Тараз этнографиялық қалаға сұранып тұр

0 12

Бүгінде мемлекетіміз алға қойып отырған өзекті мәселенің бірі – отандық туризмді дамыту. Ал қай ел, қай ұлтта да туризм этнография, экология, ұлттық өнер, спорт-ойындарынсыз жемісті дамымақ емес. Осынау өзекті мәселенің маңыздылығына байланысты өткен жылы қазақ жерінде тұңғыш рет Қазақтың спорт және туризм академиясының ұйымдастыруымен «Ұлттық спорт пен ойындардың бүгінгісі мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция Алматы қаласында ұйымдастырылды.

Спорт және туризм академиясы ұйымдастырған шара екі күн бойы өтті. Конференция жұмысына ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ҚР «Қыран» құсбегілер федерациясы, ҚР Ат спорты федерациясы, «Жалайыр Шора» құсбегілер орталығы өкілдері және Жамбыл облысынан табиғатты зерттеуші, натуралист-құсбегі, этнограф, халықаралық ұйымдардың сарапшы мүшесі ретінде арнайы шақырылдым. Конференция 5 ғылыми бағытта жұмыс істеді. Жиынға 8 ғылым докторы, 11 ғылым кандидаты, 16 профессор мен ғалымдар, аталмыш салаға қатысты жетекші мамандар, этнограф, орнитолог құсбегілер, ҚР мәжіліс депутаттары қатысып, планерлық отырыс пен секцияларда 61 баяндама тыңдалып, талқыланды. Мен ғылыми конференция жұмысына жергілікті жердегі этнография, экология, қазақ саятшылығы жайлы туризмді дамыту туралы 2 баяндама ұсынып, талқыға салдым.
Айтылған мәнді мәселе көп болды. Еліміздегі Тоғызқұмалақ ұлттық ойын спорты федерациясының президенті Әлихан Байменов тоғызқұмалақ ойыны, зияткерлік мәнге кіргізіліп, халықаралық жарыстар өткізуге жол ашылғанын қуанышпен айтты.
Ал алматылықтар «Нұра» ауылын мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қаржыландырылатын этнографиялық ауылға айналдыру туралы ұсыныс айтты. Бұл ұсынысты Шымкент қаласында сол кездегі Үкімет басшысы К.Мәсімовке, «Қыран» федерациясының президенті Нұрлан Өнербайға да айтқан болатын. Сол салмақты мәселені алқалы жиын барысында Алматы облысының жігіттері қайта көтеріп, ол қолдау тапты. Сол жиында біз: «Қазақстанда этнографиялық қала жасауға бірден-бір лайықты деп Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласы болуын сұранамыз» деп ұсынысты қосып жаздырдық.
Иә, берісі екі мың жылдық тарихы бар, Ұлы Жібек жолының бас керуен қаласы, көненің көзі, небір тарихи ғимарат, жәдігер, киелі орын, мазар, кесенелерді құшағына алған, әлі де ашылмаған, сыры мен шыны көп, Тараз шаһары этно-қала болуға бірден-бір лайықты екені даусыз. Өкініштісі сол, төрткүл дүниеге аян болса да, Таразды әлі туған жер түлектері толық тани алмай жатыр.
Бүкіл Орта Азияны құлдықтан құтқарған, біздің аталарымыздың көзсіз ерлігі жайлы атақты сан тарихшы, ғалым, суретшілеріміз бола тұрса да «Атлах шайқасы» панорамасын әлі күнге жасай алмай отырғанымыз ұят екені рас… Бірақ лайықты насихатталмаса, жас ұрпақ нені суреттеп жаза алады? Бұл Тараз қаласы жайлы біз білетін бір ғана мәселе. Ал, білмейтіндеріміз қаншама. Қазақтың этнографиялық қаласы статусын алса, көп нәрсе орынды шешілері даусыз.
Ол үшін төңіректегі көрші облыстардың бәрінде бар, ұрпақты төл табиғатты аялап, сақтауға шақыратын «Тараз-зоологиялық бағын» ашу қажет деп ойлаймын.

Жапар САТЫЛҒАНОВ,
этнограф, табиғатты зерттеуші, натуралист-құсбегі, республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.