негізге алу керектігін айтты.

Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.