Sport

Тараз төріндегі тартысты айқас

Written by Aray2005

Өткен аптаның соңында Тараз қаласында аралас жекпе-жектен халықаралық турнир ұйымдастырылды. Тараз топырағында тұңғыш рет түндігін түрген байрақты бәсекенің өтуіне «Alash pride» промоутерлік компаниясы мұрындық болды. Сондай-ақ сайысқа «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұқаш Ескендіров пен «Altais group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әлімбек Жұмабеков демеушілік жасаған.
Бұл күні аралас жекпе-жек спортының жанкүйерлері Ресей, Түркия, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттерінің саңлақтарының арасындағы «жан алысып, жан беріскен» тартыстың куәсі болды.

Жекпе-жек кешінде алғаш болып 61,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша тараздық «Gladiator» клубының спортшысы Мұқағали Несіпбай мен өзбекстандық Фарух Файзиев өзара кім мықтыны анықтады. Бұған дейін жекпе-жектен Азия біріншілігінде олжа салып, Қазақстан чемпионы атанған Мұқағалидың бұл кәсіпқой спорттағы үшінші кездесуі. Алғашқы екі сынның бірінде қарсыласымен тең түсіп, енді бірінде басымдық танытқан спортшы Тараз төріндегі сайыста жеңіске жету жолында аянып қалмады. Оның қарсыласы Фарух та октагонда өзінің оңай шағылар жаңғақ емес екендігін көрсетті. Бокс пен жекпе-жектен спорт шебері әрі жекпе-жектен Азия чемпионы атанған өзбекстандық спортшы есесін жібермеуге тырысып-ақ бақты. Алайда алғашқы раундтан өзінің басымдығын танытқан Мұқағали ұдайы шабуыл жасаумен болды. Екінші раундтың 3-минутында қарсыласының осал тұсын тауып, қылғындыру әдісін қолданған тараздық спортшы жеңіске жетті.
Мұнан кейін сайыс төрінен табылған Олжас Есқараев пен өзбекстандық Элдор Эроновтың арасындағы жекпе-жек те көрерменнің делебесін қоздырды. Ә дегеннен өз мықтылығын көрсеткен Олжас кездесу тағдырын алғашқы раундтың 4-минутында-ақ өз пайдасына шешті.
Ал 61,2 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған тараздық «Gladiator» клубының спортшысы Рауан Бекболат ресейлік Александр Володинге есе жіберіп қойды.
Келесі болып 65,8 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Бағлан Сәрекенов пен өзбекстандық спортшы Мирамис Миршахубов арасындағы жекпе-жек 10-ақ секундқа созылды. Кездесуді өз пайдасына шешкен Бағлан кәсіби спорттағы төртінші жеңісіне қол жеткізді.
Ресейлік спортшы Джабрал Индербаев пен этникалық қазақ Серік Рызғалиевтың жекпе-жегі бір сарынмен өтті. Мүмкіндіктері мен қарым-қабілеттері бірдей спортшылар бірін-бірі аңдысумен жүрді. Әрі грек-рим күресі мен еркін күресті мықтап меңгерген олар өздерін татамиде жүргендей сезінді. 3 раундқа созылған сайыс қорытындысында төрешілердің шешімімен Джабраил Индербаев жеңіске жетті.
Жекпе-жек кешіндегі ең тартысты шайқас қырғызстандық Бостон Анарбаев пен «Alash Pride» клубының спортшысы Руслан Сариевтің арасында өрбіді. Қарсыластар төрешілер белгі бергеннен бір-біріне оқ жыланша атылып, ұрымтал сәтте мүмкіндігін мүлт жібермеуге барын салды. Жанкүйерлер де ашық айқасқа шыққан спортшыларға қызу қолдау білдірумен болды. Қазақстандық спортшының кезекті соққыларының бірі Бостонның қабағын жарып жіберді. Үш раунд бойы тартысқа толы жекпе-жек көрсеткен бұл жұптың сайысында төрешілер Руслан Сариевті жеңімпаз деп таныды.
