Тараз қаласында «Денсаулық саябағы» бой көтермек

0 10

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыс орталығында «Таразға тарту» жобасы аясында Тараз қаласының Қарасу алқабында «Денсаулық саябағы» бой көтеруде. Қазіргі уақытта ондағы каналдың жағалау аймағы тазартылып, арнайы стела салынып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Осыған орай аталған аумаққа облыстың медицина саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан денсаулық сақтау саласының ардагерлері 80-нен астам шырша және ағаш көшеттерін отырғызып, саябақты көгалдандыруға өз үлестерін қосты. Алдағы уақытта мұнда әлі де 1000 тал көшеті отырғызылмақшы. Аумағы 5 гектар жерге орналасқан саябақ халықтың тынығып-демалуына, саламатты өмір салтын сақтауына қолайлы әрі таза ауада серуендейтін орталық болмақ.
– Медицина қызметкерлері халыққа өздері бастап, көгалдандырылған орында демалуды ұсынып отыр. Таза ауада, ағаштар саясында демалу, сондай-ақ саламатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысу, жаяу жүру, далада тыныс алу жаттығуларын жасау – бұл тұрғындардың басты ұстанымына айналуы қажет. Бүгінгідей пандемия кезінде бұл аса маңызды. «Ауырып ем іздегеннен ауырмаудың жолын табуды» ұмытпаған жөн. Алдағы уақытта бұл жер барлық қала тұрғындары мен қонақтары да келетін демалыс орындарының бірі болады деген ойдамын, – дейді облыс дәрігерлерінің демалыс орнына айналатын саябақтың ашылуына бастамашылық көрсетіп, игілікті істің ұйымдастырылуына ұйытқы болған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Аталмыш жоба демеушілер есебінен жиналған қаражатқа, яғни бюджет шығынынсыз жүзеге асырылуда.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.