Sport

«Тараз» жаңа маусымға қаншалықты дайын?

Written by Aray2005

Бірер жылдың бедеріндегі «Тараз» футбол клубының ел премьер-лигасындағы сәтсіз ойындары жергілікті жанкүйерлердің есінде. Жыл сайын турнир кестесінің соңғы сатысына әзер аяқ ілдіріп жүрген клуб ойыншылары жаңа маусымға үлкен дайындықпен келді. Түркиядағы оқу-жаттығу жиынын аяқтаған тараздық аяқдопшылардың құрамы 6 ойыншымен толықты.

Екі аптаға созылған Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына тараздық клуб жаңа бапкері Владимир Никитенкомен аттанған. Онда жамбылдық ойыншылар бірқатар жолдастық кездесулер өткізіп, клуб басшылары құрама сапын жаңадан толықтырған ойыншылар мен жастардың әлеуетін таныды.
Жолдастық кездесулерде тараздықтар әуелі жергілікті «Челик» командасынан 2:1 есебімен басым түсті. Бұл ойында Бекзат Шадманов пен Аюб Бацуев қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Дегенмен тараздық клуб Ресейдің Хабаровск қаласының намысын қорғайтын «СКА» командасына 1 доп айырмасымен жол берді. Сондай-ақ Владимир Никитенко шәкірттері Румынияның «Дуниря», Македонияның «Работнички» клубтарына қарсы ойында да қарсыластарына есе жіберіп қойды.
Алайда бұл кездесулердің басты мақсаты жеңістен бұрын ойынның әдіс-тәсілін жетілдіру және қосалқы құрам ойыншыларының мүмкіндігін байқап көру болғанын айта кету керек. Сондықтан да тараздық клуб барлық ойындарда жаңа ойыншылардан тұратын құраммен өнер көрсетті.
«Тараз» командасының сапы бұған дейін Литваның «Судувы» клубында доп тепкен жартылай қорғаушы Овидиюс Вербицкас пен Йован Чадженович, қызылордалық «Қайсардың» намысын қорғаған сербиялық Братислав Пуношевац сынды ойыншылармен толықтыра түсті. Сондай-ақ жаңа маусымнан бастап әр жылдары Ресейдің, Белоруссияның «Мордовии», «Дняпро» клубтарында ойнаған Валерий Каршакевич те жамбылдық клубтың жейдесін киеді. Түркиядағы жолдастық кездесулерде «Челик» командасына гол салған Аюб Бацуев пен Деян Больевич те мұнан былай әулиеаталық футбол клубында өнер көрсетпек.
Жақын арада «Тараз» футбол клубы соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін тағы да Түркияға баруды жоспарлап отыр. Ал ақпан айының соңында жамбылдық футболшылар өз алаңдарында премьер-лиганың алғашқы ойындарына дайындығын пысықтамақ.
Ендеше биыл «Тараз» жанкүйерлердің жүйкесіне ши жүгіртпейді деп сенеміз.

Шынболат Күзекбаев

ПІКІР