«Тараз» талантты ойыншылармен толықты

0 56

«Тараз» футбол клубы бірнеше ойыншымен келісімшарт жасады. «Тараз» командасына жаңадан қосылғандардың бәрі де жамбылдық футбол мектебінің талантты түлектері.
Атап өтер болсақ, 26 жастағы қорғаушы Әділет Кеңесбек енді «Тараз» сапында облыс намысын қорғайтын болады.
Сондай-ақ, команда ұлттық құраманың ойыншысы Елдос Ахметовпен толықты. Талантты тараздық футболшы кәсіби мансабын 2007 жылы бастаған. Әр жылдары «Астана», «Ертіс», «Қайрат» командаларында ойнаған. Былтыр қызылордалық «Қайсар» сапына ауысып, тек үш рет қана алаңға шыққан. Қазақстан жастар және ұлттық құрама командасында ойнаған. Қазір де ұлттық құрамаға үміткер ойыншылардың қатарында. Е. Ахметиов өз мансабында премьер-лиганың 5 дүркін жүлдегері, 2 рет жеңімпазы атанған. Қазақстан Кубогы мен Суперкубогының иегері.
Команда ойыншылары қатарына қосылған тағы бір ойыншы – Құрмет Қараман. 25 жастағы қорғаушы 2013 жылы Тараз»-дың жастар құрамында ойнаған. 2017-2018 жылдары бірінші лигадағы «Екібастұз» сапында өнер көрсетті. Былтыр екінші лига жеңімпазы атанған команданың бірі «Игілік» құрамында ойнады.
«Тараз»-ды толықтырған төртінші ойыншы 28 жастағы жартылай қорғаушы Жақып Қожамберді. Шабуыл шебіне жан бітіруге қауқарлы футболшы команданы күшейтеді деп күтілуде. Ертеректегі футбол маусымдарында команда үшін тоқсан матч өткізген ол былтыр «Қыран» командасында ойнап, 5 кездесуде 4 голдың авторы атанды.
Жалпы алғанда жамбылдық аяқдоп шеберлері команданың негізі болып қала бермек.

«Тараз» футбол клубының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.