«Тараз жастары» тұрғын үй бағдарламасынан күтеріміз көп»

0 18

Әлемді бір тарының қауызына сыйдырған пандемия өңірдегі мемлекеттік жастар саясаты саласына да айтарлықтай салмағын салды. Дегенмен індетке байланысты туындаған кедергілер жастарымыздың жігерін жасытып, қайратын мұқалта алмады. Жарқын жобалардың, ілкімді істердің бастамашысы болып, ел басына түскен қиындықты еңсеруге аянбай үлес қосты.
Осы ретте жастармен жүйелі жұмысты жолға қойған Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркеповпен сұхбат құрып, мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі, болашақ жоспарлары төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

– Абзал Есенұлы, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры болып тағайындалғаныңызға 1 жыл, 1 ай болыпты. Шаһар жастарын бір мақсат, бір мүддеге топтастыра білген орталықтың басшысы ретінде алғашқы жылды қалай қорытындыладыңыз?
– Әрине бір жыл жұмыс істеп, әлеуетіңді көрсету үшін аз уақыт емес. Өкінішке қарай, өткен жылы пандемия салдарынан жоспарлаған жобаларымыздың жартысы жүзеге аспай қалды. Тараз жастары індетке қарсы күреске жұмылдырылып, ел бірлігі, ынтымағы сыналған шақта алдыңғы қатардан табыла білді.
Қауіпті індет жоспарымызға тұсау салғанына қарамастан қала жастарын алаңдатқан мәселелерді шешуге барынша басымдық беріліп, бір жылда біршама жұмыстар атқарылды. Мәселен, еш жерде жұмыс істемейтін, оқымайтын жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, оң нәтижесін берді. Атап өтер болсақ, Neet жастар арасында футболдан турнир өтіп, отыздан аса команда қатысты. Сондай-ақ адрестік жұмыстар жүргізіліп, аталған санаттағы төрт мыңға жуық жастың электрондық базасы жасалды. Қазіргі уақытта да Neet жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда. Нәтижесінде кәсіпкерлікке бет бұрып, табыс тайқазанын тасытып жүрген Neet жастардың қатары күннен-күнге артып келеді. Одан бөлек ресурстық орталық тарапынан жыл соңына дейін «Жасыл ел» еңбек жасағына тартылатын жастардың 30 пайызы Neet жастар болады. Күніне 8 сағаттық уақытша жұмыспен қамтылатын жастардың бір айлық жалақысы 60 000 теңгені құрайды.
Сонымен қатар жуырда ғана, яғни 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Шөлдала алқабында аула клубын аштық. Қазірдің өзінде аула клубына алпысқа жуық шөлдалалық жасөспірімдер мен жастар барып, үйірмелерге белсене қатысуда. Онда әзірге бес үйірме жұмыс жасайды. Алдағы уақытта жастар тарапынан сұраныс болып жатса, үйірмелердің санын көбейтуге дайынбыз. Сондай-ақ Шөлдала алқабында тұратын жастардан сауалнама алынды. Сауалнамаға тек қана жастар ғана емес, ауыл тұрғындары да атсалысты. Енді сауалнамаға қатысқан 1400-ге жуық тұрғынның талап-тілегі, ұсынысына сай жұмысымызды жандандырамыз.
Сол секілді кеңес беру алаңдарының жұмысына да көп көңіл бөлінді. Өйткені көп жағдайда жастар не жетпейтінін білгенімен, не істейтінін білмейді. Сондықтан кеңес беру алаңдарының берері мол. Мәселен мекемеге баспана мәселесіне, кәсіп ашуға байланысты жастарымыз көп қайырылады. Осы мақсатта «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамы облыстық филиалымен бірлесіп жұмыс атқарудамыз. Жастардың кәсіп ашуына қолдау көрсету үшін сала мамандарын шақыра отырып немесе әлеуметтік желі арқылы кездесулер ұйымдастыру жолға қойылды.
Өткен жылы ерекше форматта әуесқой жас балықшылар арасында «Балық fest» фестивалін өткіздік. Күні кеше жайдарманшылар арасында да бильярдтан турнир өтіп, Шымкент қаласынан, Түркістан облысынан келген ойыншылар бақ сынасты. «Фестивальдің не бильярд турнирінің қандай қажеттілігі бар?» деген орынды сауал туындауы мүмкін. Себебі жастардың өз ортасы бар. Бір топ футбол, бильярд ойнағанды, бір топ балық аулағанды, енді бір топ тауға шыққанды жақсы көреді. Яғни жастардың қызығушылығына байланысты түрлі форматтағы іс-шаралар, турнирлер өткізіп, мейлінше барлығын қамтуға тырысамыз.
Осы бағыттағы іс-шаралар ағымдағы жылы да қолға алынады. «Қазақша күрес» турнирін, Neet жастар арасында футболдан, волейбол және киберспорт ойындарынан турнирлер, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында «Мерейлі отбасы» қалалық байқауын, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Бір өзен, бір тағдыр» халықаралық экологиялық форумын, «Green Taraz» атты тазалық айлығын, дарынды жастарды қолдау мақсатында «Street dance» атты заманауи би байқауын, «Taraz fest» атты вайнерлердің қатысуымен концерттік бағдарлама, «The best blogger» атты блогерлер байқауы және тағы да басқа шараларды өткізу жоспарлануда.
– Сөз басында өзіңіз айтып өткеніңіздей, пандемия салдарынан қандай жобалар жүзеге аспай қалды?
– Қазір кез келген жасты сөзге тартсаңыз, кәсіпкер болғысы келетінін айтады. Өйткені мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Қаншама мемлекеттік бағдарламалар, жобалар жүзеге асуда. Тіпті қайтарымсыз грант та берілуде. Жастар кәсіпкерлігін дамытуға да жан-жақты жағдай жасалуда. Сондықтан Тараз жастары да мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейткісі келеді. Алайда көп жас жақсы идеясы болғанымен, іске асыру жолдарын білмейді. Сол себепті «Идеялар фестивалі» атты жобаны іске асыруды жоспарлаған болатынбыз. Жоба аясында кәсіпкерлер, екінші деңгейлі банк және бизнестің мүддесін қорғайтын ұйымдардың өкілдері жастардың бизнес идеясын іске асыруға ықпал етеді. Жастар үшін игілігі мол болатын жобаны биыл жүзеге асыруға күш салудамыз. Қазір демеушілер іздестіріп жатырмыз.
– Сіз берген мәліметке сүйенсек, Тараз қаласы бойынша 74 588 жас (41 000 студент, 26 000-ға жуық мектеп оқушысы, 2 500-ге жуық кәсіпкер, мемлекеттік қызметкер) бар екен. Мекеме қызметкерлерінің осыншама жасты қамтуға мүмкіндігі жете ме?
– Өте дұрыс айтасыз. Орталықта қызмет атқаратын 36 адамның 10-ы техникалық қызметкер. Қалған 26 маманның 75 мыңға жуық жаспен жұмыс істеуі мүмкін емес екені айтпаса да белгілі. Ал аудандардағы ресурстық орталықтардың қызметкерлерінің саны бізден көп. Жастарының саны да бірнеше есе аз. Сондықтан штат санын көбейту қажеттілігі туындап тұрғанын жоққа шығара алмаймыз. Тағы бір өзекті мәселе – жалақының төмендігі. Орташа жалақы – 65 мың теңге. Содан кейін де жастар көп тұрақтай бермейді. Дейтұрғанмен қолымыздан келгенінше, мүмкіндігімізге қарай қолдау көрсете отырып мамандарды тұрақтандыруға тырысамыз.
– Өткен жылы мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы қабылданғанынан хабардармыз. Бағдарлама жыл басынан бері жүзеге аса бастады. Бағдарлама аясында жарты жылда Тараз қаласында қандай жұмыстар атқарылды?
– Мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың 15 қазандағы №50-12 шешімімен бекітілген. Облыстың тұрақты даму мүддесінде жастардың бәсекелестік артықшылықтарын арттыруды мақсат еткен бағдарлама 2021-2025 жылдар аралығында екі кезең бойынша жүзеге асады. Алғашқы кезең 2021-2023 жылдарды, ал екінші кезең 2023-2025 жылдар аралығын қамтиды. Бағдарламада тоғыз нысаналы индикатор бекітілген.
Жастарға берері мол бағдарламаны дайындау барысында облыс әкімдігі жастар саясаты басқармасының басшысы Серікбол Қайратұлы біздің де ұсыныстарымызды сұрады. Сөйтіп қала жастарынан сауалнама жүргізе отырып әрі өзімізге мәлім кейбір мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарымызды, талап-тілегімізді қостық.
Үлкен үміт күттіріп отырған бағдарламаның жүзеге асып жатқанына 6 ай енді болды. Сондықтан дәл қазіргі уақытта үлкен нәтиже күткеніміз жөн болмас. Дегенмен жоспарлы жұмыстардың бірқатары басталып кетті.
Келешекте бағдарлама тиімді жүзеге асып, жастар саясаты саласындағы көптеген күрмеулі мәселелердің түйіні тарқатылып, кем-кетігі түзелетініне сенімдімін.
– Бұрынғы Тараз қаласының әкімі Айтқазы Дәулетқұлұлының кезінде қызметке тағайындалып, қазір Ержан Жұматұлымен бірге жұмыс істеп жатсыз. Осы уақытқа дейін шаһар басшыларына қандай да ұсыныспен кіріп, қолдау тапқандары болды ма?
– Айтқазы Дәулетқұлұлы әрдайым жастарға қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар берді. Ержан Жұматұлы да қала жастарына барынша жанашырлық танытуда. Қандай дүниелерге басымдық беру керек екенін, жастар саясатының қай саласы кемшін түсіп жатқанын айтып, тапсырмаларын беріп отырады.
Бұрын Тараз қаласында бес-ақ аула клубы болатын. Айтқазы Дәулетқұлұлына ұсыныс айтып, аула клубтарының санын жетеуге жеткіздік. Шөлдала және Құмшағал ауылдарында ашылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін «Қант зауыты» алқабында тағы бір аула клубын ашуды жоспарлап отырмыз. Аталған алқаптың жастары іс-шара өткізгенде белсенділік танытатыны рас. Ал басқа уақытта не істеп, не қойып жатқанын біле алмаймыз. Өйткені маман тапшылығы мүмкіндік бермейді.
Жуырда Ержан Жұматұлымен кездесу өтеді. Сонда бірқатар ұсыныстарымызды ортаға салатын боламыз. Бірнеше жыл бұрын елімізде «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы жүзеге асты. Жобаның мақсаты – жастардың қоғамдағы орнын табуына көмектесу, белсенділігін арттыру, оларды пайдалы қызметтерге тарту арқылы жұмыссыз жастардың санын азайту. Жарқын жоба аясында жамбылдық жастар бизнесін бастап, еңбектің көзін таба білді. Сол себепті аталған нәтижелі жобаның баламасы ретінде арнайы жоба дайындадық. Ұсынған жобамыз тек қала жастарын ғана қамтитын болады. Жобаға 140 миллион теңге сұрап отырмыз. Сонымен қатар «Тараз жастары» тұрғын үй бағдарламасы да мақұлданса, көпке шарапатын тигізетіні анық. Бағдарлама аясында №15 ықшамауданнан көппәтерлі тұрғын үй тек жастарға берілсе және «Жастар үйі» деп аталса деген ұсынысымыз бар. Бағдарламаны жүзеге асыруға 700-800 миллиондай қаржы керек. Айта кету керек, жобаны және тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген қаржы қайтарылатын болады.
Сондай-ақ «Арбат» аумағында «Ұлы Жібек жолы» сауда керуенін жасап, жастардың қолөнер туындыларын қоюды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа да жастардың кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған жоспарларымызды Ержан Жұматұлымен өтетін кездесуде ұсынатын боламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.