Таразда Азияның агрохимиялық форумы өтті

0 0

Азия елдерінің Халықаралық агрохимиялық форумының біздің облыста биыл бесінші мәрте ұйымдастырылуы бекер емес. Өйткені Жамбыл жері сонау кеңестік кезеңнен сары фосфорымен, минералды тыңайтқыштарымен танымал. Бүгінде қарт Қаратаудың қойнауы отандық химия өндірісінің, фосфор индустриясының жүрегі саналады. Сол себепті жергілікті «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «ҚазАзот» компаниялары басы-қасында жүрген форумның Тараз жерінде өтуі заңдылық.

Азияның VIII Агрохимиялық форумы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің, агрохимиктер мен жердің құнарын арттыру бағытында ізденіп, тер төгіп жүрген ғалымдардың, салалық министрліктердің, бизнес өкілдерінің, инвесторлар мен аграрлық және химиялық сектордағы ТОП-менеджерлердің пікір алмасып, мәселе шешетін ашық алаңы. Сондықтан мұнда жеткен жетістіктермен қатар, түйткілді, қордаланған мәселелерді де төтесінен айтуға мүмкіндік берілген. Өйткені Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігін де интеграциялық қатынастар арқылы реттеудің маңызы зор. Олай дейтініміз, біз жеміс-жидек бойынша Орта Азия елдеріне тәуелдіміз. Ал сәйкесінше тыңайтқыш мәселесінде олардың біздің өнімге деген сұранысы артып тұр.
Бұл форумға биыл алыс-жақын шет елдерден келгендердің қарасы көп болды. Украина, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Литва сынды елдерден 500-ге жуық адам тіркеліпті. Ұйымдастырушылар қатысушылардың саны жылдан жылға артып келе жатқанын айтуда.
Форумның алғашқы күнгі жұмысына облыс әкімі Бердібек Сапарбаева арнайы қатысып, сөз сөйледі.
– Еліміздің химия өндірісі бағытындағы пайдалы қазбаларының 75 пайызы Жамбыл жерінде жатыр. Ал өндірістік өнім экспортының 30 пайызы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауыттарының үлесінде. Агрохимия бүгінгі таңда ауыл шаруашылығының алға басуына айтарлықтай серпін береді, сондықтан осы басқосу еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына септігін тигізер деген үміттемін, – деді өңір басшысы.
Алғашқы күні форум спикерлері аграршылар үшін өзекті саналатын егін шаруашылығындағы субсидия, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламаларының жай-күйі, сондай-ақ ауыл шаруашылығын көтерудегі фосфогипстің тиімділігі, Қазақстанның қазіргі таңдағы агрохимия саласының аяқ алысы, минералды тыңайтқыштар төңірегіндегі сервистің әлеуеті, дәнді және техникалық дақылдарды өсірудегі инновациялық технологиялар тақырыптарында пікір алмасты.


– Негізгі мақсатымыз – ауыл шаруашылығында, әсіресе жермен айналысатын шаруалар мен кәсіпкерлерге жердің құнарлылығын арттыру жөнінен көмек беру. Жалпы біздің елде де жердің құнарлылығының төмендеп кеткені құпия емес. «Мұндайда не істеу керек?» деген сұраққа жалғыз емес, осындай жиындарда көпшілік болып жауап іздеген дұрыс. Әрине біз тыңайтқыш өндірушілер кәсіпкерлерге көмектесуге әрқашан дайынбыз. Ғалымдар да өз тарапынан мұндай кезде не істеу керек екенін айтып жатыр. Жасыратыны жоқ, қазақстандық диқандардың өнімділік деңгейі көңілден шығатындай емес. Қазақстанның тыңайтқыш тұтынуы шамамен жылына 2,5 миллион тонна. Соның 400 мың тоннасы фосфорлы тыңайтқыштар, – дейді форумға модераторлық еткен «Қазфосфат» ЖШС бас директоры М.Ескендіров.
Қазақстан Еңбек Ерінің отандық диқандардың тыңайтқыш тұтыну жөніндегі белсенділігінің төмендігі жайлы уәжімен толықтай келісуге болады. Бүгінде еліміз тұтынып отырған тыңайтқышты есептейтін болсақ гектарына небәрі 5 тонна ғана екен. Ал көрші Қырғыз Республикасы 20 тонна пайдаланып келеді. Яғни, біз көрші елден артта қалып кеттік. Сондықтан жерді тыңайтпайынша одан мол өнім алу мүмкін емес.
Расында біздің диқандар тұқым сапасы мен жердің құнары жайлы кейінгі жылдары көп ойланбайтын болған. Сапалы тұқым сепкенімен ол өніп шығатын жердің жағдайын жасамасаң, еңбектің еш кеткені дей бер. Бізге берген сұхбатында М.Ескендіров форумда министрлік өкілдерінің шара қолданып жатырмыз, тиісті шаруа қолға алынуда деген сыңайдағы баяндамаларына көңілі толмайтынын білдіргендей болды. Себебі ол шаралар қолданылғанымен қозғалыс өте баяу.
Қалай десек те форумда көп мәселе сөз болды. Азық-түлік қауіпсіздігіне мүдделі аграршылар мен агрохимиктердің, инвестор, кәсіпкерлердің ортаға салған ойларынан бір қорытынды шығар деген үміттеміз.

Жасұлан Сейілханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.