Uncategorized

Таразда 148 көше жөндеуден өтеді

Тараз қаласы көшелерінің жол жабындыларын қалпына келтіру – өзекті мәселердің бірі. Бүгінде облыс әкімінің тапсырмасына орай бұл бағытта барлық көшелерді түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бұған дейін коммуналдық меншікте ұзындығы 996 шақырым құрайтын барлығы 576 көше тіркелсе, түгендеу жұмыстары барысында 1531 шақырымды құрайтын 1330 көше анықталды.
Сондай-ақ, қаладағы көше жабындыларын реттеу үшін арнайы үш жылдық Жол картасы бекітілген болатын. Картаға сәйкес, бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар (мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау) нысандар орналасқан және қоғамдық көліктер қатынайтын, инженерлік жүйелермен толығымен қамтылған, көшелер жөнделу көзделуде. Бұл бағытта биыл ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен 100,0 миллион теңгеге бөлініп, 22000 шаршы метрді құрайтын 86 көшені (қоғамдық көлікпен қамтылған) қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 8900 шаршы метрінде, яғни 36 көшеде нақты жұмыстар атқарылды. Қалған жұмыстар жұмыстар ағымдағы жылдың шілде айында аяқталады деп күтілуде.

Сонымен қатар, қаладағы 29 жоба бойынша ұзындығы 75 шақырымды құрайтын 148 көшеге құны 1,5 млрд теңге болатын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл орайда негізінен «Тайвань», «Арай» тұрғын алқаптарының көшелері қамтылмақ. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 600 миллион теңгеге қаралып, қаланың көпқабатты тұрғын үйлері орналасқан шағын аудандардағы жол жабындыларына ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылатын болады.
Ол ғана емес, қазіргі таңда шаһардағы «Бурыл А,Б,В» тұрғын үй массивінің 26 шақырымды құрайтын 50 көшесіне шағал тас төсеу жұмыстары басталды. Оның жалпы құны 260 миллион теңгені құрап отыр. Бұл жұмыстарды «Ая сервис» ЖШС-гі жүргізуде. Аталған мәселелер тұрақты бақылауда.

ПІКІР