Қоғам

Таразда «Даңқ» залы ашылды (Фоторепортаж)

Written by Aray2005

Тараз қаласындағы Жеңіс саябағындағы «Данқ» залы ашылды. Нысанның құрылысы саябақтың өткен жылы басталған жаңғырту жұмыстарының жалғасы есебінде жүрген болатын. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын зал екі қабаттан тұрады. Құрылысты мердігер «Жасыл ел Тараз» ЖШС жүргізген. Жоба құны – 546 миллион 769 мың теңгені құрайды.
«Данқ» залының бірінші қабаты Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Онда 1000 шаршы метрге барлығы 1 миллион 500 мыңнан астам фото шежірелер топтастырылған. Залдың бірінші бөлігінде орналасқан 1941, 1942, 1943, 1944-45 жылдарға арналған қабырғалардағы суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерін еріксіз көз алдына алып келеді. Атап айтсақ, 1941-жылға арналған қабырғада «Барбороса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқасының, генераль-майор И.Панфиловтың, «Отан ана», Б.Момышұлының, Н.Белошевтің және басқа да барлығы 100-ден астам фотосуреттер мен 200-ден аса құжаттар қойылған. Ал, залдың 1942-жылға негізделген қабырғасы «Ленинград блокадасына» арналған. Онда жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың суреті, ақынның «Ленинградтық өреңім» атты отты өлеңі және өзге де дүниелер орын алған. 1943-жылға арналған қабырғада Сталинград, Курск шайқастарына арналған үлкен фотолар жинағы орналасқан. Сол секілді 1944-45 жылдарға арналған қабырғада Қызыл Әскердің Европаны азат етуін бейнелейтін фотолар жинағы берілген. Сондай-ақ, залда «Рейхстагқа ту тігу» барельефі қойылып, тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін, 1945 жылғы 24 маусымдағы Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруі және Жеңістің 70 жылдығына арналған Астана қаласында өткен салтанатты шараның суреттері де көрініс тапқан. Жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалі де залдан орын алған.
Нысанның екінші қабатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Орталықта Б.Момышұлының балалық шағынан кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін музей және көркемсурет бұрышы құрылған. Онда негізінен майдангер-қаламгердің шығармашылық-тұлғалық болмысын айшықтауға басымдық берілген. Орталық ішінде Баукеңнің шығармашылығына арналған кітапханалық бұрыш пен жиын өткізуге арналған конференция залы жасақталған. Сонымен қатар, деректер жинақтайтын мамандарға арналған үш қызметтік бөлме мен бір фотолаборатория қарастырылған.
«Данқ» залының лентасын қию рәсіміне даңқты Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор, Мекемтас Мырзахметұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері Тлеуқабыл Төребеков қатысты.

ПІКІР