Тараз тотыдай түрленіп келеді

0 7

«Таразға тарту» жобасы аясында шаһардағы кіші спорт және ойын алаңдары салынып, скверлер, аллеялар мен саябақтар абаттандырылуда. Мұндай жұмыстар қаланың 42 бөлігінде жүргізілуде. Оларды аудандар, облыс әкімдігі мен қала әкімдігіне қарасты басқармалар, департаменттер өзара бөлісіп алып, демеушілердің күшімен көгалдандырып, көгеріштендіруде.

Жоба аясында жасалып жатқан жұмыс барысымен танысу үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ондаған нысанның басында болды. Аймақ басшысы алдымен Абай даңғылы бойындағы №153 және №155 көпқабатты тұрғын үйлердің көшеге қараған бетіндегі аллеяның абаттандырылуын көрді. Аллеяны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама, тілдерді дамыту және облыстық туризм басқармалары бірлесе жасапты. Демалыс орнында 600 шаршы метрге брусчатка төселіп, 280 шаршы метрі көгеріштендірілген (газон). Бұдан бөлек, аллеяға 10 орындық пен қоқыс жәшігі, 10 жарықшамдары орналастырылған. Сонымен қатар 54 шаршы метр алаңға спорт алаңшасы жасақталған. Ондағы абаттандыру жұмыстары толық аяқталыпты.
Сондай-ақ осы көшенің №200 тұрғын үйі жанындағы скверді Сарысу ауданының әкімдігі абаттандыруда. Аудан әкімі «Таразға тарту» жобасы аясында 44 шаршы метрге брусчатка, 500 шаршы метрге асфальт жабынын, 180 шаршы метрге резеңке жабындысын төсегенін айтты.
Бұдан бөлек, 4 жарықшамы, қоқыс жәшіктері, орындықтар, балаларға арналған және спорттық ойын алаңшалары орнатылып, көгеріштендіру жұмыстары жүргізілген.
Осы көпқабатты тұрғын үйдің тұрғыны Гүлмира Рашова «Үйіміздің қасында осындай ойын, спорт алаңшалары салынып, сквердің жасалғанына қуанып отырмыз. Тұрғындардың алғысы шексіз. Жаңа отырғызылған тал-дарақтар қурап қалмасын деп күнделікті түбіне су құйып, аула тұрғындары оны өз күтімімізге алдық. Осындай жобаны қолға алып, қаланы абаттандырып жатқан сіздерге зор алғысымды білдіремін», деді ол.
Бердібек Машбекұлы алдағы үш жылға арналған жоспарға сәйкес қаланың барлық аулалары абаттандырылатынын, мұның барлығын балаларымыздың болашағы үшін жасалып жатқанын сөз етті. Меркі ауданы №202 тұрғын үйдің айналасын жайнатып-ақ қойған екен.
Ал Байзақ батыр көшесіндегі 185/2 үйдің абаттандыру жұмысына Бердібек Машбекұлының көңілі толмады. Аймақ басшысы Байзақ ауданының әкімдігіне жұмысты қайта жасауды, ауласына ойын және спорт алаңшаларын, бесетка орнатуды нақтылап, ондағы жұмысты сапалы жасауды тапсырды. Осы көшедегі №170 тұрғын үйдің көше жақ бетін «Жамбыл – су» мекемесі барлық талапқа сай орындап шығыпты. Онда атқарылған жұмысқа әсіресе сол ауданда тұратын ардагерлер дән риза. Олар облыс әкімі Бердібек Машбекұлына алғыстарын айтып, тазалықты, көгерштендіруді қайта қолға алған билікке дән риза екендіктерін жеткізді.
Бұдан кейін облыс әкімі С.Сейфуллин көшесіндегі №27,28, Т.Рысқұлов көшесіндегі №25 және Қ.Тұрысов көшесіндегі №23, Қазыбек би көшесіндегі №131,133 және 179 көпқабатты тұрғын үйлердің айналасындағы скверлерде болып, ондағы Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм және Т.Рысқұлов аудандарының жобаға қосып жатқан тартуын көріп, онда да халықтың жылы пікірін тыңдап, пікір алмасты.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.