Sport

«Тараз» «Оқжетпестен» ұпай олжалады

Written by Aray2005

«Тараз» футбол клубы көптен күткен жеңісіне қол жеткізді. Маусымның бел ортасында жүрісінен жаңылған клуб бас бапкерсіз қалғаннан кейін болашағына жанкүйерлер алаңдай қарағаны жасырын емес. Тіпті «төменгі лиганың терезесінен сығалап тұрмыз» деп болжағандар да аз болмады. Алайда «Тараз» қайта тіріле бастаған секілді. Оған біз сырт алаңда көкшетаулық «Оқжетпеске» қарсы ойында көз жеткізгендей болдық.

Негізі, бұл кездесуді «Тараз» өзіне тән үрдісте бастаған болатын. Ойынның алғашқы минуттарында қақпамызға пенальти әкеліп, клуб жеңілістің кермек дәмін қайта тататындай көрінген. Тіпті екінші доп торда тулағанда талайлар қолын бір сілтегені де ақиқат. Алайда күтпеген жерден кездесудің басты қаһарманы Әлішер Сүлей бірінші таймда есеп айырмасын бір голға қысқартып, үміт отын қайта жақты.
Үзілістен кейін «Тараз» алаңға ерекше екпінмен шыққаны байқалды. Бірақ төреші дөрекі ойнағаны үшін Жоана Мартинсті алаңнан қуып, желпінген көңілді су сепкендей басты. Бұдан кейін жігіттердің жігері құм болып, салы суға кетеді деп ойлағанбыз. Бірақ Әлішер Сүлей қайта ерлік танытып, қақпашыдан айласын асыра допты торға қарай бағыттады. Бағанаға тиіп кері серпілген доптың қасынан Элгуджа Лобжанидзе табыла кетіп, есепті теңестіріп кетті. Бір ойыншыға кем ойнап жатқан «Таразға» тең ұпай да тақиясына тар келмейтін. Бірақ жігіттер нағыз ерлік жасады. Тоқсан минут түгесілер тұста Лобжанидзе қорғаушылардың өрескел қателігін сәтті пайдаланып, есепті 2:3-ке жеткізді. Осылайша «Тараз» ауадай қажет үш ұпайға қол жеткізді.
Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында «Тараздың» бас бапкерінің міндетін атқарушы Нұрмат Мырзабаев командаға тамаша камбэк үшін алғысын білдірді.
– Ойын өте ауыр болды. Әсіресе алаңнан бір ойыншымыз қуылғаннан кейін жағдайымыз мүшкіл көрінген. Бірақ жігіттер жеңіске деген жігер танытты. Алғысым шексіз. Клубтың қазіргі жағдайында бізге әрбір ұпай ауадай қажет. Сондықтан қалған ойындарда да барымызды салатын боламыз, – деді бас бапкер.
Қалай дегенде де «Тараз» көптен күткен үш ұпайына қол жеткізді. Енді тек осы бағыттан таймау керек. «Оқжетпесті» ұтқаннан кейін қауіпті аймақтағы «Атыраудан» төрт, ал «Ақтөбеден» он екі ұпай алға шығып кеткеніміз қуантады. Десе де турнир кестесінде 10-орында тұру абырой емес. Қалған төрт ойындағы қарсыластарымыз «Шахтер», «Жетісу», «Қайсар» және «Ордабасы» алынбайтын қамал емес.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР