Жамбыл жаңалықтары

Тараз туризмін дамытуға не кедергі?

Written by Aray2005

Жалпы, Тараз топырағы тура­лы сөз болғанда, әуелі оның екі мың жылдық тарихы бар кө­не шаһар, сонымен қатар қой­науы тарихи қазынаға толы өлке еке­ні айтылады. Расында да, облыс орталығы Тараз қаласы ғана емес, жалпы Жамбыл облысының қай аудан, қай ауылынан болсын құнды жәдігерлерді, тарихи мекен­дерді көптеп кездестіруге болады. ЮНЕСКО-ның бүкіләлем­дік мұралар тізіміне енген ортағасыр­лық Ақыртас, сондай-ақ Өрнек, Құ­лан, Баласағұн, Қостөбе қала­шық­тарын айтпағанның өзінде, Қарахан және Айша бибі кесенелерінің өзі көпшіліктің қызығушылығын тудырып, ұлттың ұлы тарихынан сыр шертеді. Бүгінгі таңда Әулие­ата өңіріндегі тарихи, мәдени ес­керткіштерді өзгелерге таныту, құн­ды жәдігерлерді насихаттау басты мақсат болып отыр. Яғни, Тараз топырағында туризмді дамыту мәсе­лесі өзекті.

Өңірде туризм саласын дамытуда жақсы жоспарлар болғаны­мен,­ күрделі мәселе де бар. Бұл ретте Жамбыл өңі­ріндегі жәдігерлер­ді насихаттауға, Та­раз туризмін дамытуға не кедергі деген мәселе­нің туындайтыны ақиқат. Се­бе­бі аталған салаға байланысты Жам­­­был облысының әкімі Асқар Мыр­захметов тиісті басшыларға ту­ризмді дамытуға байланысты нақты тапсырмалар беріп келеді. Жалпы, көне дәуірдің куәгерлері іспетті болған тарихи нысандарды, есте жоқ ескі замандардан бері келе жатқан мәдени ескерткіштерді толығымен тану әрі өзгелерге таныту бүгінгі міндет. Елі­міздің осын­дай тарихи жауһарлары шетел­­дерге насихаттала берсе тіпті жақ­сы. Алайда, Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуын­ша, облыс әкімінің алдындағы есеп­­те 9 айдың қорытындысы бо­йын­ша көрсетілген нәтижелерге сәй­кес Тараз қаласы, Т.Рысқұлов және Меркі аудандары ішкі туризм бойын­ша қызмет көрсетілген келу­шілер санынан жоспарланған межеге жете ал­маған. Мәселен, Тараз қаласы бойынша резиденттер саны 45175 болу керек болса, іс жүзінде 42346 адам, Т.Рысқұлов ауда­­нына жоспарлы көрсеткіш бойынша 2680 адам келуі керек болса, нәтижесінде 1720 адам, ал Меркі ауда­нының көрсеткіші 5123 адам болуы керек болса, орындалуы 4959 адамды қам­тыған. Яғни, өңірге келушілердің саны күрт төмендеп отырғанын осыдан көруге болады.

«Қазіргі таңда облыс көлеміндегі орналастыру орындарының шынайы статистикалық мәліметтерді тапсырмауы өткір мәселе болып табылады. Жамбыл облыстық туризм басқармасы Жамбыл облысының статистика департаментімен бірі­гіп,­ облыс бойынша орналастыру­ орындарының көрсеткіштері ай­қын болуы үшін, қонақүйлердегі статис­ти­калық мәліметтердің уақтылы және нақты сандық мәліметтердің тапсырылуы­на ықпал ету бойын­ша бірқатар жұмыс атқарды. Яғни, қона­қүйлерге арнайы топ шығып, мекеме басшыларына түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізді», дейді басқарма бас­шысы.

Тараз шаһары көрші жатқан Алматы, Түркістан облыстары мен Шым­кент қала­ларына баратын туристер үшін тран­зиттік қала болып есептеледі. Сондықтан келушілер көп жағдайда туристік нысандарды тамашалаған соң қонақүйге де тоқтамастан басқа қалаларға ат­танып кетіп жатады. Мәселен, өт­кен жылы туристердің облысқа ке­лу саны 250 мың­нан астам адамды құраған екен. Ендігі жерде бас­қарма туристер санын бұдан да арт­тыру үшін осындай жұмыстарды ұйым­дастыруда.

Сан ғасырлық тарихы бар Қара­хан мен Айша бибі кесенелері Әулие­ата өңіріне ғана тиесілі емес, бар­ша қазақтың мәдени игілігі. Осынау тарихи жерге көрші облыстардан көптеген адамдардың келіп, зия­рат етіп жататыны бар. Алайда, бұл тарихи нысандардың соңғы кез­де туристердің келетін жеріне емес, тойшыл қауымның естелік су­ретке түсіп, тілек айтатын ғана ор­нына айналып бара жатқаны бел­гілі. Мәселен, көне шаһар орта­лығындағы Қарахан кесенесінің ал­дында ағып жатқан арықтың ылғи қо­қысқа толып жататынын да қала жұрт­шы­лығы жақсы біледі. Сол сияқ­ты, Айша бибі кесенесінің маңы да бүгінде тозған, кей жерлері бү­лінген. Бұл орайда «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік та­рихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев қос ке­се­ненің де маңына көгалдандыру жұмыстары жүргізілетінін айтты. Со­нымен қатар өңір­дегі тарихи құндылықтарды насихаттау мақ­сатында халық көп жүретін темір жол бекетіне және әуежайға да арнайы тақ­талар ілу­ жоспарда бар екен. Қара­хан және Ай­ша бибі кесенелері аталған мекеме тең­геріміндегі республикалық ма­ңызы бар­ нысан­дар тізіміне жата­тын­дықтан, мұн­­­дағы қаржыландыру жұмыстары да рес­публикалық бюджет есебінен жүр­гізіледі. Қазақстан Республикасы Мә­де­ниет және спорт министрлігінің 2017 жылғы 9 мау­сымындағы бұйрығына сәйкес аталған нысандарға кіру ақылы түр­де жүзеге асырылады. Кіру құны ере­сектерге – 200 теңге, студенттер мен зейнеткерлерге – 100 теңге, оқу­­шыларға – 50 теңге, мектеп жасына дейінгі балаларға ақысыз және шетелдік азаматтарға – 300 тең­ге болып бекітілген. Бірінші кезекте бұл кесенеге қанша адамның ке­ліп-кетіп жат­қанын бақылауға мүм­кіндік береді. Көрсетілген ақы­­лы қызметтен түскен қа­ражат министр­лікпен бақыланады.

Сонымен қатар Нұрлан Бықы­баев­тың айтуынша, Тараз қаласын­дағы орта­ғасырлық Қали Жүніс мон­шасын да қай­та жаңғырту жұ­мыс­тары жүргізілуде. Бұл нысан да өңір туризмін дамытуда ерекше ма­ңызға ие орынның бірі.

«Облыс әкімінің тапсырмасына сәй­кес, Жамбыл облыстық туризм бас­қар­­­масының бастамасымен об­лыстағы не­гізгі туристік нысандарды дамыту бо­йынша жұмыс тобы құ­рылған болатын. Жұмыс тобы ны­сандарды аралап, кем-кетігін тү­гендеу жұмыстарын атқарды. Қа­зіргі уақытта Қарахан және Ай­ша бибі кесенелерін көркейту мен абат­тандыру мақсатында жаңа эс­киздік жоба мен сме­та әзірленіп, об­лыс әкімімен эскиздік жо­ба мен сме­таның бекітілуі күтілуде. Жаңа жоба эскиздеріне сәйкес кесенелер­де санитарлық талаптары сақталған құр­бандыққа шалынатын мал соятын орны, дәретханасы, тілек­ханасы болмақ. Сонымен қа­­тар аталған жобаларды жү­зеге асы­ру үшін инвесторларды тарту жұ­мыстары жүргізіледі», дейді Қар­лығаш Аралбекова.

Өңірдегі көне замандардан бе­рі келе жатқан тарихи жәдігер­лердің тамыры мен тағдыры турис­терді қызық­тыратыны сөз­сіз. Тек тозығы жеткен кесене­лер қайта жаңғыртылып, ескерт­кіштер қал­пына келтірілсе, одан бөлек ұйым­дас­тыру, насихаттау жұ­мыс­тары жол­ға мықтап қойылса, Әулиеата өңірі еліміздегі ірі туризм ор­талық­та­рының біріне айналатыны анық.

egemen.kz

ПІКІР