«Тараз» «Тобылдан» оңбай ұтылды

0 0

Қазақстан Премьер-лигасының екінші турында «Тараз» сырт алаңда қостанайлық «Тобыл» командасынан оңбай ұтылды. Бір жеті бұрын «Қайратқа» есе жіберген жерлестеріміз, бұл жолы қақпаларына төрт бірдей гол жіберіп алды.

Жалпы «Тараз» маусымды сәтсіз бастады десек болады. Ел біріншілігінің экс-чемпионы алматылық «Қайраттан» футболшыларымыз жеңіліс тапқанына жанкүйерлер түсіністік танытқандай болған. Алайда «Тобылдан» дәл осылай ірі есеппен ұтыламыз деп ешкімнің ойламағаны анық.
Алаң иелері атынан бірінші таймда Азат Нұрғалиев есеп ашса, екінші 45-минуттықта қақпамызда тағы үш гол тулады. Жамбылдықтар атынан грузиялық легионер Эльгуджа Лобжанидзе ғана гол соғып, есеп айырмасын қысқарта алды. Ал ел мақтаған бразилиялық Эливелто Рибейро Дантас алаңда босқа жүрді десек те болады. Олай дейтініміз, Дантас ұрымтал сәттердің бәрін ұтымды пайдалана алмады. Жамбылдық жанкүйерлер дәл Эливелтодан мұндай сүреңсіз ойын күтпегені анық.
Енді ел біріншілігінің үшінші тур ойындарында «Тараз» 30 наурыз күні өз алаңында «Атырауды» қабылдайды. Бәлкім, осы кездесуде жігіттеріміз жамбылдықтар күткен ойын өрнегін көрсетер.

Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.