Жарыс соңында Руслан өзінің бұл жекпе-жекке мұқият дайындала алмай қалғанын айтып, алайда алдағы уақытта жанкүйерлерін айқын жеңіспен қуантуға сөз берді. Айта кету керек, бұл 22 жастағы қазақстандық спортшының кәсіби спорттағы тоғызыншы кездесуі. Ол бұған дейінгі 8 жекпе-жегінде де жеңіс тұғырынан көрінген еді.
Дәл осы жұптың тартысты жекпе-жегінен соң халықаралық турнирдің негізгі сайыстары басталды. Мұнда алғаш болып түркиялық Кутлухан Сормагес пен қазақ кикбоксшысы Ғалымжан Қанаев 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атағына таласты. Жекпе-жек өнерінің К-1 нұсқасынан өткен жарыс қорытындысында төрешілер бірауыздан Ғалымжанды әлем чемпионы атануға лайықты өнер көрсетті деп таныды.
Мұнан соң алаңға аралас жекпе-жек спортшылары қайта көтеріліп, 57 келі салмақта қырғызстандық Ариет Бекишов пен қазақстандық Санжар Әділов өзара күш сынасты. Күш-қуаты шамалас қос спортшы да 3 раунд бойы аңдысумен болды. Төрешілер де октагондағы оғландардың мүмкіндігін бір деңгейде деп тауып, тең нәтиже тіркеуге мәжбүр болды. Келесі сәтте 70,3 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қырғыз спортшысы Эрлан Улукбеков пен ресейлік Илья Варварский сайысқа түсті. Бұл спортшылардың да дайындығы мен кәсіби спорттағы мүмкіндіктері шамалас болғандықтан октагонда жанкүйерлердің делебесін қоздыратын сәттер аз болды. Тек Илья бір рет әдіс-тәсіл қолданып, қарсыласты қапы қалдыруға әрекет жасады. Өз кезегінде сәтті шыққан дәл осы бір әдіс қазылар тарапынан жоғары бағаланған болуы керек, 3 раундқа созылған айқас соңында төреші Илья Варварскийдің қолын жоғары көтерді.
Жалпы, сол күні «Тараз-Арена» спорт кешеніне жиналған көпшілік 61,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде отандасымыз Шыңғыс Қайранов пен ресейлік Владимир Либеровтің және тараздық «Gladiator» клубының даңқты спортшысы Ермек Тлауов пен Беларусь елінен келген Иван Жвирбля арасындағы жекпе-жекті асыға күткен еді.
Жанкүйерлері арасында «Шах қазақ» атымен танымал Шыңғыс – бұған дейінгі кездесулерінің бірде-бірінде қарсыласына есе жібермеген саңлақ. Оның қарсыласы Владимир
6 кездесудің екеуінде қарсыласына жол берген. Ә дегеннен залдағы жанкүйерлерінің қызу қолдауына ие болған «Шах қазақ» кездесуді техникалық нокаутпен аяқтауға тырысты. Алайда ресейлік спортшы да аралас жекпе-жекте алдына қара салдырмайтынын аңғартты. 3 раундқа созылған сайыс соңында «Шах қазақтың» айы оңынан туып, жеңімпаз атанды. Байрақты бәсекеде намысты қолдан бермеген Шыңғыс Қайранов дәл осы турнирде қазақстандық спортшы Рауан Бекболаттан айласын асырған ресейлік спортшы Александр Володинді ашық жекпе-жекке шақырды. «Шах қазақтың» бұл шақыруын құп алған Александр да онымен октагонда кездесер күнді асыға күтетінін жеткізді.
Сол секілді Ермек Тлауов пен белоруссиялық Иван Жвирбля арасындағы жекпе-жек те қазақстандық спортшының пайдасына шешіліп, жанкүйерлерді шаттыққа бөледі. «Gladiator» клубының даңқты спортшысы «анаконда» аталатын тәсілді қолданып, қарсыласынан басым түсті.
Осылайша Тараз жерін думанға бөлеген алыптар айқасында отандастарымыз намысты қолдан бермей, қазақтың күрзі жұдырығы мен білек күшін күллі әлемге танытты. Мұндай бәсі биік доданың Әулиеата топырағында өтуі, әрине, біз үшін үлкен абырой. Алдағы уақытта да Жамбыл жері баһадүрлердің бас қосып, кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтайтын алаңға айналады деп сенеміз.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР