Таразда индустриялық аймақ құрылады

0 4

Ел экономикасын еселеуге оң ықпалын тигізетін индустриялық аймақ құру бүгінгі басты талаптың бірі болып отыр. Сондықтан да облыс әкімінің төрағалығымен өткен кезекті жиында облыс аумағында индустриялық аймақ құру мәселесі кеңінен талқыланды.

Аппараттық кеңесті бастаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:
– Кәсіпкерлік саласын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, импорт көлемін азайту, отандық тауарларды шетелдік нарыққа шығару еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартатындықтан да баса көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл жобаның іске асырылуы облыс экономикасына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Әуелі индустриялық аймақтардың жері мен оған қажетті инфрақұрылымдарды тартуды ұйымдастыру, инвесторларға қолайлы жағдай жасауымыз керек, – деп «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нұрғали Көрпетаевқа сөз берді.

Нұрғали Жақсылықұлының айтуынша, облыста индустриялық аймақты құру үшін Тараз қаласы ыңғайлы болып отыр екен. Себебі көне шаһарда өнеркәсіптік өндіріс қарқынды дамуда, сондай-ақ білім беру ошақтарының негізі осында орналасқан. Және жоғары білімді жұмыс күші, мамандар жеткілікті, негізгі коммуникациялар мен қуат күштері де Таразда қолжетімді. Шекаралас аудандардың жерін қолданып, индустриялық аймақты кеңейту мүмкіндігі бар.
– Қаланың негізгі өндіріс ошақтары орналасқан жерде индустриялық аймақ үшін 204,7 гектар жерді қол­да­ну­ға болады. Бірінші кезекте 51 гектар және 54 гектар жер учаскелерін игеру жос­пар­лануда. Сонымен қатар Талас ауданындағы «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауытының маңындағы 54 гектар болатын жер учаскелерін Басқарушы компанияға беру көзделуде. Себебі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамының қаржыландыруы арқылы натрий цианидін шығару зауытының екінші кезеңін салуды жоспарлап отыр.
Алайда қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша мәселе туындады. Алдын ала есептеулер бойынша инфрақұрылымды салу үшін 1,161 миллиард теңге қажет және инвестордың өзі ірі кәсіпкерлік субъектісі болғандықтан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылмайды.
Осы мәселені шешу мақсатында инвестордың жеке меншігіндегі жер учаскесін мемлекетке, кейіннен «Тараз» индустриялық аймағы үшін Басқарушы компанияға беру ұсынылады.
Басқарушы компания «Тараз» индустриялық аймағы үшін инженер­лік-көліктік инфрақұрылым құрылысы­ның техникалық-экономика­лық негізде­месін әзірлеу шеңберін­де субаймақ үшін жетіспейтін инфрақұры­лым­ды қамтиды.
Әзірленген техникалық-экономи­ка­лық негіздемеге сәйкес, «Тараз» индустриялық аймағы үшін инфрақұры­лым құрылысын республикалық бюджеттен қаржыландыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметімен жұмыс жүргізілетін болады. Өз кезегінде Инвестор жер учаскесін және қажетті инфрақұрылымды ала отырып, «Тараз» индустриялық аймағының қатысушысы ретінде өз жобасын іске асыра алады.
Инвестициялық жобалар бойынша айтатын болсақ, қызмет түрлері бойынша шектеулер қойылмайды және шағын индустриялық аймақ ашуға да мүмкіндік бар. Қазіргі таңда ұсынылып отырған, жалпы құны 31,8 миллиард теңгені құрайтын, 800-ден кем емес жаңа жұмыс орындарын ашатын 13 жоба бар, – дейді Нұрғали Көрпетаев.
Индустриялық аймақты құру кезеңдерінде қала әкімдігінің қаулысына сәйкес 169 гектар жер бөлініп, Басқарушы компанияны қамтуға жергілікті бюджеттен ағымдағы шығындарға 15 миллион теңге қаржы бөлінген. Және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге жергілікті бюджеттен 25 миллион теңге қарастырылған. Қатысушыларды анықтау және олармен келісімшарт жасасу мамыр айына жоспарланыпты.
Әлеуетті инвесторлардың индустриялық аймақтың қатысушысы болуы үшін Басқарушы компанияға құжаттарын тапсыруы қажет, ары қарай жоба өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына шығарылады және мақұлданады. Өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдағаннан кейін инвестор Басқарушы компаниямен қызметті жүзеге асыру туралы және жер учаскесін әлеуетті инвесторға қосалқы жалға беру туралы шарт жасасады.
Жоспарланған жұмыстар жүйелі жүзеге асса, индустриялық аймақ құру облысымыздың экономикасына оң нәтиже әкелмек. Тараздан индустриялық аймақ құру арқылы өнеркәсіп өнімін 15-18 пайызға арттырып, 80-120 миллиард теңге көлемінде жеке инвестициялар тарту, 1 800-ге дейін жұмыс орындарын ашу, жылына 10-12 миллиард теңгеге салық салу базасын ұлғайту, бюджеттің 1 теңгесіне 4,8-ден 7 теңгеге дейін жеке инвестициялар тарту көзделуде.
Айта кетейік, мемлекет аумағында жалпы 30 индустриялық аймақ бар. Оның ішінде 22-сі өңірлік, 8-і республикалық маңызы бар аймақ.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.