Қоғам

Таразда теміржолшылар музейі ашылды

sdr
Written by Aray2005

Осыдан бірнеше жыл бұрын бастамасы көтеріліп, жан-жақты идеялармен жандана түскен музей ашу ісін көпшілік жамбылдық теміржолшылар қолдаған еді. Жамбыл Жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Берік Ақшаловтың бас болып, қолдау білдіруінің арқасында музейді жасақтау, жабдықтау жұмыстары жүйеленіп, жақында жаңа музей көпшілікке есігін айқара ашты.

Жамбыл жол бөлімшесінің музейі ашылған бұл датаны тарихи күн десек те артықтық етпес. Өйткені бұған дейін мұндай музей Жамбылда болмаған екен. Ашылу салтанатының алғашқы сөз тізгінін алған Жамбыл Жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов бұл күн барша жамбылдық теміржолшылар үшін үлкен мереке екенін айтып өтті.
– Біз бүгін бөлімшедегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағымбек Ақшалов пен бөлімше кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұман Сәменовтің бастамасымен, осы кісілердің ұйытқы болуымен қолға алынған тірліктің жемісін көріп отырмыз. Бұл ретте музейдің ашылу салтанатына дейін атқарылған көл-көсір еңбек үшін осы істің бел ортасында, басы-қасында жүрген азаматтарға шексіз алғысымды білдіремін. Музей ішіндегі мәжіліс залының реконструкциялық жұмыстарына да көп күш, материал жұмсалды. Ал музей жәдігерлері де оңайшылықпен жинала қоймады. Біз мұнда теміржолға қатысты барлық мамандықты, оның атқарған жұмысын көрсетуге, қамтуға барынша тырыстық. Көне де құнды дүниелерді таптық. Ұлы Отан соғысына қатысқан теміржолшылардың да майдандағы ерліктерін көрсетуге, ұмыт қалдырмауға күш салдық, – деді Б.Ақшалов.
Музей сыртында өткен салтанатты жиыннан соң арнайы лента қиылып, қонақтар мен теміржолшылар жәдігерлерді тамашалады.
Жалпы, музейге кіргеннен қос қапталдап нағыз теміржолдың заттары, құнды дүниелері мен фотосуреттері, құжаттары орналастырылса, төр жағында жамбылдық құрметті теміржолшылар мен өңірдің басшылығында болған азаматтардың фотосуреттері ілініпті. Ал түпкі төрде, жарықпен безендірілген Қазақстан теміржолының картасы қойылған. Бір сөзбен айтқанда мұндағы құрал-сайман, өндірістік материал, фотосурет, аппарат, төсбелгі, ту түріндегі жәдігерлердің бәрі сонау Түрксіб кезеңінен осы күнге дейінгі өңірлік теміржолшылар өмірінен, саланың тыныс-тіршілігінен хабар беріп тұр.
Музей ішін бүге-шігесіне дейін аралап, қызықтап көрген соң жиылған жұрт мәдени шараларға да бейімделіп қайта жарақтандырылған мәжіліс залында концерттік бағдарламаны тамашалады.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР