"Заң және біз"

Таразда тұраққа қатысты сұрақ көп

Written by Aray2005

Тараз қаласында ғимаратының не алдында, не артында арнайы көлік тұрағы жоқ мекемелер көп-ақ. Ал ауласында көлік тұрағы бар мекемелердің көбісінің күзетшілері ішке қарай сырттан келген (мекемеге тиесілі қызметтік немесе қызметкерлердің көлігінен басқа) бірде-бір көлікті өткізбейді. Кейбірі тіпті келіп тұрған тұтынушының көлігін алдырып тастап та жатады. Сонда олар не үшін, кімге қызмет етіп отыр?! Осындай немесе мүлдем көлік тұрағы жоқ мекемелерге әлдебір шаруамен бара қалған тұрғындар амал жоқ, темір тұлпарларын жол бойында қалдыруға мәжбүр.

Ғимаратының аумағынан немесе алдынан көлік тұрағын жасауды қаперге алмай отырған колледж, орта мектеп, жоғары оқу орны секілді білім ошақтарын айтпағанның өзінде, тұтынушылар жиі бас сұғатын емхана, банк, дүкен секілді әлеуметтік нысандар жетіп артылады. Бүгінде Төле би мен Байзақ батыр көшелерінің тоғысқан жерінен («Шахристан» сауда орталығына барар жолда) көлікпен өту азаптың азабы. Әсіресе кешкі сағат 18.00-ден кейін ол жерде айтарлықтай кептеліс пайда болып, жүргізушілердің ол тұстан әудем жер ұзағанынша сағаттап уақыт жоғалтуына тура келеді. Өйткені ол маңда қарапайым жұрт «Мега орталық» атап кеткен «Тараз СМАРТ» сауда орталығының құрылысы жүріп жатқандықтан, аталған көше бүгінде барынша тарыла түскен. Ал қарсы беттегі облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот пен өзге де бірқатар кәсіптік бағытта жұмыс жасап тұрған ғимараттардың алдында да көлік тұрағы мүлдем жоқ. Ол аумаққа «тоқтауға болмайды» деген жол белгісі қойылмағандықтан, жұртшылық аталған ғимараттардың алдындағы жолдың шеткі қатарына көліктерін қаздай тізіп қоюды әдетке айналдырған. Осыдан кейін бұл жағдай жол қозғалысына едәуір кедергі келтіріп, салдарынан кептеліс туындауда. Осы тектес Төле би көшесіндегі орталық стадионға қарама-қарсы орналасқан «Халық банкі», «Қазақтелеком» акцио­нер­лік қоғамының оңтүстік өңірлік телеком­муникация дирекциясының Тараз қалалық агенттігі, Абай-Пушкин көшелерінің қиылысындағы мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталық, сол маңдағы «Жанұя» емханасы, облыстық әкімдіктің артындағы №4 орта мектеп секілді көлік тұрағы жоқ мекемелерді адам айтып тауысқысыз.
Негізінен тұтынушылар қызмет алатын кез келген мекемелер тұрғын үйде орналаспай, өз алдына жеке ғимараты болса, олар мекеме алдына көлік тұрағын жасауға міндетті. Десе де олар неліктен мекеме алдына көлік тұрағын салмай, қам-қарекетсіз отыр? Осыны білу мақсатында аталған мекемелердің кейбіріне бас сұққан едік. Соның бірі – облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған аудан аралық соты. Сот ғимаратының босағасынан аттағанымыз сол еді, мекеме қызметкерлері бұл сұраққа жауап беретін маманның әзірге қолы тимейтінін айтып, шығарып салды. Одан кейінгі жағалай орналасқан ломбард, нотариустарға да арнайы қайырылып, жөн білмекке ниеттенгенімізде, олар ғимарат жеке біреудің иелігінде екенін, бұлар тек бөлмені жалға алып отырғандарын айтып құтылды. Осыдан кейін біз «мұндай берекесіздікті кім ретке келтіреді, жалпы мекеме алдына көлік тұрағын салу қажеттігін білсе де, әрекетсіз отырғандарға шара қолданыла ма?» деген сауалмен облыстық полиция департаментіне сұрау салып, Тараз қаласы әкімшілік полиция бөлімінің мемлекеттік авто инспекторы, полиция аға лейтенанты Ильхом Газиевке жолықтық.
– Жұрттың жол бойына көліктерін қалдыруы салдарынан көлік кептелісі туындап жатса, ол жерге көлік тоқтауға тиым салатын жол белгісі тек тиісті комиссия шешімімен Тараз қаласы әкімдігінің тарапынан қойылады. Мекемелер алдына көлік тұрағын салу мәселесіне негізінен Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауапты. Осы бөлімге кез келген мекеме көлік тұрағын салу қажеттілігін көрсетіп, бюджеттік өтінім немесе жер бөліп беруін сұрап хат жолдауы керек. Біз тек жол қауіпсіздігін қадағалаймыз, соның ішінде көлік тоқтауға тиым салынған аймаққа заңсыз көлігін қойып кеткен жүргізушілер болса, оларға айыппұл салумен ғана шектелеміз. Ал алдында көлік тұрағы жоқ заңды тұлғаларға немесе өзге де мемлекеттік немесе басқа да мекемелерге «мұның қалай?!» деп айтуға біздің құзырымыз жүрмейді. Десе де Пушкин көшесінің бойында орналасқан Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназия алдында бұған дейін кептеліс туындап жататын. Осыдан кейін біз Тараз қалалық әкімдігіне аталған мектептің алдынан көлік тұрағын жасау жөнінде бірнеше мәрте хат жазумен былтыр бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, бұл мәселе шешімін тапты, – дейді И.Газиев.
Осы орайда біз Төле би көшесіндегі орталық стадионға қарама-қарсы орналасқан «Халық банкі» ғимаратына тұтынушылардың көп баратынын ескеріп, ол жерде неліктен көлік тұрағы жоқ екенін сұрадық. Алайда ондағы қызметкерлер бізге Қазыбек би көшесінде орналасқан «Халық Банкі» акционерлік қоғамының облыстық филиалына баруға жол сілтеді. Онда бізді филиал директоры Нұрлыбек Сейдахметов қарсы алып, нақ осы мәселемен айналысып жатқандарына бір жылдың жүзі болғанын айтты.
– Негізі біз ғимараттың қоршау ішіне ғана жауап береміз. Ал аула сыртындағы жер Тараз қаласы әкімдігіне тиесілі. Әйтсе де былтыр осы қызметке тағайындалғаннан кейін банктің аталған ғимаратының алдына тұтынушылар үшін бір көлік тұрағының керек екенін ескеріп, қалалық әкімдіктің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет және қала құрылысы секілді бірқатар тиісті бөлімдеріне көлік тұрағын салу үшін мекеме алдынан жер беруін сұрап хат жолдадық. Қазір көлік тұрағы салынуы тиіс жолдың бойына топонимикалық түсірілім жасау үшін 100 мың теңгеге жуық қаржы бөліп, тиісті мекеменің шотына аудардық. Енді қаланың құрылысын, сәулетін қадағалайтын арнайы комиссияның алдында көлік тұрағының қажеттілігін сәтті қорғап шықсақ, жер беріледі. Сол сәтте арнайы қаржы бөліп, алдағы жарты-жылдықта көлік тұрағын жасау ісіне жедел кіріскелі отырмыз, – дейді Нұрлыбек Ержігітұлы.
Жалпы, қала көшелерінде көлік кептелісінің туындауына жол бойына жақын орналасқан мекемелерде көлік тұрағының болмауы себепкер боп жатқаны анық. Сөйте тұра, былтыр Тараз қаласы бойынша Т.Рысқұлов көшесінің бойында орналасқан сот ғимаратының, Пушкин көшесінің бойындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның, Ленин көшесінің бойындағы уақытша ұстау изоляторының алды секілді бар-жоғы үш мекемеге ғана көлік тұрағы орнатылыпты. Тараз қалалық әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жол секторының меңгерушісі Дамир Айманов жол бойына жақын орналасқан мекемелердің ішіндегілері бюджеттен қаржыландырылатын болса, оны арнайы комиссия көлік тұрағын салу қажет деп мақұлдағаннан кейін, көлік тұрағы ағымды жөндеу есебінен жасалатынын айтады. Кейбір мекеме алдынан жақын арада газ құбыры, электр желісі өтетін болса, ол кейінге қалдырылады екен. Жол мен мекеме алдында тал өсіп тұрса, талдарды қырқу, қырықпау секілді шешімдер де арнайы комиссияның құзырында. Бюджет қаржысына қатысы жоқ мекемелер алдынан көлік тұрағын салу бойынша да қойылатын талаптар осы тектес. Бұл жерде айырмашылық көлік тұрағын салуға кететін шығындарды бюджеттік емес мекемелер өздері төлейді.

Қорыта айтқанда, ғимарат алдынан көлік тұрағын салуға құлшынып, алайда оларға жер бөліп беру мәселесі кешеуілдеп жатса, онда ол жерде не тал өсіп тұр немесе басқа да кедергілер бар деген сөз. Ал «көлік тұрағын салуға ешқандай кедергі жоқ» деген мемлекеттік мекеме алдынан автотұрақ салу мүмкін болмай жатса, ол бюджеттен қаржы қарастырылмаудың салдары. Сол себепті жүргізушілерге әліптің артын бағып, «сабыр» деуден басқа амал қалмай тұр.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР