Жамбыл жаңалықтары

Таразда мектеп-лицей мен медициналық колледж ашылады

Written by Aray2005

Ағымдағы жылы облыс орталығында «Келешек Тараз» ғылыми-зияткерлік мектеп-гимназиясын және «Ару-Ана» медициналық колледжін ашу көзделуде. Білім беру жобалары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бұрынғы «Әулие-Ата» Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті базасында іске асады деп күтілуде.

Өткен сенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 2014 жылы өз қызметін тоқтатқан аталған жоғарғы оқу орнының ғимараттарына барды. Содан бері материалдық-техникалық базамен қамтылған, жалпы ауданы 18 мың шаршы метрден асатын үш корпустың жұмысы тоқтап тұр. Меншік иесі мұнда 1200 орындық мектеп-гимназия мен орта буындағы медициналық қызметкерлер дайындайтын колледж құруға 700 миллион теңгеден астам қаражат салуды жоспарлап отыр.
Облыс әкімі аталған жобаларды мақұлдап, өңірде жоғары сапалы білім беретін жаңа оқу орындарын құрудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев бұрынғы «Тараз» қонақүйінің ескі ғимаратында орналасқан Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Студенттер үйінде» де болды. Өткен жылы қонақүй ғимараты жөнделіп, 500 орындық студенттік жатақхана болып қайта жабдықталған. Жатақханада коворкинг-орталық, мәжіліс және электронды оқыту залдары, бейне студия, кинозал және асхана, сонымен қатар басқа қалалардан келген студенттердің жайлы орналасыуына арналған бөлмелер бар.
Бұдан соң өңір басшысы Тараз қаласын абаттандыру және жаңа әлеуметтік, инновациялық нысандардың құрылысы бойынша алдағы уақытта жүзеге асатын баянды жобалармен танысты.
Бұл күні Бердібек Сапарбаев «Айша-бибі» шекаралық бекетінде болып, кедендік және шекаралық қызметтердің, сондай-ақ Қырғызстаннан келген азаматтарды тексерумен айналысатын медицина мамандарының қызметімен танысты. Өткен тәулікте бұл бекет арқылы 124 адам өтсе, оның ішінде дене қызуы бар немесе 1А, 1Б, 2 және 3 санаттағы елдерден келушілер тіркелмеген.
Облыс әкімі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және денсаулықты сақтау бойынша қойылып отырған міндеттерді сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтіп, салалық басқармалар мен Жамбыл ауданының әкімдігіне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР