"Шамшырақ"

Таразда Омар Жәлелұлының семинар-тренингі өтеді

Written by Aray2005

Әдетте біз «Әке — асқар тау, шеше — ағып жатқан бұлақ, бала — жағасында өскен құрақ» деп мақалдап жатамыз. Бірақ көбіміз бұл қанатты сөздің мәнісін ақылмен ойлап білгенмен, тереңіне бойлай бермейміз. Жүрек көзіміз ашылып, ынталы жүрекпен сезер болсақ, телегей-теңіз мағынаға душар боламыз. Әрбір сөздің жілігін шағып, майын тамызып сөйлейтін дана халқымыз әкені тектен текке асқар тауға теңеп отырған жоқ. Шыр етіп жарық дүниеге келген сәби үшін әке шынында да асқар таудай қорған, пана; расымен де бала үшін әке асқар таудай биік туған халқымыздың парасат биігінің өлшемі. «Тауда өскен бала тауға қарап өседі» дегендей, ұл бала әкесіне қарап өседі. «Қарап» деген сөз бұл жерде — тану, таным деген мағынаға ие. Егер әке тұлға ретінде қалыптасып үлгермесе, әке болуға дайын болмаса, бала ондай әкенің несін таниды? Ондай жадағай әкенің қай биігін меңгермек?
Ал шеше — ағып жатқан бұлақ — ұл бала болсын, қыз бала болсын — махаббат пен мейірімді, аяушылық пен рахымды, обал мен сауап сезімін- шешеден алады. Бала әкеге қарап бой түзеп, бүкіл өміріне қажет сезім бұлағын шешеден алады. Десек те, Құдай Тағаланың хикметі — бізді қос жынысты — еркек — ұрғашы қылып жаратқан. Ұл бала — әкеге қарап(танып) өссе, қыз бала — шешеге қарап(танып) өседі. Солай болғандықтан да, жыныстық идеал ретінде әке мен шешеге артылатын жүктің салмағы ауыр. Әке мен шеше өзін өзі тәрбиелемейінше, өздері тұлға, таным идеалына айналмайынша «баланы тәрбиелеймін» дегені бос әурешілік екенін ұғатын кез жетті. Сондықтан осы өзекті мәселелер жөнінде сұхбат құрып, пікір алмасатын семинар-тренингтен қапы қалмаңыздар, Ағайын!

Омар Жәлелұлы

ПІКІР